Ахметовтің ескертуінен кейін Шығыста шенеунік қамауға алынды

Dalanews 17 сәу. 2020 18:17 156

Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы пара алды деген күдікпен қамауға алынды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Тергеушілер шенеунік карантин кезінде қалада жүріп-тұруға мүмкіндік беретін рұқсат қағазын саудалаған деп пайымдап отыр. Мұны ШҚО-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқармасы мәлім етті.


"Өкінішке орай бұл салада заңбұзушылыққа жол берілді. Семей қаласы Кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы ұсталды. Ол қалада кедергісіз қатынауға мүмкіндік беретін 5 бірдей рұқсат қағазын 25 мың теңгеге сатқан", – деп хабарлады ведомство өкілі.




Пара алды айыпталған шенеунік кінәсін мойындады, тергеу амалдары басталды.




Еске сала кетелік бұдан бұрын ШҚО әкімі Даниал Ахметов рұқсат қағаздарын алуда заңсыздыққа жол берілгенін айтқан.


"Рұқсат қағаздарын алған кейбір кәсіпкерлер оны мақсатсыз пайдаланып жүр. Тіпті, кей рұқсат қағаздардың сатылғаны туралы нақты ақпарат бар”, – деген еді облыс әкімі.  Ахметов осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті тексеру жүргізуде екенін хабарлаған.

“Олар рұқсат қағаздарын беруде қызметін асыра пайдаланған мемлекеттік қызметшілердің заңсыз іс-әрекеттерінің жолын кесіп, тиісті шараларды қабылдайды”, – дейді әкім.

Айта кетелік ШҚО коронавирус тіркелген өңірлер арасында ең төменгі көрсеткішке ие аймақтың бірі. Облыста қауіпті инфекция жұқтырған 8 адам анықталған.



Бүгіннен бастап ШҚО аумағында облыстық жедел штабтың шешімі бойынша карантин режимі енгізіледі. Елдегі ТЖ кезеңі аяқталғанға дейін облысқа кіру және шығу шектеледі.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x