Депутат Әлімжанов түнде той басқарады екен

Dalanews 31 қаң. 2020 04:00 258

«Еуразия» арнасындағы Мақсат Толықбайдың «Басты бағдарлама» хабарында Мәжіліс депутаты, әнші, асаба Нұрлан Әлімжанмен арада болған сұхбаттың монтаждалған ең тартымды тұстары бүгінде әлеуметтік желіні шарлап жүр.

Қолға қалам алуға сол Нұрекеңнің үздік репликалары себепші болғанын жасырмаймыз (сонымен қатар көкейде жүрген біраз ойға да қозғау салды). Ұмытпай тұрғанда бірден айтайық, ертеңгі күні әртіс депутат «сұхбатымның әр жерін үзіп алып, айтар ойымды бұрып әкетіпті» деп ақталмай-ақ қойсын. Бәрі түсінікті, анық.

 Үлкен сұхбаттың екі-үш минутқа сыйғызған тартымды тұстарын тыңдағанымызда, біздің заң шығарушы органның қаншалықты деградацияға түскенін байқадық.

Сұхбатқа оралсақ, Нұрлан Әлімжанға журналист «айлығыңыз қанша» деп нақты сұрақ қояды. Өз кезегінде әртіс депутат кібіртіктеп, бұл сұраққа қинала-қинала жауап берген екен.

Сондағы Нұрекеңнің жауабы: «500 мың теңгенің ар жақ, бер жағы» деді.


Дәл қазіргі жағдайда 500 мың теңге білікті маманның түсіне кірмейтін айлық қой, әкем. Бірақ әртіс депутаттың әңгіме ауанынан 500 теңгені азырқанып  отырғанын сезгендей болдық (немесе айлығы жайында әңгіме қозғағаннан ұялды-ау дейміз).

Иә, сахнада ән салып, кешке бір той-томалақ басқарып, бірнеше мың долларды бірер сағатта қалтаға басып жүрген әртіс үшін бұл түк емес екенін түсінеміз.

Шындығында, 500 мың теңге Нұрлан Әлімжанның елорданың суығында ертемен тұрып, жаурап, ұйқысын бұзып жұмысқа баруына тұрмайтын ақша ғой. Өйткені әртістер 500 мың теңгені бір тойда әдемі әнін айтып-ақ табатынын қазір бес жасар бала да біледі.

Сол себепті Нұрлан Әлімжан бұл жұмыстың айлығына қызығып депутат болды дегенге өз басымыз сенбейміз. Алайда...

Кез келген жұмыстың айлығы адамға мотивация беретін негізгі фактор. Бірақ біздің халық қалаулыларының арасынан «депутаттық мандаттың айлығына қызығып депутат болдым» деп әңгіме айтқан депутат естісек құлағымыз керең болсын. Бірақ жұрттың бәрі депутат болуға құмар.

Әдетте депутаттар «елдің мүддесін көздеп депутат болуға бел шештім», «жоғарыдағы үлкен кісілерден ұсыныс түскен соң, он рет ойланып, тоғыз рет толғанып шешім қабылдадым» деген тізесі шыққан әңгімені айтып жатады ғой.

Демек, адам баласы депутаттық мандаттың айлығына қызығып, бұл жұмысқа ұмтылмайтыны анық. Депутат болу үшін бір деңгейге... жетіп, танымал болуың керек. Содан кейін ғана қос шатырлы Парламентке қарай жол ашылады.   


Депутаттың айлығы олар үшін «мизер» болуы мүмкін.

Депутаттың айлығына қызықса, қарапайым халық қызығар. Соны сөз қылады, айлығын алға тартып, жұмысына баға берген болады. Қызық.

Біздің бір байқағанымыз, депутаттар, әкімдер, министрлер қызметтің айлығына қызықпайды.

Олар «қызметтің айлығына қызықтым» деп ашылып әңгіме айтқан емес.

Керек десеңіз, бір күнде ғайыптан тайып «депутаттар ақысыз-пұлсыз халық мүддесі үшін жұмыс істесін» деген жарлық шықса, халық қалаулылары Парламентті тастап бет-бетімен босып кетпейді. Бәрі былғары портфелін арқалап, дым болмағандай жұмысқа келетініне сенімдіміз.

Сол кезде «ойбай, ақысыз-пұлсыз жұмыс істеуге көнген қандай азаматтар» деп еңіреп жылап жіберуіңіз мүмкін.

Бірақ ел үшін жалақысыз жұмыс істеуге дайын депутаттар аналар еңіреп, шетелден көлік тасыған жұрт ұлардай шулағанда бір депутаттық сауал жолдай алмағаны еске түскенде, көзіңіздің жасын жеңіңізбен сүртіп, түпсіз терең ойға шомып кетер едіңіз...

Иә, депутат деген қызметтің жалына жармасқан жандарды түсініп болмайсың. Бәрі бір тип, айтатын әңгімелері де бір. Бір сөзбен айтсақ, айлығы жақсы болғанымен, қызықсыз қызмет. Оны әртіс депутат Нұрлан Әлімжанның әңгімесінен аңғаруға болады.

Қызықсыз болғандықтан шығар, Нұрекең депутаттық қызметпен қатар әншілік, тамадалық кәсібімді қатар алып жүремін деп ашып айтты.

Иә, үлкен залға күнұзақ қамалып отырғанша, той тойлап, ән айтып, би билеп мәз-мейрам болып жүргенге не жетсін. Әртіс депутаттың бұл ойын қалай қолдамайсың.  


Өткенде блогерлерге сұхбат берген өнер иесі Бауыржан Ибрагимов: «Кезінде депутат болу жайында ұсыныс түсті. Әрекеттеніп көрдім. Бірақ сайлау аяқталғаннан кейін бір үлкен кісіге ақсақалдар айтқан соң жол бердім. Жалпы, депутаттық қызмет үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс қой» деп депутат болуды өте қиын іс ретінде сипаттаған болатын.

Ал Баукеңнің әріптес інісі Нұрлан Әлімжан депутат бола жүріп, әншілік, асабалық кәсібін қатар алып жүретінін айтқанда, депутаттық қызмет анау айтқандай қиын шаруа емес шығар деп тағы да қалың ойдың құшағына қойып кетесің.

Түнімен той басқарып, ән салған адам күндіз халықтың тағдырын шешетін заң жобалары талқыға түскенде қандай күйде отырады екен, ә?..

Жарайды, Нұрлан Әлімжанов бойынан қуаты қайтпаған жас жігіт қой, мұндай «жанкешті» жұмысқа шыдар. Өзі айтқандай, «басынан түтін шықса да» бір амал табар. Оған несіне басымызды қатырамыз.

Бірақ Нұрекеңнің мына әңгімесін естіген соң бірнеше жұмысты қатар алып жүрген «еңбекқор» әнші-әртістер таныстарын жағалап, алдағы сайлауда депутат болуға ұмтылмасын.

Осыдан 7-8 жыл бұрын әншілердің бәрі танымал болу үшін телеарнада хабар жүргізіп, телеарна журналистерінің нанына таласып еді. Айтпақшы, атағы жер жарған әртіс, әнші, комиктеріміз журналистердің ғана емес, кәсіби кино режиссерлердің де нәпақасына ортақтасып, кино саласын толықтай болмаса да 70 пайызын жаулап алғаны жасырын емес.

Алдағы біраз жылда Нұрлан Қоянбаев «Қазақфильмді» тізгіндеп, «Бизнес по казахский 10» деген фильмін түсіріп жатса, өз басымыз таңғалмас едік.  


Өз басымыз әнші, әртістерді халық таниды екен деп тесік-қуысқа тықпалай берудің жөні жоқ деп санаймыз. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, саяси популизмнің батпағына белшеден бата беретініміз анық.

Айтпақшы, әлеуметтік желіні кезіп жүрген Нұрлан Әлімжанның сұхбатын тыңдаған бір оқырман көңілге қонымды ой айтыпты. Оқырман Нұрлан Әлімжанның өзі мемлекеттік қызметкер бола тұра (депутат қой) тойға шығып, асаба болып кәсіпкерлікпен айналысып жүргені заңға томпақ келетінін алға тартыпты.

Расында да, той басқарып, елден ақша алсаң бұл кәсіпкерлік емес пе? Бізде лауазымды қызметкерлердің кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салынған. Мұны Нұрекеңнің білмеуі мүмкін емес.

Депутаттың заңға бойсұнбағаны қалай болар екен?

Нұрлан ЖҰМАХАН




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x