Мейрамбек Беспаев: "Балиеваның баласы біз арқылы ақша тауып жүр"

Dalanews 21 қаң. 2020 09:10 269

Зияткерлік меншік құқығын қорғайтын бірлестіктің басшысы болып тағайындалған Мейрамбек Беспаев пен депутат Зағипа Балиева арасында жанжал туды, деп хабарлайды Atamekentv.




"Авторлардың құқығын қорғауға көшкен Мейрамбек Беспаев авторитетті тұлғалармен күресуді жөн көрген секілді.

Күні кеше лауазымды қызметке тағайындалған Мейрамбек Беспаев бұрынғы басшының таныстары жан-жақтан қысым көрсетіп жатқанын желіде жазды.


3 млн оқырманы бар әншінің жазбасы қызу талқыға түсіп, елді елең еткізді. Себебі әнші халық қалаулысы өзіне қоқан-лоқы көрсетті деп айыптап отыр. Оның айтуынша, депутат құзырлы орындарға телефон шалып, ұйымның өзге де мүшелеріне қысым көрсеткен.

Өз кезегінде халық қалаулысы шығармашылық одаққа еш қатысы жоқ екенін айтып, өзіне жала жабылғанын мәлімдеді. Депутатпен жүздескенімізде мұны өзіне тағылған жала деп, бірақ ресми түрде сұқбат беруден бас тартты. Ал Мейрамбек Беспаев телефонымызға ауызша жазба жазып жіберіпті", - дейді телеарна тілшісі.

Мейрамбек Беспаев:
- Мен, негізі мәдениетті түрде сөйлесіп, мәселені жаймен шешуге тырысқанмын. Бірақ ол: "Вы, кто такие" деп анау-мынау деген сипатта неше түрлі әңгіме айтты.

Адам құрлы көрмей, малға ұқсатты. 11 жыл бойына келіп бір амандасуға жарамаған, біз арқылы ақша тауып жүрген адамнан қайбір жақсылық күтуге болады. Сондықтан да ашуланып, ол жазбаны желіде жарияладым. Қолдау білдіріп отырған артымда халқым бар. Егер сотқа беретін болса, мен одан сайын шулатамын.

Зағипа Балиева өзінің де, баласының да бұл одаққа еш қатысы жоқ, сондықтан бұл жала деп отыр. Депутаттың ұлы да елге танымал әншіні танымайтынын, онымен мүлде сөйлеспегенін айтты.

Данияр Балиев:
- Біріншіден, мен оны мүлде танымаймын, ешқашан онымен кездесіп, сөйлескен емеспін. Бүгінгі жағдайдан соң онымен сөйлесіп көруге тырыстым. Жазба жайлы сұрақтарым болдым. Бірақ күні бойы телефонына хабарласып, оны ала алмай отырмын.

"Екі күн бұрын 10 жыл бұрын құрылған Зияткерлік меншік құқығын қорғайтын бірлестікте әншілер жарытып қаламақы алмағандарын айтып, шу шығарған.

"Бар ақшаны қалтасына басқан" деп бірлестіктің бұрынғы басшысын орнынан алып тастап, жаңа жетекшіні сайлаған еді олар. Барлық заңдылық сақталып, жаңа директордың жұмысына кірісуі туралы бұйрық та шығарылып қойыпты. Алайда бұрынғы басшы орнын оңайшылықпен беретін түрі көрінбейді", - дейді телеарна тілшісі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x