Ректор дегендер патшаға айналған

Dalanews 23 там. 2019 09:03 279

"Нұротанның" кеңейтілген жиынында экс-Президент Назарбаев ұлттық және мемлекеттік университет ректорлары туралы дұрыс айтты, деп жазады желіде Қуандық Шамахайұлы.

Ұлттық университеттерді ректорлар былыққа батырды.

– Негізі, олардың бәрін бұрын өзі тағайындаған еді ғой. Бірақ, соған қарамастан айтқан сыны да, сөгісі де өте орынды. Жұрттың бәрі "екі сиырды" жырлай бермей, ректорлар мәселесіне де назар аударғандары жөн.

Себебі, шынымен де мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отырған ұлттық университеттерді алды он, соңы жиырма жыл басқарып отырған ректорлар былыққа батырды. Назарбаев айтса айтқандай.


Олар маңайына сапалы білім беретін профессорлардан гөрі ақша жасауға шебер, пысықай коммерсанттарды жинап алып, жағымпаздықтың туын көтеріп сыбайлас жемқорлықтың көрігін қыздырып отыр, – дейді ол.

Ректор өз жерлестері мен ақша жасайтын сыбайластарын ғана маңайына жинайды.


– Ректор дегендер қазір қаптаған оққағарлары бар, есігін аңдыған бірнеше көмекшілері бар білім беретіндерден гөрі күшеніп түк бітірмейтін абажадай аппараты бар, сұмдық кірпияз патшаға айналған.

Бюрократтықтары сұмдық. Ғылыми кеңесті қол астындағы құл-құтанға айналдырып жіберген. Коммерциялық бөлімдердің оқу ақысын миллионға апарып тіреп қойған. Бірақ, беріп жатқан білімінің сапасы сын көтермейді.

Біздің ұлттық университеттердің дипломдары әлем елдерінің ешбірінде мойындалмайды. Себебі, берген білімдерінің практикада өзін ақтамайтындығын бәрі біледі. Оқытушыларды конкурс арқылы қабылдаймыз дейді. Онысы өтірік.

Ректор өз жерлестері мен ақша жасайтын сыбайластарын ғана маңайына топтастырады. Оқу процесіне бақылау жасалмайды.

Соның салдарынан жас ғалымдар, білікті мамандар шетелге кетіп жатыр.

Дайындап жатқан "өнімдері" - бакалавриат – полуфабрикат, магистратура – халтура, докторантура – далбаса! – деп қосты ол тағы.


"Қысқасы, Назарбаев айтқандай ұлттық және мемлекеттік университеттердің барлық ректорларын жаңа оқу жылы басталмай тұрып, лауазымдарынан босату керек", деп тоқтады сарапшы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x