Азаматхан Әміртай: "Мемлекет халықтың обалына қалмауы керек"

Dalanews 14 қыр. 2018 09:26 270

Көптеген сарапшылар Қазақстан экономикасының Ресейге тым байланып қалғанын алға тартады. Себебі АҚШ және Еуродақтың салып жатқан түрлі саяси, экономикалық санкциялары Ресейдің күйзелуіне әкелді.

Әлбетте, санкция сол елдің қаржы саласының ақсауына да түрткі болуда. Яғни, рубль әлсіреді. Ал оның салқыны теңгеге де тиюде дейді сарапшылар.

Сондай-ақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда «соғысы», мұнай бағасының бір көтеріліп, бір түсуі сияқты факторлар теңгенің құлдырауының бір себебі дегенді айтады.


Осы мәселе жөнінде белгілі кәсіпкер, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай мынадай ой айтады:

– Құрметті Азаматхан мырза! Қазір теңге құлап, доллар бағамы қатты өсіп барады. Мұның негізгі себебі не, қалай ойлайсыз, не айтасыз бұған?

– Біз мынаны түсінуіміз керек: Ресейге қарсы санкциялар қойылады деген сөздің айтылғаны сол еді, доллар бағамы көтеріліп кетті. Бұл нақты бір экономикалық жағдайдан болып отыр ма, әлде бір үрейден ғана пайда болған импульс па?

Әрине, бұл үрейден пайда болған импульс. Бірақ доллардың көтерілгені біреуге үрей болса, енді біреулерге пайда әкелуі мүмкін. Мысалы, валюта саудагерлеріне доллар өскені мықты пайда әкеледі.

Ал валюта саудагерлері деген кім? Бұл біріншіден, банк қожайындары, олигархтар және тағы басқалар. Олар теңгеге төмен курспен доллар алып, доллар қымбаттағанда қайта өткізу арқылы пайдаға кенеледі.


Мұны математикалық түрде оңай түсінуге болады. Сондықтан, жағдайды мемлекет тарапынан түсіндіретін Ұлттық банк қазіргі жағдайды әлсіздік деп көрсетуде. Нақты бақылауға алмай отыр. Байқасаңыз, доллар 319-дан бірден 365-ке дейін көтерілді. Одан кейін 355-ке қайта түсті. Сосын 372-ге батып, қайта түсті, 380-ге барып тағы түсті.
Ақыры 387-ге дейін өсіп, сосын тағы түсті… Себебі не? Өйткені Ұлттық банк доллар бағамын бақыламай отыр. Қауқарсыз деп айта алмаймын, бақылай алмай отыр.

Бізде екінші деңгейлі банктер жеткілікті. Олардың бәрінің өз қожайындары, акционерлері бар. Олар – өз қаражатын долларда ұстап отырған үлкен олигархтар. Жер асты байлығын шетелге сатып отырған, түрлі инвестицияны шетелден әкеліп, жобалар жасап отырғандар. Олар үшін доллар бағамының өскені өте пайдалы. Пайдаға кенеліп отыр.

Ал біздің Ұлттық банктің басшылары оларға өз сөзін жүргізе алмай отыр. Есіңізде болса, кезінде Марченко Ұлттық банк төрағасы болған кезде осы жайт бақылауда болды: Ұлттық банк көптеген екінші деңгейлі банктермен қақтығысқа ұшыраған.

Ал бүгінгі Ұлттық банк іштеңе істей алмай отыр. Оның себебі де өте көп, соның бірі – екінші деңгейлі банктердің әкімшілік ресурстары жоғары болғандықтан, олар өз дегенін істеткізіп отыр. Экономиканың көлеңкелі жағы бар.
Егер біз сол көлеңкелі экономиканы бақыламасақ, біздің теңгемізге қатты әсер береді. Мысалы, 2015 жылғы статистика бойынша, Ресейде сыртқа шығатын қаражатты есептеген кезде 400 млрд доллар деген есеп айтылған.

Ал енді Қазақстанның сыртқа кететін қаражаты бұдан 10 есе аз десек, бұл 40 млрд доллар. 40 млрд долларды 365 күнге бөлетін болсақ, экономиканың көлеңке жағы күніне 100 млн долларға сұраныс туғызып отыр.

Екінші деңгейлі банктер қазақстандық қор биржасынан доллар сатып алуда. Осылайша жалған сұраныс туғызуда. Ұлттық банк: нарық бүгін доллардың нақты бағамын айтты дейді. Бұл да жалған ақпарат. Экономиканың көлеңкелінен жағынан болып отырған.

Бізде бүгінде қаражат бақылау комитеті бар, жемқорлыққа қарсы ұлттық агенттік бар, түрлі мемлекеттік фискалдық мекемелер бар. Олар неге осы мәселені бақыламайды?

Олар неге екінші деңгейлі банктердің, Ұлттық банктің жұмысын тексермейді? Ал егер қазақстандық қор биржасы туралы айтатын болсақ, ол бүгінгі күні үлкен айырбастау пункті. Көшеде қаптап тұрған кәдімгі айырбас орны сияқты. Менің айтарым, Қазақстанның қазіргі нақты экономикасы ешқандай да дағдарысқа ұшырайтын жағдайда емес. Тек осы жалған қаражат айналымының кесірінен біз теңгемізді әлсіретіп отырмыз.
Теңге әлсіреген сайын экономикамыз тұрақсыз болады

Ал экономика тұрақсыз болса, бірден шағын және орта кәcіпкерлік құрдымға кетеді. Өйткені олардың айналымдағы ақшасы түгелдей теңгемен, олар өз бизнес-жоспарларын тек теңгемен ғана жасайды.

Доллардың ертеңгі бағамын білмегендіктен, олар ертеңге жауап бере алмайды. Ал шағын және орта кәсіпкерліктің құрдымға кеткені деген сөз – ең алдымен халықтың әл-ауқатына әсерін тигізеді. Мысалы ауылды жерлерді алайық. Ауылда халықтың көбі осы шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында күн көреді. Мемлекет осы мәселеге көңіл бөлуі керек.

– Мемлекет қазіргі жағдайда не істеуі керек?



Шағын және орта кәсіпкерлік пен Үлкен бизнес. Үлкен бизнес әрине, олигархтардыкі. Көлеңкелі бизнес, олар бүгін экономиканың бақылаушылары болып отыр. Олар мемлекеттік мекемелерге өз ықпалын жүргізуде. Оны нақты көріп отырмыз. Осы жерде шағын-орта кәсіпкерлік, кәдімгі халық қорғалмай отыр. Халықтың осындай сұранысы мемлекет тарапынан қорғалса, президент Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жағдайды өз бақылауына алуы керек дейміз. Ол олигархтардың көбі билікте де отыруы мүмкін. Осыны бақылау керек.

Кеше ғана Президент әкімшілігінің аппарат жетекшілігіне Әсет Исекешев мырза келді. Көрерміз, не болатынын. Бірақ Исекешевке бірден айтатын мынадай ұсыныстарымыз бар:

  • Біріншіден, шетелден келетін тауарларға мемлекеттік төлемді көтеру керек, міндетті түрде. Осылайша біз ішкі нарықтағы өндіріс пен кәсіпкерлерді қолдаймыз. Егер Исекешев осы істі атқара алса, бұл ел үшін істелген үлкен игі іс болады.

  • Екіншіден, Ұлттық банк, барлық фискалды органдар, мемлекеттік мекемелер елдегі көлеңкелі қаражат айналымын бақылауға алуы керек. Сондай-ақ, қазақстандық қор биржасын түскен доллардың айналымын бақылауға алу.

  • Үшіншіден, мемлекет долларды бір бағамда ұстауы өзінің тетіктерін пайдалануы керек. Біздің экономикамыз 1 доллар = 350 теңге бағамын еш қиналмай ұстай алады.

  • Төртіншіден, екінші деңгейлі барлық банктердің несиелерін, әсіресе бизнесті несиелеуге алған ақшасын тексеру керек. Мемлекет тарапынан берілген қаражат қалай жұмсалуда? Қазір шағын кәсіпкерлер сол несиені банктен тікелей ала алмайды, екі ортадағы делдардардың көмегімен үлкен пайыздарға әрең алуда. Бұл сұмдық қой?!

  • Бесіншіден, бізге тез арада үлкен мемлекеттік бағдарлама қажет. Шекараны солдаттармен қорғау бір бөлек, біз экономикалық шекарамызды қорғауымыз қажет. Ешқандай мемлекет өзінде бар тауарды шетелден кіргізбейді. Олар қалай болса да сырттан келген тауарды, ысырып, ебін тауып шығарып тастайды.


Экспорттық әлеует тек қана шикізат тауарларында бар. Ал халық пайдаланатын өнімдерді ішкі нарық үшін өзіміз қамтамасыз етсек, сол да жетеді. Экспорт, сыртқы нарықты ойлаудың еш қажеті жоқ бізге.

Мысалы, Қырғыз елі. Оларда нағыз ашық нарық бар. Экономикасының 90 пайызын шағын және орта кәсіпкерлік ұстап тұр. Оларда доллар бағамын нарық анықтайды. Бізде ондай жоқ. Біздегі доллар бағамы олигархтардың әрекеттерімен қалыптасуда. Сондықтан мен теңгені еркін айналымға жіберу дегенге қарсымын.

Мұның бәрі мемлекеттің қолында. Мемлекет енді-енді кәсіпкерлікпен айналыса бастаған халықтың обалына қалмауы керек. Теңгеміздің бағамын бірқалыпты ұстап тұруға, экономикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуге экономикалық тетіктердің, құралдардың жеткілікті екенін тағы да қайталап айтқым келеді.

Біреулер бізді Ресеймен байланыстырады. Менің оларға қояр сұрағым бар: біз осы шикізатты қай елге сатып отырмыз? Батыс елдері мен Қытайға сатып отырмыз. Біздің бюджетіміздің негізгі бөлігі Ресеймен байланысты емес.
Менің ойымша, біздің емес, Ресейдің экономикасы бізбен байланысты.

Өйткені Қазақстанда Ресейдің тауарлары толып тұр барлық дүкендерде. Ресей бар тауарын Қазақстанға сатады.

 

https://youtu.be/IpUeJx4psTs

Дереккөз: kaz.365info.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x