"Қазақстан Ресейге қосылады" деген орыс депутатына Айталы қалай жауап қатты?

Dalanews 26 мау. 2020 07:00 273

Ресейдегі елшіміз Иманғали Тасмағамбетов Мәскеуде өткен «Қазақстан – Ресей: дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда баяндама жасап, сондағы бір сөзінде «Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын – жақын» деген мақалды тіліне тиек етіпті.

Елшінің осы сөзі 2003 жылдың жазында Мәскеудегі Брежневтің бұрынғы саяжайында өзім куә болған бір отырысты есіме түсірді.

Нақтырақ айтсам, сол кездегі Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай бастаған депутаттар Парламент пен Дума достастығы аясында үш күндік іс-сапармен Мәскеуге барып, сапар соңында дума төрағасы Г.Селезневтің қала шетіндегі мемлекеттік саяжайында кешкілік қонақасы берілген еді.

Совет көсемі Лениннің жеке аспазының немересі даяшылық қызмет жасаған дастарханда орыс арағы молынан құйылып, «Парламент» темекісі тоқтаусыз шегілді (дума депутаттары «Парламент» тартатындарына мақтанып отырды). Әлбетте, большевиктерден, коммунистерден қалған әдет – тост жарыса айтылды. «Совет Одағын құлатпауға барын салған Н.Назарбаев үшін бәріміз түбіне дейін алып қоялық» деді орыс депутаттары. «Ресейді алға сүйреген аса қадірлі В.Путин үшін» деді қазақ депутаттары. Оңаша отырыс тез қызды.

Құлап қалған Совет Одағын сағынышпен еске алысты, сосын орыстар жағы «сұңғыла президенттерің аман болса, көп кешікпей Қазақстан бұрынғыдай Ресейге қарайды. Біз әрқашан біргеміз!» дегенге дейін барысты.


Кейбір қазақ депутаттары бұл тостқа көтеріп те, түбін қалдырмай ішіп те үлгерді. Араларында орнынан өре түрегелген Амангелді Айталы ғана болды.

Өзін Астраханның тумасы ретінде таныстырған «оралман» депутат ресейлік әріптестеріне Қазақстан тәуелсіз мемлекет екенін, енді бодандыққа ешқашан түспейтінін түсіндіріп шыққандай болды.


Оның бұл сөзіне стакан көтерген, соңына дейін алып қойған ешкім болмады. Сонда «Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын – жақын» дегенің бос сөз болғаны ма дедім ішімнен. Қателеспеген сияқтымын.

P.S. Ж.Тұяқбай бастаған депутаттардың үш күндік сапары бітіп, ұшаққа жайғастық. Негізі, ресми жиындар мен кездесулерде бастан-аяқ ары кетсе он шақты депутат ғана қатысып жүрген еді. Бірақ қайтар жолдағы арнаулы ұшақ депутаттарға лық толды.

Олар ұшақ Астанаға жеткенше Мәскеудегі әйелдері, бала-шағалары, бауырлары, туған-туыстары туралы әңгімелерін айтып тауыса алмады. Ресей мен Қазақстан қатынасына қатысты айтылатын «Туысы жақын жақын емес, қонысы жақын – жақын» деген мақалды бір түсінсе, Астана мен Мәскеу арасында сабылып жүретін осы депутаттар жақсы түсінеді-ау.

Руслан ЕРБОТА
"Жас Алаш" газетінде жарияланған мақаладан үзінді

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x