Атамбаев? Ол бізді егемендіктен айырды - қырғыз сарапшысы

Dalanews 08 қаз. 2020 06:00 235

Редакциядан: Қырғыз халқы дүр көтерілді. Абақтыдағы Атамбаев мен тағы бірнеше саяси тұтқынды босатып алды. Бұл туралы алдағы уақытта тарқата жазатын боламыз. 

Осыдан 5 жыл бұрын Dalanews.kz тілшісі «Қырғызстан Еуразиялық одаққа қосылуға қарсы» қозғалысының белді мүшесі, саясаттанушы Айнұр Чолпанкуловамен сұхбаттасты. Сарапшы сол тұстағы қырғыз басшысы Атамбаевтың «адасып» жүргенін айтып, «қырғыз қоғамындағы ресейлік ақпарат құралдарының ықпалы күшті» деген еді.

5 мың мүшесі бар қозғалыстың өкілі елдің Еуразиялық одаққа кіруіне қарсы екенін ашық айтқан. Одан бұрын күні кеше бостандыққа шыққан Атамбаевқа баға берген еді. Өзектілігін жоғалта қоймаған сұхбатты оқырман назарына қайтара ұсынғанды жөн көрдік.




 – Қырғыз елінің президенті «КСРО –ны қайта құрғысы келген адамның ақылы жоқ, алайда, сол дәуірді сағынбайтын адам жүрексіз жан» дейді екен. Бір қызығы, Атамбаевтың сөзі Ресей президенті Путиннің: «Кеңес үкіметінің күйреуі – ХХІ ғасырдағы ең үлкен геосаяси апат» деген пікірінен алшақ жатқан жоқ. Бұл қалай болғаны?

Айнур Чолпанкулова

Қырғызстан саясаттанушысы Айнұр Чолпанкулова Ол сол дәуірді көксейді деп айтпаймын, алайда кеңестік кезеңді еске алғанда сөзінің сарынынан сол дәуірге деген сағыныш сезіліп тұрады. Бұл түсінікті де. Атамбаев кеңестік идеологияның өнімі ғой. Мәскеудегі басқару институтында «инженер-экономист» мамандығын алған. Оның маман және тұлға ретінде қалыптасуы сол дәуірге сай келді. Экономикадағы белгілі бір жобаны жүзеге асырарда ол қазірге дейін КСРО-ның тәжірибесіне жүгінеді («қызыл империя» әлдеқашан күйреп тынғанына және жоспарлы экономиканың сәтсіздікке ұшырғанына қарамай). Осыдан-ақ оның санасына кеңестік жүйенің құндылығы әбден сіңіп қалғанын аңғаруға болады. Ол әлі күнге дейін өткенмен өмір сүретін сияқты. Сол себепті де Атамбаев қазіргі еуразиялық интеграцияға салқын, салмақты көзбен қарайтын жағдайда емес.

Путин и Аьамбаевэ

  Жалпы, қырғыз қоғамы Кремльдің интеграциялық саясатына қалай қарайды өзі, қалай бағалайды? 

 –  Атамбаев бұл интеграцияның бізге пайдасы болмаса, зияны жоғын айтып отыр. Алайда қоғам оның сөзіне сенеді, ығына жығылады деген сөз емес. Жан-жақты ойлай білетін қоғамның белсенді өкілдері, оппозициялық депутаттар, кәсіпкерлер биліктің одаққа кіреміз деген ұсынысын құптамайды. Ең жақсы жаңалық, депутаттар арасында интеграция бізге игілік әкелмесін түсіне бастаған азаматтар көбейіп келеді.

Ресей империясын қайта тірілту және жаңаеуразия (неоевразийство) туралы идея – Александр Дугинге тиесілі. Идея өзегі фашизмге жақын. Бұл идеяның тінінде «орыс әлемі», ресейлік держава атты концепция жатыр. Сондықтан да біздің қозғалыс «бұл одақ Қырғызстанға қай жағынан болмасын қауіпті» деп санайды.

– Кез келген қарсы пікірдің нақты дәйегі, уәжі болады ғой. Қырғызстанды не себепті осынау интеграцияның мүшесі ретінде көргілеріңіз келмейді?

  Атамбаев «Еуразиялық Одақ бізге 170 млн. тұрғыны бар нарыққа жол ашады деп отыр» және «біздің мигранттардың Ресейде жұмыс істеуіне жеңілдіктер жасалады» дейді. «Өндіріс дамиды» деп тағы өтірік айтады. Өндіріс өткізу нарығы болғанда ғана өркендейді. Мұны кез келген кәсіпкер біледі. Мәселе, біз Ресейге не ұсына аламыз?

Екіншіден, Ресейдегі қырғыз мигранттарының құқығы аяққа тапталып отыр. Ресей көші-қон талаптарын қатаңдатты, жұмысқа тұру патентінің құнын қымбаттатып жіберді. Онымен қоймай, еңбек мигранттары енді орыс тілінен тест тапсырады.

«Қырғызстан Кедендік одаққа қосылуға қарсы» қозғалысы елінің егемендіктен айырылғанын қаламайды. Бұл одаққа кірсек саяси, ақпараттық, экономикалық қауіпсіздігімізге қатер төнеді, тәуелсіз сауда тарифі мен бюджеттік саясатын жүргізу мүмкіндігінен айырыламыз. Бәрін қойшы, ең сорақасы, бүгінге дейін аз-мұз болса да қол жеткізген демократиялық жетістіктеріміздің барлығы далаға кетеді. Былтыр осы мақсатта ауқымды сауалнама жүргіздік. Қырғыздардың 50 пайызы елдің Еуразиялық одаққа кіруіне қарсы.
 Мәскеу мен Киевтің тату тұстары еліміздегі ресейлік арналар мұншалықты саясиланбаған еді. Қазір ше? Қарапайым халық Украинадағы жағдайға ресейлік ақпарат құралдарының көзімен қарап отыр. Объективтілік әлдеқашан өлген: «АҚШ жау», «Еуропа жау», «Ресей әділ», «Мәскеудікі жөн». Кремльдік арналардан күнде осыны көреміз. Оның үстіне соңғы күндері кеңестік идеологияны, еуразиялық интеграцияны, Кедендік одақ және Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі саясатын жақсы жағынан жарнамалайтын жиындар көбейіп кетті. Әлбетте, мұны Мәскеуден ақша алып отырған саясаттанушылар жасап отыр.

 –  Еуразиялық одақтың біраз талаптары ДСҰ-ның шарттарына қайшы деп естідік. Бұл мәселе қалай реттеледі?

Біз мынадан қорқамыз: еркін сауда саясатына бейімделген қырғыз экономикасы Еуразиялық одақтың баға саясатына бағынуға мәжбүр болады. Біртұтас кеден тарифінің 92 пайызы Ресейдің кедендік тарифіне негізделген. Яғни, осы одақтың тарифтік саясатының өзі ресейлік өнім өндірушілерді импорттан қорғауға бағытталған. Біз соқыр емеспіз, бәрін де көріп отырмыз.

Біздің билік қандай да бір аймақтық экономикалық одаққа кірмес бұрын ДСҰ ға мүше елдердің келісімін алуы керек. Мұның екі жолы бар. Бірі Еуразиялық одақ сауда ұйымының Қырғызстанға жүктеген міндетін өз мойнына алады немесе Қырғызстан Еуразиялық одақтың талабына сай өзінің ДСҰ алдындағы міндетін өзгертеді. Негізінде мұның екеуі де мүмкін емес. Билік бұл мәселені қалай реттерін өзі де білмейтін сияқты.

– Ресейлік ақпарат құралдарының қырғыз қоғамындағы ықпалы қандай? Ресей мен Украина арасындағы  дағдарыс турасында жергілікті басылымдар не дейді?

Қырғыз ақпараттық кеңістігінің 70 пайызы Кремльдің қолында. Сорақысы, осы 24 жылда қырғыз жеріндегі ресейлік арналарға хабар таратқаны үшін төленетін ақы салық төлеушілердің есебінен алынады.

Мәскеу мен Киевтің тату тұстары еліміздегі ресейлік арналар мұншалықты саясиланбаған еді. Қазір ше? Қарапайым халық Украинадағы жағдайға ресейлік ақпарат құралдарының көзімен қарап отыр. Объективтілік әлдеқашан өлген: «АҚШ жау», «Еуропа жау», «Ресей әділ», «Мәскеудікі жөн». Кремльдік арналардан күнде осыны көреміз. Оның үстіне соңғы күндері кеңестік идеологияны, еуразиялық интеграцияны, Кедендік одақ және Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі саясатын жақсы жағынан жарнамалайтын жиындар көбейіп кетті. Әлбетте, мұны Мәскеуден ақша алып отырған саясаттанушылар жасап отыр.

Өкініштісі, біз ресейлік ақпарат құралдарының насихатына арбалып қалдық. Украинаның территориялық тұтастығын қолдаған басылымдар бірден айыпталады. «Оларды АҚШ-тың мемлекеттік департаменті қолдап отыр» деген пікірлер айтылады (шыны керек, күлкің келеді).  Ресейге қарсы пікір білдірген азаматтар бірден ұлтшыл, орысты иттің етінен жек көретін жексұрын, фашист атанады.  Қарап тұрып қынжыласың.  Қырғызстанда тәуелсіз интернет басылымдар жоқ емес. Соның бірі – www.kloop.kg сайты.

–  Қырғыз билігінің тарапынан қозғалыс мүшелерімен диалогке бару, келісімге келу әрекеті жүргізілді ме?

  Иә,  қозғалыс белсенділері экономика министрімен кездесті. Бірнеше дөңгелек үстелдер өткізілді. Бірақ, нәтижесі шамалы. Шынымды айтсам бұл биліктің де бұдан бұрынғылардан еш айырмашылығы жоқ. Демократиялық мәдениет дегеніміздің өзі – қарсы тараптың пікірін тыңдай білу. Ал біздің билік туралы бұлай айта алмайсың. Еуразиялық одаққа кіру мәселесі Конститутцияға сай референдумда шешіліп, Қырғызстанның Жогорку Кенешінде талқылануы тиіс еді.

  Кезінде Асқар Ақаев «Қырғызстаннан Швейцария жасаймын» деп уәде берген. Атамбаев не дейді?

Ақаевтың арманы шынайы еді. Ол шынымен де Қырғызстанды екінші Швейцарияға айналдырғысы келді. Және Қырғызстанның қалай даму керектігі туралы нақты жоспары болады. Бірақ бұл басқа әңгіме... Қазіргі президент елді қалай өркендетерін, қалай даму жолына түсірерін білмейді. Нақты мақсаты, міндеті жоқ. Жақынды көре алмайды. Алысты болжай алмайды. Ол айтады: «Еуразиялық одаққа кіру қажеттілік. Қырғызстанның бұдан басқа даму жолы жоқ».

Біз айтамыз: «Қырғызстан қалыптасқан мемлекет және оның өз даму жолы бар».

Біз бұл тараптағы өз көзқарасымызды, өз жоба-жоспарымызды әлдеқашан көпшіліктің назарына ұсынғанбыз. Қандай да бір одаққа кіру Қырғызстанның жалғыз даму жолы емес. Бұл біздің биліктің стратегиялық ой-санасының таяздығы. Себебі, дамудың баламалы жолдарын іздестіру ешқашан ашық талқыланған емес. Атамбаевтың адасып кеткенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен,  Думан БЫҚАЙ


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x