Оралманфобия

Dalanews 21 ақп. 2015 03:39 254

Соңғы бірнеше жылдан бері қоғамымызда ең үлкен пікірталасқа айналған мәселенің бірі шетелдегі қандастарымыздың елге оралу барысындағы қиындығы десек болады. Көші-қон заңы әлде неше рет өзгерді. Бұрынғы жеңілдіктер мен тіркеуге тұру, азаматтық алу жағдайы қиындатылып, қағазбастылық көбейді. Соның салдарынан елге оралатын көштің саны аз уақыттың ішінде Тәуелсіздіктен бергі ең төменгі деңгейге түсті.

[caption id="attachment_9399" align="alignright" width="500"]КОШ Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы[/caption]

Бұрынғы жылдарды айтпай-ақ қоялық, өткен 2014 жылы елімізден 20 мың адам шетелге біржола кетсе, елге оралғандардың саны бар-жоғы 12 мың адам екен. Мұның бар-жоғы 40 пайызы өз қандастарымыз. Осы көрсеткіш қазақ көшінің тоқырағанының бірден бір айғағы. Ал билік тарапы көші-қон туралы заңды аз жылдың ішінде қырық құбылтты. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілгелі отырған жаңа заңда біраз тиімділік бар көрінеді. Айталық, азаматтықты алдындағы заңда 4 жылдан кейін алуға болады десе, бұл жолы бір жылдың ішінде алуға мүмкіндік берілген. Бұдан бөлек, оралмандардың қай өңірге бару еркіндігі өздеріне тиесілі. Бұдан бұрынғы заңда тек Солтүстік аймақтарға ғана баруына болатыны айтылған болатын. Жаңа мзаң бойынша көшіп келушілер Солтүстік аймақтарға барса квота және басқа жеңілдіктер беріледі. Өзге аймақтарға өз еркімен тіркеліп, азаматтық ала алады, бірақ оларға квота берілмейді. Бұл заңның бұрынғы заңдардан көп айырмашылығы жоқ. Бұдан бұрын да квота беру, баспанамен, жермен қамтамасыз ету көп сөз болған. Адам басына мың доллар көлемінде берілетін квотаның өзі талай дау тудырған. Оны алғандар да, алмағандар да көп. Бір есептен, дәл осы квотаға тіреліп тұрған да көп дүние жоқ секілді. Егер елге оралған қандастарға уақтылы азаматтық беріп, жергілікті тұрғындармен бірдей деңгейде көңіл бөлсе, жергілікті тіркелген орыннан үй салатын, шаруашылық пен егін егетін жер, мал өсіретін өріс берсе, соның өзі оралмандар үшін ең үлкен жеңіс болғалы тұр. Осыдан 20 жыл бұрын елге келіп, ауылда тұрғанымен, әлі күнге дейін мал бағатын жайлау-қыстау ала алмай, өсірген малын көбейте алмай жүргендер өте көп. Мұның арғы жағына үңілсеңіз, биік тарапынан күшейген қысымның ұзақ жылдық қордаланған мәселе екенін ұғасыз.
Жуырда ғана Оразов деген бір депутат: «Оралмандардың 70 пайызы сауатсыз. Олар көбейе берсе, әлеуметтік теңсіздік тереңдей түседі. Онсызда халқымыз жетісіп отырған жоқ» дегендей байбаламын дәл көші-қон туралы заңды талқылау кезінде жайып салды. Егер дәл осы сөзі басқа бір елде айтса, мейлі ол кім болса да, жауапқа тартылар еді. Мысалы, белгілі бір діни топ туралы осылай оғаш пікір білдірсе, соттың алдында жауап берер еді. Егер еліміздегі ұйғыр, кәріс, түрік, дүнген секілді бір ұлтты сауатсыз десе, қанша жерден шенді болса да, тізерлеп тұрып кешірім сұрар еді, болмағанда мандатынан айырылып, қоғами алдында масқарасы шыққан болар еді.

 «Олар - сауатсыздар»

Жасырудың түк қажеті жоқ, қоғамда оралманфобия қалыптасты. Бұның шығу себебі, қазақ көшінің әу бастағы жоспарының дұрыс жасалмауы және нақты тиянақты жұмысты емес, «Әлемде өз ұлтын жинап жатқан санаулы елдің біріміз» деген жалған ұранның тым асыра дәріптелуі тұрғылықты жұртқа кері әсерін тигізді. «Біз жарымай тұрып, олардың үй, жер алуға қандай құқылары бар?» деген қарабайыр сұрақ бірте-бірте күрделене түсті. Оралман студенттер өз күшімен ҰБТ-ға қатысып, грант ұтып алса да, кәсіпкерлікпен айналысып, шағын бизнесін дөңгелетсе де, ауылда мал өсіріп, қора-қопсысын түзесе де – бәріне жағдай жасап отырған Қазақ Үкіметі. Көп адам дәл осылай ұғынды және ол түсініктерінен әлі айырыла қойған жоқ. «Оралманға жасалған жеңілдік бізге неге жасалмайды?» деген қарапайым сұрақ үнемі қандастардың алдарынан шыға берді. Қарапайым жұртшылық қана солай ойласа, оған ешкім бас ауыртпас еді. Өкініштісі сол, бұл бірте-бірте ірі лауазым иелерінің, шенеуніктердің аузынан шыға бастады. «Оралмандар – оңбағандар», «оралмандар – сатқындар», «қашып кеткендер» деген кәдуілгі жалпақ түсінік нығайып, әр жыл сайын үлкен мінберлерден, телеарналардан, баспасөзден оқтын-оқтын көтерілумен келеді. Мұның елге келген бір емес, жүз емес, 1 миллион қандасты кемсіту, бөлу, намысына тию екенін ойлаудан қалған атқамінерлер қанша рет сын айтылса да, баяғы жырын қайталауын қойған жоқ. Жуырда ғана Оразов деген бір депутат: «Оралмандардың 70 пайызы сауатсыз. Олар көбейе берсе, әлеуметтік теңсіздік тереңдей түседі. Онсызда халқымыз жетісіп отырған жоқ» дегендей байбаламын дәл көші-қон туралы заңды талқылау кезінде жайып салды. Егер дәл осы сөзді басқа бір елде айтса, мейлі ол кім болса да, жауапқа тартылар еді. Мысалы, белгілі бір діни топ туралы осылай оғаш пікір білдірсе, соттың алдында жауап берер еді. Егер еліміздегі ұйғыр, кәріс, түрік, дүнген секілді бір ұлтты сауатсыз десе, қанша жерден шенді болса да, тізерлеп тұрып кешірім сұрар еді, болмағанда мандатынан айырылып, қоғам алдында масқарасы шыққан болар еді. Өйткені, «татулығы жарасқан» еліміз үшін одан артық сауатсыздық болмас еді. Мұндай көзқарас жыл өткен сайын тереңдеп, үнемі әртүрлі мінберден сан құбылып айтылып келе жатқаны оралманфобияның белгілі деңгейде қалыптасып үлгергенін айғақтайды.

[caption id="attachment_9400" align="alignleft" width="342"]мамашев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев[/caption]

 «Олар - масылдар»

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев бұлар еңбек етпестен, бәріне ие болғысы келеді деген сыңайда пікірін жиі қайталайды. Арғы ойы қандастарға қарата «сендер жатып ішер жалқаусыңдар, масылсыңдар» дегені. Ойлап көріңіз, шынымен де оралмандар масыл болса, 1 миллион халық баяғыда ереуілдетіп, елдің зықысын шығармас па еді? Ондай бірде бір оқиға болған емес. Болмайды да. Ия, ауылды жерде жаңадан көшіп келген, жұмыс таппаған, жер ала алмаған қандастар ауыл, аудан әкімдігінің есігін тоздырып жүрсе, бұл өзі азаматтық алған соң конституциялық құқын пайдаланудың бір көрінісі ғана. Оны дабырайтып айтудың не жөні бар? Жергілікті билік өкілдері оралман көрсе кері итеріп, кеуделерін басуға тиісті емес. Сондай көрініске бола, сұрамшақ, жатып ішер деуі барып тұрған ағаттық.

«Олар - пайдасыздар»

Бір жылдары үлкен лауазым иесі «Оралмандар Тәуелсіздікке ешқандай үлес қосқан жоқ» деп мәлімдеді. Сонау 1992 жылы небары Қазақстан халқының 42 пайызы ғана мемлекетті құраушы ұлт болғанын ескерсек, қазір ол көрсеткіш бейресми деректер бойынша 72 пайызға өссе, басқасын айтпаған күннің өзінде, мұның өзінде оралмандардың айтарлықтай үлесі бар. Тағы бір кішкентай мысал айта кетелік, оралмандар ішкі көші-қонның тұрақтауына да зор ықпал етті. Алматы облысының кейбір ауылдарында тұратын халықтың 90 пайызы шетелден келген қазақтар екенін білеміз. Демек, ауылдардың қаңырап бос қалмауына, қалаға көшетін тұрғынның аз да болса қалтасына ақша түсуіне, белгілі бір өңірлерде сауданың, егіншіліктің, кәсіпкерліктің дамуына ықпал етті. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Кезінде саясаттанушы Әзімбай Ғали мырза бір сұхбатында: «1962 жылы Қытайдан келген көш Шығыс өңірлердің орыстануын баяулатты. Қазақша мектептер ашылып, халық ана тілінде сөйлейтін болды» деген еді. Бұл жағдай дәл Тәуелсіздік кезінде де қайталанғаны анық.

Егер тізе берсек, оралманфобияның сан салаға бөліне бастағанын байқаймыз. Бұл тұтас қоғамдық сипат алған үрдіс деуден аулақпыз, бірақ жыл санап қордаланып келе жатқаны білінеді. Егер билік ес жиғысы келсе, көші-қон саясатын тезірек реттеп, бір ізге түсіруге тиіс. Қазаққа Қазақстан, Қазақстанға қазақ керек! Бұл – аксиома!

Ахмет Сағындық.


 Ой қозғар...

Жаңа көші-қон туралы заңда бір шикілік бар. Шетелден келген қандастар тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алу үшін келген елінен сотталмады және сол елдің азаматтығынан шықты деген екі анықтама әкелуі керек. Бұл басы артық құжат. Қытайдан келген қандастардың бас ауруы дәл осы екі анықтама болып отыр. Себебі, ол елде сотталмағандарға шетелге шығатын паспорт бермейді және азаматтығынан бас тарту үшін өзге елдің азаматтығын алуы керек. Мұндай кереғарлықты жоймайынша, шетелдегі көштің тоқтағаны тоқтаған.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x