ТКШ Орталығы санкцияға ұшыраған Газпромбанкімен байланысты күшейтті

Dalanews 03 қаз. 2023 09:04 352

Қазір танымал компаниялар санкцияға ұшыраған Ресейдің банк, компанияларымен жұмыс істеуден қашатыны белгілі. Ал біздің кейбір компаниялар санкцияға қарамастан Ресейдің коммерциялық құрылымдармен тонның ішкі бауындай араласуда. Айталық 100% акциясы мемлекетке қарайтын «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ-ы («ТКШ ҚазОрталығы») 2014 жылдан бері санкцияға ұшыраған орыстың Газпромбанкімен меморандумға қол қойып, жұмысты бастап кетті.

Орталық пен «Газпромбанктың» ынтымақтастық туралы меморандумына «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Әділхан Өмірбаев пен банктың вице-президенті Синдикаттық және халықаралық қаржыландыру департаменті басшысының орынбасары Анастасия Шакина қол қойған.

Құжатқа сәйкес, ТКШ Орталығы еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда ресейлік банктің саланы дамытудағы іс-тәжірибесін пайдаланбақшы екен.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі таратқан баспасөз парағында Ресейдің «Газпромбанкі» тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы жетекші технологияны басқа елдерге экспорттайтын бірден-бір мекеме болып табылатынын айта келе, ТКШ Орталығының бірлесіп жұмыс істеуіне «ақ батасын» беріпті.

Алдағы уақытта ТКШ Орталығына серіктес болып танылаған қаржы институты әдістемелік, консультациялық және басқа да сараптамалық қолдау көрсетіп, жөн сілтеуді мойнына алған айта кетуіміз керек.


– Серіктесімізбен бірлесіп жұмыс істеген сәтте «Келісімшарттарды банктік қолдау» қызметін пайдаланып, ТКШ Орталығының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы жобаларына қаржы тартудың тиімділігін арттыруға күш саламыз. Ең бастысы банктің бірегей һәм икемді қаржылық қолдауға қатысты бай іс-тәжірибесі Қазақстанның инфрақұрылымы мен тұрғын үй кешенін дамытуға ықпал етіп, біздің клиенттің жобаларын сәтті жүзеге асыруға және тұрғын үй құрылысы нарығының ашықтығын қалыптастыруға күш салатына сінімдімін, – депті Газпромбанктың вице-президенті Анастасия Шакина.

Ал орталықтың басшысы Әділхан Өмірбаев меморандум аясында өзі басқаратын Орталық Газпромбанктың Мәскеу темір жолын күрделі жөндеу жобаларын жүзеге асыру кезінде қаражатты мақсатты және тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз еткен іс-тәжірибесін қатты қызықтырып отырғанын да жасырмай айтқан.

Естеріңізде болар, 2014 жылы Ресей Украинаның Қырымын аннексиялап алғаннан кейін шектеудің алғашқы пакетін жариялағанда санкцияға ұшыраған құрылымдардың бел ортасында осы Газпромбанк болды.

Ал Ресей 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кіргеннен кейін «Газпромбанкке» қарсы санкциялық шектеудің мазмұны жаңарып, күшейе түскенін білеміз. Сонымен қатар, банктің топ-менеджерлеріне де санкция салынып, АҚШ пен Батыс елдеріне бару құқығынан айырылған болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x