«Шығыс Қазақстан облысы, Алтайдағы Ленин ескерткішін қалпына келтіруге қарсымыз. Ленин өмір бойы кез келген мәселені шешу үшін зорлық-зомбылықтың принципті жақтаушысы болды. Ол КСРО-ны қарапайым халықтың сүйегі мен қанымен құрады. Оның ішінде қазақ халқы да жапа шеккенін білеміз. Бұл ретте аштықты, қуғын-сүргін мен қырғын соғысты, жер аудару, Семей полигонындағы ядролық сынақтар, тартылып қалған Арал теңізін атасақ жетіп жатыр» деп жазылған Alash.Online сайтында жарияланған петицияда.
Петицияны ұйымдастырушылар Қазақстанның тәуелсіз ел, өзіндік тарихы бар екенін айта келе, Қазақ мемлекетін құруға өлшеусіз үлес қосқан ескерткіш ортуға лайықты тұлғалары бар екенін алға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, Ленин ескерткіші 15 тамызда Алтай қаласының орталық алаңдағы жөндеу жұмыстары кезінде абайсызда құлап кеткен болатын. Мердігердің компания жұмыс барысында «ескерткіш өздігінен құлаған» хабарлаған-ды.
Осы кезде әлеуметтік желіде куәгерлердің бейнежазбасы пайда болып, онда жүк көтергіш техниканың айбайсызда мүсінге қалай тиіп кеткені көрсетілген-ді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 203-бабының 1-бөлігі (ерекше құнды заттарды қасақана жою, алу немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын да білеміз.
Енді халық Лениннің ескерткішін қалпына келтіруге қарсы қол жинап жатыр.