Cоңғы жаңалықтар
Back

Қостанай әкімдігі Путинннің келуіне қарсылық білдірген белсендіге қысым көрсетуде

Кремль көсемінің Қостанай өңіріне келуіне қарсылық білдірмек болған жергілікті белсенді Әнел Әлиғазина қалалық әкімдік тарапынан қысымға ұшырады деп хабарлайды Dalanews. kz.

Әкімдік қаланың Орталық саябағында Путиннің келуін құптамайтын пикет өткізуді жоспарлаған Әнелге сан түрлі сылтау айтып, қарсылық акциясын өткізуге рұқсат бермеген.

Қоғам белсендісі бұған дейін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атына екі рет хат жолдап, пикет өткізуге рұқсат беруді талап еткен. Алайда әкімдік екі ретте де үзілді-кесілде бас тартыпты. Әнелдің сотқа жүгінуден өзге амалы қалмаған.

Жаңа Қазақстанда қоғам белсенділерінің жаппай қудаланып жатқанына алаңдаған Әнел алғашқы өтінішті 7 мамырда жолдаған екен. Алайда Құмар Ақсақаловтың кеңсесі оның акциясын әлеуметтік маңызды мәселелердің санатына қоспай, кері ысыра салған.

Кейіннен Ресей президентінің сапарына қарсылық білдіріп, бір кісілік пикет өткізу үшін тағы да әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Белсенді бөгде елдің президентіне бола қыруар қаржыны төгіп-шашып, қып-қызыл шығынға батқалы отырған Қостанай әкімдігінің шешімін құптамайды.

Айта кетелік, Путиннің келуіне дайындалып жатқан Қостанай әкімдігі қаланы көріктендіруге 10 млрд теңге жұмсамақ. Өңір басшылығы Қазақстан-Ресей аймақаралық форумын өткізуге дайындалып жатыр.

Ақпаратқа қарағанда, аталған сома қалада Smart-орталық салып, Тобыл саябағының солтүстік бөлігін қайта жөндеуге жұмсалмақ. Бұған қоса, қаржы қала көшелерін жарықтандыруға, аялдама павильондарын орнатуға, көшелерді абаттандыруға, субұрқақты жөндеуге, 13 000 шаршы метр жердің кірпішін алмастыруға, жол мен үйлерді жөндеуге де жұмсалады.

Қоғам белсендісінің атап өткеніндей, өтетін де кететін форумға бола шамадан тыс шығынданудың қажеті жоқ.

“Осы пікірімді елге жеткізу үшін бір кісілік пикет өткізуді жоспарлаған едім. Әкімдік бұл жолы да түрлі сылтау айтып, есіктен шығарып салды. Путиннің келуіне қарсы акция өткізетінімді естегінде әкімдік қызметкерлерінде зәре қалмады. Маған бірінен кейін бірі қоңырау шалып, қоқан-лоқы көрсете бастады. Бұл әрекетімді тоқтатпасам, мұны соңы жақсылыққа әкелмейді деп ескертті. Мен қызмет істейтін оқу орнының басшылығына хабарласып, қысым көрсетті. Университеттегілер белсенділікпен оқуды аяқтағаннан кейін айналысуға кеңес берді”, – деп жазды Әнел Әлиғазина.

Белсендінің Путинге қарсы пикет өткізуіне рұқсат бермеген Қостанай әкімдігі “мұндай акцияның әлеуметтік маңызы шамалы” деген уәж айтқан. Кремль көсемінің сапары қарсаңында бюджеттен бөлінетін миллиардтар бұған дейін жоспарланып қойды деп ақталған.

Путиннің Қазақстанға сапары Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Мәскеу халықаралық қауымдастықтан оқшауланған шақта жоспарланып отыр. Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін әлем лидерлері алдында Ресей президенті Владимир Путин мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сүйкімі кеткен. Батыс елдері Путин мен оның төңірегіндегі адамдарға қарсы дербес санкциялар салған. Әлем лидерлері бас қосатын саммиттерге Ресейді шақырмайтын болған.

Тағы оқыңыз:

Түркістан облысында биыл бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылады

Кентау. Қарнақ ауылы тұрғынының үй ауласынан ашқан зообағын ауылдастары тегін тамашалауда