"Қазақстанға басып кірудің алғышарты жасалды". Жәкішев Путиннің жоспарын жайып салды

Dalanews 15 ақп. 2023 03:24 336

Dalainside каналы Дмитрий Гордон мен Мұхтар Жәкішевтың сұхбатындағы қызықты диалогтардан кезекті үзіндісын жариялады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Гордон қазақ саясаткерінің Кремль агрессиясына қатысты пікірін біліпті.

Мәскеудің бөгде елге басып кірерін мүлде күтпегенін айтқан Жәкішев осы арқылы еліміздегі орыстілді элитаның көзқарасын ортаға салған екен.

– Соғыс басталған сәтте, өз көзіме өзім сенбей, бір ысынып, бір суындым. Ресей 1941 жылғы фашистік Германияның әрекетін айнытпай қайталады. Дереу Украинада тұратын достарыма хабарласып, қал-жайын сұрадым.

Путин ешкімге соқтықпай, жай жатқан елге соқтықты. Оның ойлап тапқан сылтауына қарап еріксіз езу тартасың. Нағыз "нацистер" Ресейдің өзінде отыр.

Украинаның парламентінде орысты жер бетінен жойып жіберуге үндеп отырған бірде бір партия жоқ. Олардың Зеленский туралы сандырағына ақыл-есі түзу адам сенбейді, – дейді ол.

Мұхаңның пайымдауынша, Киев Мәскеуге қарсы келе алмай, тізе бүккен болса, Кремль келесі кезекте Қазақстанға ауыз салар еді.

– Украина Путин айтқандай 3 күннің ішінде берілген болса, Жаңа Қазақстан қазіргі күні Ресейдің боданында болар еді. Бұған дайын дәлелім бар.

Кремль идеологтары орыс қоғамын Қазақстанға шабуыл жасауға дайындай бастады. Соғыстың қарсаңында Зюганов бастаған коммунистер Қазақстанға күйе жағып, провокацияға толы мәлімдеме жасағанын ұмыта қойған жоқпыз. Коммунистер қазақ билігіне ақылға сыймайтын айып тақты. Орыстар қуғын-сүргін көріп, орыс тілі қысымға ұшырауда деп қоңырсыды.


Осылайша Қазақстанға басып кірудің алғышарты жасалып жатқан еді. Зеленский бастаған украин билігі Путиннің "Барбаросса" жоспарын күл-парша етті", – дейді Жәкішев.

Кремль көсемімен жүздесіп қана қоймай, оның бетін қайтарған Жәкішев саясатқа енді аяқ басқан шағында Путиннің жасық мінезді болғанын айтады.

– Оны ең алғаш Ельцинмен ілесіп келген кезде көрдім. Назарбаевтың астына көпшік төсеумен болды. Назарбаевтың тұлғасына тамсанып, қол-аяғын жерге тигізбей мақтағанына куә болғанмын.

Кейін президент болғанында Қазақстанды Ресейдің провинциясы деп қарайтынын аңғардым. Оның имперлік амбициясы ешқашан жүзеге аспайды. Украинаны күшпен ұстаймын десе қателеседі. Ресейдің әскери өндірістік кешеніне қарсы тұруда Батыстан келетін көмектің мөлшері маңызды, – дейді саясаткер.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x