"Тасмағамбетовті тыңдамады...". Армения өз жерінде ҰҚШҰ жаттығуын өткізуден бас тартты

Dalanews 11 қаң. 2023 05:17 198

Армения өз аймағында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) жаттығуын өткізуден бас тартты. Бұл туралы елдің премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді.  

"Арменияның қорғаныс министрі ҰҚШҰ-ның бірлескен штабында қазіргі жағдайда ел аумағында арнайы жаттығу өткізудің қажеті жоқ екенін хабарлады. Биыл Армения аумағында жаттығулар өтпейді", - деді Пашинян.

1 қаңтарда Ресейдің қорғаныс министрлігі биыл Арменияда ҰҚШҰ-дың әскери жаттығуы өтетінін жариялаған.

2022 жылдың күзінде Пашинян ҰҚШҰ-дың Еревандағы саммитінде Таулы Қарабаққа байланысты жанжалда Ереванды жеткілікті қолданған жоқ деген негізде бірлескен мәлімдемеге қол қоюдан бас тартқан.

ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения, Беларусь және Тәжікстан мүше.

Былтыр қазан айында Қырғызстан ҰҚШҰ-ның әскери жаттығуын өз аймағында өткізуден бас тартқанын жариялаған.

Бұған дейін Иманғали Тасмағамбетов ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы лауазымына тағайындалғаны хабарланған.


Күні кеше Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Тұрақты кеңесінің отырысы барысында ұйымның жаңа бас хатшысы ресми түрде таныстырылды.

ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдиновтың айтуынша, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Ұйымның Бас хатшысы қызметіне тағайындалған Иманғали Тасмағамбетовті Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің (ҚҚКК) төрағасы, Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович таныстырды.

«Осы жоғары лауазымға Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің кандидатурасын Қазақстан басшылығы ұсынды және ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2022 жылғы 23 қарашадағы шешімімен мақұлданды. Ол 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін үш жыл қызмет етеді», - деді Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфович.

Тасмағамбетов жақын арада Беларусь астанасы Минск қаласына барады деп күтілуде. Өйткені бұл ұйымға 2023 жылы осы ел төрағалық етеді.


Бас хатшы Мәскеудегі жиында ҰҚШҰ аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі бола білуі керек екенін айтты.

"Әлем ірі геосаяси сын-қатерлердің куәсі болып отыр. Біздің ұйымның алдында бұдан кем емес күрделі міндеттер тұр. Оларды бәріңіз жақсы білесіздер. Бұл сын-қатерлер мен проблемалардың барлығы, әрине, экономикаға әсер етеді", — деді Иманғали Тасмағамбетов.

Сонымен қатар ол ҰҚШҰ-ға балама ұйым жоқ екенін айтып, ұйымның өзіне жүктелген міндеттерді шеше алатынына сенім білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x