Cоңғы жаңалықтар
Back

ӘСКЕРИ МЕДИЦИНА МЕН АДАМИ ЕМДЕУ

muhtar-galim

Ғалым БОҚАШ, шығыстанушы

Кейде таныс һәм бейтаныс жұрт мені «Батысты тым көп әспеттейді» деп сөгіп жатады. Ондай кездері көп дауласпаймын, өйткені еліміздегі көпшіліктің өзім құсап Шығысты да, Батыста да шарлау мүмкіндігі жоқ екенін, сол себепті салыстыру қабілеті нашарлап, таңдау хақынан айырылғанын жақсы түсінемін. Сонда да ара-тұра әскери лагерь мен түрме менталитетінен, вертикальдық коллективизмнен ада басқа әлемнің барын ең құрығанда біліп отырсын деп кейбір жайттарды еріксіз жазам.

 Бес жыл бұрын бес-ақ айлық кенже қызымыз Алматыдағы балаларға арналған ауруханалардың біріндегі неврологиялық бөлімнің реанимациясына түсті. Емшектегі баламен бірге жатқызбақ түгілі дәрігерлер шешесін палатаға жолатпай қуды. 24 сағат ауруханадан кетпей қойып, нақты қандай ем-дом жасап жатқанын, медициналық қорытынды мен дәрілердің құрамын тықақтап сұрағанымыздан қауіптенді ме, бірнеше күннен соң қызымыздың қасында күніне бір-екі сағаттай отыруға рұқсат етті. Алты орындық реанимация палатасына 12 төсек қойылған. Он екі баланың ең кішісі – біздің қызымыз, ең үлкені бірнеше күн бұрын миына операция жасалған 16 жастағы бір ұл және бір қыз. Дүйім жұрттың алдында медбикелер дөрекі түрде астыларын ауыстырып, дәреттерін алғанда қанша ыңқылдап ауырып жатса да, бейшара жасөспірімдердің беттері қызарып шыға келеді. Қызымның ес білмейтін шақта ауруханаға түскеніне тәубе айттым. Өйткені бес-алты жастағы балалар қол-аяқ тамырларына салынған системаны, абажадай ескі ілгіштердегі құмыралар мен түтіктерді көріп, бір-бірінің бастарындағы таңғышты байқап шошып шыңғырып жылайды. Дәл диагноз қойылмағандықтан қайта-қайта пункция жасатып, наркозбен томографияға түсіп жүрегі ұшқан балалар селк-селк етеді. Бірін-бірі әстін-әстін оятып жібереді. Кәдімгі ақ жайманы жыртып, жіп етіп, қол-аяқтарын сонымен темір төсекке таңып тастаған. Арасында операциядан енді ғана шыққандары бар. Айқай-шудан кішкентай құлақтары тұнған әлсіз қызым көзін іле алмай қиналып жатыр. Есік жақта отырған кезекші дәрігерге шүйліктім: «Мынау кәдімгі тозақ қой. Түрменің камерасында мұндай азап бола бермейді. Неге реанимацияны бір орындық палаталарға айналдыруды талап етпейсіздер?». Сонда әлгі дәрігердің маған айтқаны: «Ой, бұлардың жылағанына назар аудармаңыз. Емделгісі келмей қасарысып мінез көрсетіп жатқандары ғой. Бірі жыласа, қалғандары соны қолдап шыға келеді. Мұны «детская солидарность» деп айтады». Көзінде мейірім мен аяушылықтың табы да жоқ. Аузым ашылып қалды. Бар болғаны: «Тек тап күресі – «классовая борьба» ғана жетпей тұр екен онда» дедім. Сол кезде постсоветтік елдерде тек қана азаматтық өндіріс емес, азаматтық медицинаның да жоқ екеніне біржола көзім жетті.

«Мынау кәдімгі тозақ қой. Түрменің камерасында мұндай азап бола бермейді. Неге реанимацияны бір орындық палаталарға айналдыруды талап етпейсіздер?». Сонда әлгі дәрігердің маған айтқаны: «Ой, бұлардың жылағанына назар аудармаңыз. Емделгісі келмей қасарысып мінез көрсетіп жатқандары ғой. Бірі жыласа, қалғандары соны қолдап шыға келеді. Мұны «детская солидарность» деп айтады». Көзінде мейірім мен аяушылықтың табы да жоқ. Аузым ашылып қалды.

photo_54878

Қызымыз үшке толғанда Лондондағы балалар ауруханаларының бірінде күрделі операция жасатқыздық. Аурухананы алғаш көргенімде аңырып тұрып қалдым.

Қызымызды шетелде емдеуге алып кеткенше сол аурухананың қабылдау және реанимация бөлімдеріне бүйірден кіретін құпия подъездердің қабырғаларындағы жазуларды оқып әбден күйзелдім. Баласы ауырған ата-анаға қылмыскер құсап қарайтын, ал ауру бала тұтқынына айналатын мұндай мекемелердің таныс-тамыр арқылы жасырын кіретін осындай подъездеріндегі қабырға – кәсіпқой журналист, я жазушы үшін таптырмас тағдыр тақтасы десе болады. Отыратын орындығы да жоқ мұндай подъездерде аязда дірдектеп, ыстықта шыжып тұрып, перзентінен айырылған ата-ананың соңғы сәттегі Құдайға жалбарынуы, қарғысы, күйініші; баласын мына тозақтан алып шыққан ата-ананың қуанышты сөздері – қысқа ғана, бірақ құдыретті эмоциялық реңкпен таңбаланған.

Сол қызымыз үшке толғанда Лондондағы балалар ауруханаларының бірінде күрделі операция жасатқыздық. Аурухананы алғаш көргенімде аңырып тұрып қалдым. Алып шыны қабырғалы ұзын холл ортасында тізілген пальмалар, бірінші қабат толған қызылды-жасылды дүкен, пациенттердің туыстары ас-су ішетін ресторандар мен кафелер, тіпті киім дүкендеріне дейін бар. Әр қабатының өз атауы бар, мысалы Орман қабаты, Саванна қабаты, Арктика қабаты және Жағажай қабаты деген сияқты. Әр бөлімнің және өз атауы бар, мысалы Арыстандар бөлімі, Кесірткелер бөлімі, Пингвиндер бөлімі және Теңіз тасбақасы бөлімі дегендей. Әр қабат пен әр бөлім өз атауына сай өте көңілді безендірілген. Қызымыз Саванна қабатындағы Түйелер бөліміне түсіпті. «Неге нейрохирургия бөлімі» деп айтпайсыздар деп сұрасам, «Ата-аналар мен балаларға олай іздеу ыңғайсыз ғой, өйтіп тек дәрігерлер өз арамызда айтамыз» деді. Жалпы палатада қызымызбен қалуға рұқсат етіп қана қоймай, МІНДЕТТЕДІ. «Баланың тез жазылуы үшін ата-анасының қасында болуы шарт» деді. Жалпы палатада бала-пациенттің екі туысына дейін қасында қалуына болады, ал операциядан кейінгі реанимациялық палатада шешесі МІНДЕТТІ түрде бірге түнейді. «Балаңның мүгедек болатынын білесің бе? Қасық ұстай алса шүкір айтасың» деп дүңк еткізіп, бағжиып қарап отыратын советтік әскери дәрігер мұнда жоқ. Ата-ананың көңілі – Батыс ауруханаларында ең қымбат нәрсе. «Мүгедек» деген сөзді мүлдем қолданбайды. «Ой, ата-аналар, сендер асырып айтасыңдар» деп көп ешнәрсе сұрамай, өз қорытындыларын сот үкімі құсап оқып жүре беретін дәрігерлерге үйренген басымыз баланың ауруы туралы Лондонда алғашқыда ашылып сөйлей алмадық. Сол кезде ұлыбританиялық дәрігеріміз: «Біз үшін әрбір сырқат бала туралы негізгі мәлімет көзі – бұрынғы емдеуші дәрігері емес, оның ата-анасы. Өйткені баласының денсаулығы үшін ата-анасы ең құнды, ең сенімді ақпарат береді» деді. Дәрігерлердің ең әуелі баланың ата-анасына сенетініне кейін әбден көзіміз жетті. 24 сағат құрақ ұшып тұратын, баласы жылап ұйықтай алмаған анаға таңғы асына дейін әкеліп беретін медбикелердің мейірімін былай қойыңыз, мені ең қатты қайран қалдырғаны – жиырмашақты музыкалық аспабын ағаш арбасына салып алып, әр баланың палатасына кіріп, өзіне таныс ұлттық музыкасын ойнап, көңілін көтеріп жүрген жігіт болды. Ол да дәрігер болып есептеледі екен. Кенже қызымның музыкалық қабілетіне ерекше қайран қалып жүрді. Өйткені өз жасы үшін тым күрделі шығармаларды жақсы көретін болып шықты:) Қызымыз қазақша әлди әуенін, Бесаме Мучо мен Нора Джонстың блюздерін естісе, қалай ауырып тұрса да, бар тісін көрсетіп күлетін. Балалардың көңілін аулау үшін аурухана арнайы күшік ұстайды екен. Әлгі күшікті жетектеп күнде палата аралатады, балалар басынан сипап жетісіп қалады. Әлия Алматыда көрмеген халал тамақты Лондон ауруханасында ішті. Халал асы жоқ меню болмайды.

Дәрігерлердің ең әуелі баланың ата-анасына сенетініне кейін әбден көзіміз жетті. 24 сағат құрақ ұшып тұратын, баласы жылап ұйықтай алмаған анаға таңғы асына дейін әкеліп беретін медбикелердің мейірімін былай қойыңыз, мені ең қатты қайран қалдырғаны – жиырмашақты музыкалық аспабын ағаш арбасына салып алып, әр баланың палатасына кіріп, өзіне таныс ұлттық музыкасын ойнап, көңілін көтеріп жүрген жігіт болды.

fluoro

Ұшып-қонып жүрген сол бір асыл медбикелерден айлықтарын сұрасам, Еуропадағы орташа ғана жалақы. Кейбірінікі 1500 доллар шамасында. Дәрігерлер әлбетте әлдеқайда көбірек алады. Ақша, я сыйлық дәмету деген денсаулық сақтау жүйесіне ғана емес, менталитеттеріне мүлдем жат құбылыс.

Операция болатын күні палатадан алып кетуге келген «медата» (жасы алпыстың ортасындағы ағылшын ақсақал) қызымызды бар өнерін салып күлдіруге тырысты. Қабағы кіртиіп тұрғанын байқап,  «Қап-ай, ә! Операция алдында балалардың бәрінің көңілін көтеріп жіберуші едім. Мына қызым мені жатырқап тұр-ау» деп кәдімгідей мұңайды да, «Таптым!» деді. Сосын алмалы-салмалы протез тісін тілімен алға итеріп тұрып ашып қалып сақ еткізіп еді, қызымыз мырс етіп күліп жіберді. Оны көріп әлгі атасы мәз болды. Операция бөлмесіне Әлияға кәдімгі хирургтің киімін кигізіп қызымызбен қоса кіргізді. «Әйтпесе бала қорқады, сол себепті анасы да хирургтермен бірдей киініп көрінсін. Ханифа, қарашы мамаң да біз құсап күлкілі киім киіп алыпты. Цирк сияқты, ә?» деп жатыр қауқылдасып. Ұйықтату үшін наркозды бетіне маска жауып иіскете салады екен, сол сәтте хирургтермен бірге қызымыздың көңілін алдарқатып тұрған ағылшын медбике қыз «Масканы кигізбей тұра тұрыңыздар!» деп кілт тоқтатты да, ауызғы бөлмеге барып өзінің қол сөмкесіндегі райхан гүлінің жұпары бар вазелин әкеліп масканың ішіне жақты. «Наркоздың иісі нашар, егер сол иістен шошып, тітіркенген күйде ұйықтап кетсе, кейін операциядан соң жылап оянады. Енді жақсы болды, қызымыз райхан гүлін түсінде көріп күліп оянатын болды» деді. Осы сөзді естігенімде қанша қатты болсам да, көңілім босады. Ұлыбританиялық медицина қызметкерлерінің жаңа технологияны игеру деңгейіне, диагноз дәлдігіне, үздік емдеу және күтіп-бағу тәсілдеріне ғана емес, ең әуелі адамгершіліктеріне разымын. Ұшып-қонып жүрген сол бір асыл медбикелерден айлықтарын сұрасам, Еуропадағы орташа ғана жалақы. Кейбірінікі 1500 доллар шамасында. Дәрігерлер әлбетте әлдеқайда көбірек алады. Ақша, я сыйлық дәмету деген денсаулық сақтау жүйесіне ғана емес, менталитеттеріне мүлдем жат құбылыс. Ең бастысы – кез-келген ұлыбританиялық пен сол елде алты айдан артық уақыт қалуға рұқсаты бар шетелдік мұндай мекемелерде тегін емделеді. Бұл дәрігерлердің операциядан кейінгі реабилитация кезіндегі жәрдемі үшін миллион сөз жазсам да, жеткізе алмайтын алғысым зор.

Мұның бәрін тізіп жазып отырған себебім – қазақ атам «көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген. Жабдығы бар, маманы жоқ, жып-жылтыр бес-алты реабилитация мен медициналық орталықты бас қалаға салып қойып, қалған аймақ сарылып кезек күткен халімізді өзгелермен салыстырайық. Сосын өркениетті түрде хақымызды талап ете білейік. Алматы әкімдігінде жұмыс істеп жүріп бұл сорақы ахуалды осы медицина саласындағы әріптестеріммен талай талқылағам. Бәрі айналып келгенде әскери диктатуралық режимде құрылған, әскери менталитетті, әскери медицина кемшіліктеріне барып тіреледі. Барлық салаға тән таныс ахуал ғой. Дәл Лондондағы сияқты аурухана салып, соңғы құрал-жабдықтармен толтырып, қабырғаларын қызылды-жасылды етіп бояп қоюға мұнайлы ақшамыз жетеді. Бірақ әскери лагерь тәртібі мен вертикалдық коллективизм тудырған қатыгез менталитеттен және жемқорлықтан арылуға өреміз жетпей тұр. Қазіргі басты армандарымның бірі – Қазақстанда да шынайы азаматтық медицина принциптеріне негізделген балалар ауруханалары құрылып, мыңдаған ата-ана мен баланың көз жасы құрғаса деймін.

 Әлі де «Неменеге мақтай бересің сол Батысты дегіңіз келіп отыр ма?

«Facebook»-тегі парақшасынан алынды