Ел басқаратын тұлға жеті жылда жоспарларын толық жүзеге асыра алады – депутат

Dalanews 14 қыр. 2022 12:15 193

Мемлекет басшысының 1-қыркүйектегі Парламенттің біріккен жиынында жасаған Жолдауының ең негізгі түйіні осы Президенттің жалпы алдағы кезеңдердегі сайлау жүйесі және оның мерзіміне қатысты болды. Бұл ел ішінде көпетен бері айтылып келе жатқан мәселе болатын.

Конституциялық реформаларға байланысты саяси өзгерістерді  үстіміздегі жылы өткен референдумның логикалық жалғасы деп қабылдамауымыз керек.

«Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.  Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді» - деген еді Президент өз Жолдауында.

Мемлекет басшысы ең алғаш президенттікке келген кезде халыққа саяси реформаларды кезең-кезеңімен жасаймыз деп айтты ғой. Сол уәдесін, меніңше, іс жүзінде жүзеге асырып келеді. Соны бірінші кезекте айтуымыз керек. Содан кейін 7 жылдық мерзім ел, халықтың сеніміне ие болған тұлғаның мемлекет басқаруға келген 7 жылдық мерзімде мақсат-мұраттарын, ел басқарудағы өзінің ойға алған жоба-жоспарларын толық жүзеге асыруға болады деп айтуға болады. Және мұндай 7 жылдық мерзім басқару өзге мемлекеттердің конституцияларында бар.

Көрші Өзбекстан Республикасы өзінің саяси конституциялық реформаларын жасағанда, 7 жылдықтан екі жылдыққа ауыстырды. Халықтың наразылығы туындады. Президенттің өкілеттілігін қысқарту, билікті бір қолға ұзақ мерзімге беру диктатураға алып келеді дейді ішіміздегі саяси күштер. Сондықтан бұл өзгерісті саяси, демоктариялық жаңғырудың, мемлекет басшысының ойға алған жоспарының  жүзеге асып жатқаны деп қабылдадым.

Мемлекет басшысының нақты жеті жылдық мерзімге қатысты позициясы қоғам тарапынан әсіресе, мемлекеттің түрлі билік тармақтары, жекелеген саяси тұлғалар, түрлі қоғамдық ұйым мүшелері, әсіресе халықаралық сарапшылар тарапынан дұрыс бағаланып жатқанын біз баса айтуымыз керек.

Алдағы кезеңдерде осы қабылданған шешімге кейінгі Президенттер де бағына отырып, қабылдаған конституцияны сақтайды деп ойлаймыз.

Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x