Cоңғы жаңалықтар
Back

Мешіт дауы? Назарбаев халыққа қыр көрсетіп жатыр – саясаткер Қосанов

Экс-президент Назарбаев Астанадағы жаңа мешіттің ашылуына бұрын командасында болған бір топ адаммен келді. Бұл – қызу талқыланды. Arasha порталы осы мәселе төңірегінде саясаткер Әміржан Қосанға бірнеше сауал қойыпты.

– Назарбаевтың кезекті рет күзгі саяси науқан алдында командасымен көрінуі нені білдіреді?

– Бұл – нақты саяси сигнал! «Біз бармыз! Бізде осындай ғаламат мешіт салатындай қаржы бар! Бізді қолдайтын қалталылар жеткілікті!», – деген белгі.

Бізде саяси транзит әлі де жүріп жатыр. Және де бір қызық жағдай орнықты: өзін оппозиция санайтындар мен ескі Қазақстанды, яғни елбасы мен оның билігін қайта орнықтырғысы келген кертартпа күштердің тактикалық мақсат-мүдделері (яғни Тоқаевты тағынан тайдыру) бір-біріне дөп келіп тұр!

Бұл өзі жалпы саясатта да, Қазақстанның жаңаша тарихында да өте-мөте сирек кездесетін ерекше құбылыс! Осы екі күш бір-бірімен тіл табысуының өзі ел үшін орасан зор қауіп-қатер деп санаймын!

Бірақ, кім білген, қойдың терісін жамылған қасқырлар туралы әфсананы да естен шығармау керек! Өзін демократ атап, елге жағымды ұрандарды жар салып, саяси алаңға қайта шығатын (немесе формальды түрде басқаларды алға шығарып, өздері тасада қала тұратын) бюрократтар мен олигархтар да ертеңгі күні билік үшін таласуы әбден ықтимал!

– Елбасы туралы заң референдумнан соң неге бірден өз күшін жоймады?

Шын мәнінде ол заңның күшін референдумнан кейін келесі күні-ақ жоя салуға болар еді Біз заң тұрмақ, Конституцияның өзін бірнеше минөтте өзгерте салатын мемлекет емеспіз бе?!
Яғни, құқықтық механизм бар. Бірақ ол қолданылмады.

Меніңше, оның үш себебі бар.

Біріншіден, елбасы әлі де арамызда жүр. Оның 2019 жылы Тоқаевпен не туралы уағдаласқанын ішіміз сезсе де, нақты білмейміз. Бәлкім, Тоқаев сол келісімнің құрбаны боп отырған шығар.

Екіншіден, өзін «Жаңа Қазақстандықпыз» деп атап жүрген биліктің өзінде, соның ішінде, Тоқаевтың маңайында елбасының фанаттары бар екені айтпаса да, түсінікті. Осы заңға қатысты олардың бір ұстанымы бар болар.

Үшіншіден, қоғамның өзі әзірше бейқам, селқос. Халық тарапынан электоралдық тұрғыда рәсімделген, билік сескенетіндей талап жоқ. Бір-бірін жамандап, күйелеп жатқан, өзін ғана нағыз оппозиция, ал қалғандарын – жалған оппозиция санайтындардың ондай іспен тіпті шаруасы жоқ. Билік соны да пайдаланып отыр.

– Елбасы туралы заң күшін жойған жағдайда Назарбаевтың мәртебесі қандай болуы мүмкін?

– Кез келген өркениетті мемлекетте бұрынғы президенттерге қатысты арнайы баптар бар. Ол заңды деп санаймын. Өйткені, бас билікте отырып, мемлекеттік мүддені басшылыққа алып, өте-мөте қиын шешімдер қабылдауға мәжбүр әрбір басшы елдегі әртүрлі саяси күштермен айтысады, тартысады.

Сол себепті ол қызметінен кеткен соң оның дұшпандары бас көтеруі мүмкін. Солардың кек алуынан белгілі бір дәрежеде құқықтық кепілдіктер керек.

Бірақ ол басшы өз еліне, мемлекетіне қарсы шешім шығарса, жемқорлыққа салынса, саяси қылмыс жасаса, ондай кепілдік өз күшін жоюы керек деп санаймын.

Ассамблея мүшелері Жаңа Қазақстанның қабырғасын қалауға әзір – Марат Әзілханов