Жәкішов? Ол еліміздің уран кеніштерін су тегінге сатып жіберді – Шабдарбаев

Dalanews 01 там. 2022 15:46 361

Соңғы уақытта түрле кезеңде ҰҚК-ға басшылық еткен тұлғалардың сұхбат беруі жиіледі. Назарбаевтың тұсындағы томаға тұйық қалыптан арылып, ашылып, шешіліп сөйлей бастаған экс-төрағалар Жаңа Қазақстанның орнауын асыға күткендей әсер қалдырады деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айталық, 2006-2009 жылдың аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Амангелді Шабдарбаев сол тұстары талай саяси дүмпудің алдын алғанын айтыпты. Қаңтар қырғынына ұқсас оқиғалардың ұшқыны сол жылдары байқала бастаған.

Алайда арнайы қызмет өкілдері елдің шырқын бұзуды көздеген қысқа балақты, қауға сақалды лаңкестердің жолын кескен.

Оның тұсында ҰҚК-да ұлттық қауіпсіздікті ұлттық мүддемен ұштастырған кадрлар шоғырланыпты. Салафиттердің серкелерін қолға түсірген комитет өкілдері ірі үш қылмыстық топты ыдыратып жіберген. Топ мүшелерінің көпшілігі қолға түсіп, енді бірі шетел асуға мәжбүр болған.

Сөй деген Шабдарбаев:

"Біздің кезімізде лаңкестер көшуге шығуға қаймығатын еді. Біз олардың әр қимылын аңдып отырдық. Мұндай жағдайда президенттің бұйрығын күтіп отырмайтын, арнайы алгоритм әзірледік", – дейді.

...

Globalnews.kz порталына берген сұхбатында Шабдарбаев ҚазАтомның экс-төрағасы Мұхтар Жәкішевке кінә артыпты.  Назарбаевтың нұсқауымен "уран ісімен" ісімен айналысқан Шабдарбаев Мұхтар Жәкішев пен өзіне дейінгі ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаев ауыз жаласқан деген пікірде.

"Жәкішевтің "уран ісімен" айналысу бізге жүктелді. Екеуінің телефон арқылы тілдескенін, осы әңгімеде Жәкішевтің Дүтбаевты "бауырым" деп жақын тартқанын дүйім ел естіді.

Мұхтар жапондарға уран кеніштерін бөліп берді, Нартай екеуі осы істі әрі қарайды жалғастыра түсуге мүдделі болды. 


Бірақ мен бұл келісімнің жолын кестім, Жәкішевтің маған бұртиып жүргені содан", – дейді ол.

Шабдарбаев Дүтбаевтың уран саудасынан үлес дәметкенін айтады. Бұл іске Жәкішевтен бөлек әзір Францияда жасырынып жүрген әйгілі Мұхтар Әблязов та атсалысқан. Әблязов Дүтбаевтың дәметкен ақшасын беретінін (келіссөз сомасының 10 пайызы, шамамен 300 млн доллар) айтқанмен жеме-жемге келгенде тақырға отырғызып кеткен.

"Ол Дүтбаевтың үлесін 2009 жылдары қалт-құлт етіп, банкроттың алдында тұрған БТА банкке бағыттап жіберді. Нартай уәде етілген үлесін ала алмай, сан соғып қалды. Әблязов та, Жәкішев те айыпты. Жәкішев уран қорымыздың 60 пайызын шетелдіктерге су тегінге сатып жіберді. Сол тұстағы келісім шарттарды ақтарған болсаңыз, барлығында Мұхтардың қолы тұр. Назарбаев тұсындағы жиі-жиі ауысатын Үкімет басшыларының бірде-бірі мұны аңдамаған...", – дейді Шабдарбаев.

ҰҚК-ның бұрынғы басшысы бұдан бөлек Заманбек Нұрқаділов туралы пікір білдіріп, оның өлімін тергеуді қайта бастау қажеттігін айтыпты.

"Марқұм Заманбектің ұлы Қайрат бірнеше рет баспасөзде әкесінің өлімін  Бас прокуратура қайта қарастыруын сұраған. Ұлы сұрап отырса, мүмкіндік беру керек деп ойлаймын.

Кімнің дұрыс , кімнің бұрыс екенін тағы да тергеп, көз жеткізу керек. Бұл сұраққа қатысты нақты жауап бере алмаймын. Себебі қылмыстық іспен ІІМ айналысты. Әрине, ҰҚК  шетте қалмады, халық тергеудің дұрыс жүріп жатқанын ұғынуы мақсатында бақылаумен айналысты.

Мен Нұрқаділовті жеке таныдым. Өте батыл адам еді. Шындықты айтудан қорықпайтын. Өз пікірін ашық айта білді. Мұндай азаматтың  өзіне-өзі қол жұмсағанына сенбеймін", – дейді ол.

Шабдарбаев Қаңтар оқиғасы алдын ала ұйымдастырылғанына сенімді.

"Мақсаттары — билікке келу. Олар Қасым-Жомарт Тоқаев халық толқуынан қорқып, Қырғызстанның бұрынғы ел басшылары сияқты мемлекеттен қашып кетеді деп ойлады. Бірақ ойлары іске аспады.

Енді  кейбір қашқындар Президенттің сөзін бұрмалап, ол халыққа от жаудырыңдар деген бұйрық берген деседі.


Ел басшысы бейбіт халықты емес, қаруланған террористердің көзін ескертусіз жоюға тапсырыс берді", – дейді ҰҚК-ның экс төрағасы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x