"Тимурдың адамы...". Болат Әбілов Бас прокурордың орынбасарына қатысты шулы мәліметті жария етті

Dalanews 29 шіл. 2022 11:53 281

Қаңтар оқиғасынан кейін саяси кеңістікке қайтып оралған Болат Әбілов президент Тоқаевқа үн қатты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұған дейін Әбілов Қазақстаннан астыртын жолмен шығарылған активтерді қазынаға қайтаруды көздейтін "Elge Qaitaru" қорын құрған.

Соның алдында Тоқаев тапсырмасымен өткен отыз жылда заңсыз жолмен шетел асқан капиталды елге қайтару жөніндегі комиссия құрылған еді.

Әбіловтың атап өткеніндей комиссия жетекшілерінің арасында ескі жүйенің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын шенділербар. Соның бірі – Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов.



"Ол комиссияның қатардағы мүшесі болса бір жөн, осы ұйымның жетекшілерінің бірі!  Бұл азамат ұзақ жыл бойы атышулы Тимур Құлыбаевпен қойын-қолтықтасып жұмыс істегені, оның командасында болғаны жасырын емес.

Осы себепті де Мемлекет басшысынан Байжановты комиссия құрамынан жедел түрде шығаруды сұраймыз. Комиссия сапында әулеттің өкілі – Құлыбаевтың адамдары отырғанда Қазақстаннан шығарылған активтерді кері қайтаруда шынайы күрес болады дегенге күмәнмен қараймыз", – деді қор құрылтайшыларының бірі, тіркелмеген "Біздің таңдау" партиясының жетекшісі Болат Әбілов.

Биыл қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды" деген еді.


"Elge Qaitaru" қоры өкілдері президент осы 162 адамның есімін атауды, олар өздері иелік ететін дүние-мүліктің заңды жолмен табылғанын дәлелдеуі керек деп отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x