Cоңғы жаңалықтар
Back

Жаңа Қазақстан Назарбаев әулетімен келісімге келген сынды – саясаткер

Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшім Adyrna.kz ұлттық порталына сұхбат беріп, Назарбаев әулетін ғана емес, сонымен қатар мемлекет қызметкерлерінің, сот жүйесінің көмегіне сүйеніп тонағандарды да жазалау керектігін айтқан.

“Тек Назарбаевтың туған-туысқандары, жақындары, қыздары, күйеубалалары Қазақстанды тонады. Тек солар ғана қылмыскер. Басқа бәріміз сүттен ақ, судан тазамыз» дегенге мен ешқашан сенбеймін. Байлық пен билікті біріктірген жүйе құрып, осы заңды шығарған Парламент депутаттары жауап беруі керек.

Осылардың барлығын неге тексермейді? Әр түрлі жолмен жинаған қаржыларын, байлықтарын «өз еріктерімен қайтарып жатыр» дегенге мен сенбеймін. Оған ешкім де сенбейтін шығар.

Демек, оларға белгілі бір деңгейде әсер етті. Қолдарын қайырды ма? Келісімге келді ме? Ал бұл демократиялық қоғамда болмайтын жағдай.

Егер олардың сол алған байлықтарының заңсыз екені анықталатын болса, ол сот арқылы қайтарылады. Сот оларға «осыншама ақшаны ұрладың» деп алдарына белгілі бір мәселе қояды.

Егер олар соның белгілі бір бөлігін қайтарса, мүмкін жазасы жеңілденетін шығар. Бірақ, мысалы Қайрат Сатыбалды «Қазтелекомның» 28,8% пайызын өзі қайтарды дегенде мен өз басым сенбеймін,- дейді Дос Көшім.

Саясаткердің айтуынша, бұл жерде құқықтық мемлекетке сай емес мәселелер жүріп жатыр. Мүмкін олар өздерінің заңсыз алған байлықтарының 10 пайызын ғана қайтарып, қалғанын өзімен бірге алып кету жөнінде келісім жасаған шығар.

Дос Көшімнің айтуынша, бұл жүйені пайдаланған тек қана Назарбаевтың туысқандары деп ешкімді сендіре алмайсың.

«Осы жердегі олигархтардың ешқайсысы кетпенімен бақшаны шауып, оған қауын пісіріп, күндіз-түні күннің астында жүрген жоқ сияқты… Тек қана бір отбасын беріп, басқаларда еш нәрсе жоқ сияқты көру болып жатыр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Тек соларды ұстап беріп, басқаларын жасырып қалатын сияқты күдік қалдырады…

Үшінші мәселе – тұтқындалған адам дейміз бе, қылмысы дәлелденген адам дейміз бе? Немесе билік оның қолын қайырған дейміз бе?

Өздерінің бір нәрселерін беріп жатыр дейік, иә. Ана жақтан 3 млн тапты, мына жақтан 20 млн тапты. Жапониядан қайтарылды. Біріккен Араб Әмірліктерінен қайтарылды деген мәселелер көбейіп жатыр. Көптеген жерде рейдерлік тәсілменен басқаларының бизнесін басып алды дейді.

Енді осылардың бәрін жасаған уақытта олар жалғыз өздері жасаған жоқ қой. Осы жерде міндетті түрде мемлекет қызметкерлері, сот жүйесі көмектесті. Осылардың барлығын неге тексермейді?», – дейді Дос Көшім.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, Назарбаев әулеті сол байлықты жинаған уақытта қаншама заңсыздықтар орын алғаны сөзсіз.

“Сол Заңды жасаған Парламент депутаттары жауап беруі керек. Бізде байлық пен билікті біріктіретін жүйе құрылды. Сол жүйені құрып, осындай заңдарды дайындап шығарған осы біздің Парламент депутаттары. Рейдерлік кезінде біреудің бизнесін басып алып, тонағандардың бәрі сот жүйесінің көмегіне сүйенгені айдан анық. Ол сот жүйесін неге анықтамаймыз?

Қысқасы, ешқандай тексеру жоқ. Қоғам ешнәрсе білмейді. Біз тек қана ең соңғы нүктесін ғана көріп жатырмыз. «Мынадай нәрсені қайтарыпты, мына нәрсені қазір алып жатыр, бұл Үкіметке өтіп жатыр» деген мәселе… Ол әрине қоғамда сан түрлі пікір туғызады. Бұл билікке деген сенімсіздікті ұлғайта түседі.

Иә бір жағынан Назарбаевтың туысқандарын құстырып жатырмыз деп қуанатын шығар. Бірақ, олай демократиялық елде олай құстырмайды ғой… Демократия дегеніміз – оның бәрі де ашық болады. Оның бәрі заңды болады. Мен осы ашықтық пен заңдылықты көріп отырған жоқпын. Тек соңғы нүктесі “қайтарылған мәселені” көріп отырмын. Сол қайтарылған ақшалар қайда кетеді?

Менің ойымша, бұл екі түрлі жағдайға жұмсалады. Біріншісі – конфискация. Егер мемлекет шын мәнінде заңды түрде конфискация жасаса, ол қазынаға құйылады. Ал егер оның алғанының бәрін қайда кеткенін білмейтін болсақ, бұл онда бір жемқорды екінші жемқордың тонауы болады. Қысқасы, бірінші топтың жинап алғандарын екінші топ ұстап алып, оны қайта бөліске салуы әбден мүмкін. Заңсыздық болған жерде бұл міндетті түрде орын алады, – дейді Дос Көшім.

 

Қазақстанда қай банк теңге депозиттерін көтерді?