Смайылов? Жаңа Қазақстанға Батыс елдерінен мықты менеджерлер алдыру керек

Dalanews 15 шіл. 2022 05:45 224

Dalainside телеграм арнасы: "Отбасы" факторы кетті. Вакуум қалды. Шынымен де "Жаңа Қазақстанда" өмір сүру үшін бізге қанша уақыт керек?" деген сауалға жауап іздеген екен.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы месседждері қазіргі Қазақстандағы жағдайдың риторикалық дилеммада тұрғанын көрсетеді.

Осы сөздерді түсіндіру үшін тағы да көп сөз жазу қажет. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда "тағы да бірдеңе деу" аса қажет болып тұр.

Осы Үкімет отырысына дейін, "DALA инсайд" ескі Қазақстан дәуірінде автожол құрылысында субподряд алып жұмыс істеп көрген азаматпен, ауыл шаруашылығымен айналысып, субсидиядан көңілі қалған азаматпен, дәрігерлік жұмысын тастап, донер жасауға бет бұрған замандаспен "асүйдегі" ұзақ философиялық кештің былайша айтқанда модераторы болып көрген еді.

Одан бірнеше тезистер алуға болады:

1. "Отбасыға" жақын ықпалды топтар системадан кетіп қалған.

Бірақ әр салада сол система қалып отыр, себебі балама - яғни, басқа система жоқ. Қалып қалған адамдар сол ескі системаны жалғастырады, олар одан басқа ештеңені білмейді.


2. Адамдар (сол ескі системадан әйтеуір табыс тауып, отбасын асырап отырғандар) өзгерістен қорқады екен. Олар жемқорлық өршісе де, әділетсіздік болып жатқанын көріп тұрса да, ең алдымен тұрақтылықты қалайды. Яғни, біреуге айына 100 мың теңге пара (не әр тендерден 10-15% откат) беріп отырса да, оның әділетсіз екенін білсе де, әйтеуір сол жолға қойылған, аз-маз табыс алып отырған тірлігін жалғастыра бергісі келеді. Себебі ипотекалары бар, балаларын оқытып жатыр. Олар өзгеріс болса, осы табысынан да айрыламын деп қорқады.

Осыдан-ақ Президенттің алдында өте күрделі миссия тұрғанын байқаймыз. Ескі системаны толықтай алып тастап, жаңа система жасау керек. Ол үшін тіпті шенеуіктер емес, орта таптың, яғни экономиканың әр секторында еңбек етіп, өзін-өзі тендер, заказдармен асырап жүрген, шағын бизнес ұстап отырған адамдардың үрейін сейілтіп, психологиясын өзгерту қажет. Бұл өте қиын, және 1-2 жылда біте қоймайтын дүние.

Назарбаев өз системасын қалай құрды? Оның басты идеологиясы: "сендер саясатқа араласпаңдар, мені қолдаңдар. Ал мен сендерге өмір сүруге жетерлік тұрақты табыс беріп отырамын" деген тұрғыда болды.


Адамдар оған келісті. Бірақ системадағы ақша ағынын бірінші президентке жақын топтар толық өз қолына алып алғандықтан, адамдар әділетсіздікке шыдамады. Назарбаев системасы осылайша сыр берді.

Қазіргі президент системасы "әділеттілік факторын" бірінші орынға қойып отыр. Бұл қуантарлық факт.

Бірақ бізде "әділеттілік немесе тұрақтылық" деп таразыға салатын болса, тұрақтылықты таңдайтын адамдар аз емес. Осы 30 жылдың ішінде тұрақты табыс гарантиясы берілсе, әділетсіз Қазақстанда да өмір сүруге келіскен адамдардың үлкен шоғыры пайда болды. Олар көпшілікті құрап отыр.

Жаңа системаны адамдар қабылдау үшін әділеттілік факторымен қоса, тұрақтылық гарантиясын да беру керек. Яғни Президент "азаматтар, сендер қазір тауып отырған 500-600 мың теңгелеріңнен айрылып қалмайсыңдар, керісінше әділеттілік орнағанда осы табыстарың артады" деген сигнал берген жағдайда, "Жаңа Қазақстанды" құруға деген мотивация еселей артатын сияқты.

Ең басты трагедия - идея жоқ. Ескі система бәрімізді жаңа идея айтпауға, тіпті ол туралы ойланбауға, бас шұлғып орындай беруге, кез-келген қағазды 10-15 мекемеден "согласование" жасап алуға, жауапкершіліктен қашуға үйретіп тастаған. Бәрімізді "Назарбаев системасының зомбилері" деп айтуға болады.

Енді осы зомбиге "Жаңа Қазақстан құр", жаңа идея айт дегенде, оның басындағы процессоры "зависать" етіп, не істерін білмей абдырап отыр.

Президент пен Үкімет арасындағы картина осы. Үкімет мүшелерінің (министрлер, әкімдер, барлық атқарушы аппарат) процессорлары қатып қалды. Себебі олардың виндоустары ескі.

Бір идея бар: Жаңа Қазақстанға Премьер-министр, министрлер, облыс пен қала әкімдері лауазымына 4 жылдық контрактпен Германия, Жапония, Британияның мықты менеджерлерін алу керек.


Бізге спецконтрактпен осындай 40 менеджер жетеді. 4 жылдан кейін олар еліне қайтады. Ал біз шынымен де "Жаңа Қазақстанда" өмір сүретін боламыз.

 

https://dalanews.kz/del-qazir/79380-olimpbet-baygeden-qazaqstan-chempionaty-zhuld

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x