«Мемлекет мүддесін қорғай алмады». Тоқаев екі министрге сөгіс жариялады

Dalanews 14 шіл. 2022 10:29 230

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Кеңейтілген жиында Тоқаев екі министрге сөгіс жариялады. Олар – вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Президент еліміздегі қант тапшылығын сөз етіп, бұрын пайдалануға берілген жеті қант зауытының бүгінде тек төртеуі жұмыс істеп тұрғанын сынады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша қантының үлесін 6 есеге – 2026 жылға қарай 7-ден 43%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Дегенмен, соңғы 4 жылда қант қызылшасының алқабы үштен бірге қысқарып кеткен.

– Қазақстан қант импортына 90% тәуелді. Бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімге жүгінуге болады, бірақ қалай болғанда да бұл Үкімет тарапынан жасалған өрескел қателік. Сондықтан олар мемлекеттің ұстанымын қорғаған жоқ. Сондықтан министрлер – Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент инфляцияны тұрақтандыру керектігін айтып, Үкімет жұмысын сынға алды.

– Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттады.

Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр.

Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ, – деп түйіндеді Тоқаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x