Cоңғы жаңалықтар
Back

Назарбаев бізді Еуразиялық одаққа кіргізе жаздады – әзірбайжан сарапшысы

Әзірбайжан билігі бөгде елге басып кірген Кремльдің сумақай, сотқар саясатын қолдамайды. Әзірбайжан халқының басым бөлігі осы соғыста Киевтің жеңіске жетуін тілеп отыр. Әзірбайжан қоғамындағы ресейшілдердің үлесі мардымсыз, сондықтан олардың үні әлсіз естіледі. Халық соғысқа жан-тәнімен қарсы, кезінде Назарбаевтың үгіттеуіне ермей, Еуразиялық одаққа кірмегендерін ұтымды шешім деп есептейді.

Әзірбайжан сарапшысы Анар Валиев осы жөнінде кеңінен ой өрбітіп, Бакудың бүгінгі беталысы мен саяси ұстанымы жөнінде сөз қозғады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

90-жылдардың топалаңында Таулы Қарабақтан айырылып, тек отыз жыл өткесін ғана туған топыраққа табаны тиген әзірбайжандар Украинаның ту-талақайын шығаруды көздейтін Кремльді қарғап-сілеп отыр.

Халықтың 90 пайызы украин қоғамының жан жарасын жақсы түсінеді.  Жүрген жерінде сепаратистік сананың дәнегін сеуіп, бөгде елдің территориясын жәукемдегісі келетін Ресейден алыстай түскенді қалайды.

Украинаның қазіргі күйін Әзірбайжан халқы сонау 1988 жылдан күні кешеге дейін бастан өткеріп келді. Отыз жыл бойы іштен тынуға, Мәскеудің қабағына қарайлауға мәжбүр болды. Бұл іске Түркия килікпегенде Таулы Қарабақтың атажұртына оралуы да неғайбыл еді…

Сөй деген Анар Валиев «ресми Баку Украин жеріндегі квазиқұрылымдардың ешбірін мойындамайды. Көрші елдің аумағына ауыз салған Ресейдің саясатын құптамайды» дейді.

Сөйте тұра, Әзірбайжан билігі әлі де болса, осы ойын Кремльге ашық айтатын деңгейге жете қойған жоқ. Баку Мәскеумен арадағы сыйластыққа сызат түскенін қаламайды. Десе де, қоғамның көңіл күйі белгілі.

«Ресей Таулы Қарабақты қайтару жолында түрлі тәсілге барған, қантөгістен бас тартып, атақонысты дипломатиялық жолмен қайтаруға тырысқан Әзірбайжанның бүткіл әрекетін еш кетіріп отырды.

Өткен отыз жыл бойына Мәскеу Ереванның қолтығына су бүркумен келді. Мәскеуге бұл кикілжіңнің асқына түскені, созыла түскені тиімді еді. Армянның артында орыс тұрды. Осы себепті ұзақ жыл бойы туған топырағымызға орала алмадық. Әзірбайжандардың 90-95 пайызы Украинаны қолдайды», – дейді сарапшы.

 

Ресейге қатысты Бакудің саясаты осы күнге дейін Кремльдің шамына тиетін шектен шыққан емес. Антиресейлік саясаттың салдары мемлекеттің шаңырағын шайқалтып, жерінен айырылатын жағдайға жеткізеді. Баку мұны 1992-1993 жылдары бастан өткерген.

«Ол тұстағы Әзірбайжан үкіметінде ұлтшылдардың үлесі басым еді. Әбілфаз Елшібей жетекшілік еткен ел үкіметі «біз Батысқа бет аламыз, Ресейдің керегі шамалы, орыстың құндылықтарын сыпырып-сиырып күресінге тастаймыз» деген ұран көтерді.

Таулы Қарабақтан осы тұста айырылдық. Антиәзірбайжан саясатын ұстанған Ресей Ереванды қолдап, біздің әскер Қарабақ үшін шайқаста кері шегінді, ең қымбат қазынамыз – жерімізден айырылдық.

Кейінгі басшылар Елшібейдің қателігінен тағылым алып, антиресейлік үгіт-насихаттан бас тартты. Ресейден жылыстау процесі баппен, баяу жүргізілді», – дейді Валиев.

Бүгінгі күні Баку Мәскеуге жалтақтамайды. Себебі оның Түркия дейтін тірегі бар. Түріктер тамырлас ұлтты Ресей мен Ираннан төнген қауіп-қатерден қорғауға сақадай-сай.

Түрік факторы – Бакудің адымын аштырып, шынайы саяси дербестікке жетуіне жәрдемдескен.

Әзірбайжан Ресейге қатысты ешбір санкцияға қосылмаса да, Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтынын батыл мәлімдей алады. Мәскеудің Бакуды қорқытып-үркітерлік қауқары болғанмен де, оның тасасындағы Түркиямен дүрдараз болғанды қаламайды.

Ал Таулы Қарабақ тақырыбында бірбеткей, қатқыл позиция ұстанады. Баку бұл тұрғыда Мәскеудің бопсалауына көнбейтінін ашық аңғартқан.

Сөй деген Анар Валиев: «атышулы Соловьевтің өзі Әзірбайжанға қарсы келуге қаймығады. Қарабақ мәселесін талқылаған Кремльдің қолшоқпарларын бір емес, бірнеше рет басып тастадық», – дейді.

«Түнеукүні ресейдің «РИА-новости» агенттігі осы тақырыпты қайта қопсытып, Таулы Қарабақты Ереванға қайтаруды көксейтін әлдебіреудің сұхбатын жариялады. Әлгі Әзірбайжан туралы ауыр сөз айтыпты. Сепаратистерді сайратып қойған «РИА-новостиге» сол күні сазайын бердік. Агенттіктің әрекеті арандату деп бағаланып, Әзірбайжан аумағында ақпарат таратуы толықтай бұғатталды», – дейді сарапшы.

Естеріңізде болса, Қаңтар және ақпан оқиғасына дейін экс-президент Назарбаев Әзірбайжанды Еуразиялық одақтың қатарына өтуге үгіттеген болатын, Бакуді ұйымның толыққанды мүшесі болмаса да, бақылаушы ретінде атсалысуға шақырған.

Анар Валиевтің айтуынша, Назарбаевтың ұсынысын Мәскеу іліп әкетіп, Әзірбайжанның ұйым қатарына өтуін таразыға тартқан қызу талқылау жүрген.

«Біз антиресейлік ұстанымдағы ұйымдардың қатарына қосылмаймыз, сонымен қатар «орыс әлемінің» өрісін кеңейтуді көксейтін күмәнді құрылымдардан ауаша жүреміз.

Назарбаев тақтан таймай тұра, Әзірбайжанды Еуразиялық одақтың қатарына кіруге қолқалаған. Мүшелікке өту мүмкін болмаса, бақылаушы статусын беруді сұраған. Алайда Путиннің шапқыншылығынан кейін әлгіндей әңгімелер сап тыйылды.

Қазіргі Әзірбайжан лидері мұқым әлем теріс айналған Ресейдің саяси құралы – Еуразиялық одаққа өтуге талпынса, халық мұны сатқындық деп бағалар еді. Көпке ұзамай, Назарбаевтың соңынан ілесіп, орынтағынан айырылар еді.

Баку Ұжымдық қауіпсіздік ұйымынан да іргесін аулақ салғанды жөн көреді. Армения бұл құрылымдардың белсенді мүшесі. Ереван мен Бакудың саяси ұстанымы мүлде тоқайласпайтыны айдан анық.

Әзірбайжан қоғамы Еуразиялық одақты өлі туған жоба деп есептейді. Бұл одаққа кіргеннен опа таппаймыз. Ұтарымыздан, ұтыларымыз көп. Мұны билік те, халық та түсініп отыр. Путинсіз, Мәскеусіз бұл ұйым ертесіне-ақ жан тапсырады.

Еуразиялық одақ жаңа ғасырдағы Ресей отаршылдығының символы іспеттес ұйым. Ресей агрессиясы мен экспансиясының өзгерген түрі. Әзірбайжан бұл одақтан барынша аулақ жүрген дұрыс деп санайды», – дейді сарапшы.

Валиевтің пайымдауынша, егер Түркия қол ұшын созбағанда Әзірбайжанның Қарабақ қақтығысында басым түсуі неғайбыл еді. Анкараның әскери көмегі атақонысты басқыншылардан толық тазартып, Бакуге қайтаруға мүмкіндік берген.

Әйгілі Байрақтар, түрік әскери элитасының майдан даласындағы тәжірибесі, ұрыс жүргізудегі машығы, кәсібилігі Әзірбайжанның жеңісіне жол ашқан.

Қарабақ қақтығысынан кейін екі ел арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілген.

Күні кешеге дейін Ресейдің әскери техникасын сатып алып, сол арқылы Мәскеудің көңілін аулап келген Баку Қарабақ соғысынан кейін орыстың қару-жарағынан бас тартқан.

«Орыстың қару-жарағы түрік технологиясының шаңына да ілесе алмайды. Түріктің әскери қолбасшылары Әзірбайжанға келіп, әскерімізді жауынгерлік өнерге баулуда. Түркия мен Әзірбайжанның әскери оқу-жаттығу жиындары ешкімді таңғалдырмайтын, дағдылы, қалыпты дүниеге айналды. Ресейге қарайлайтын, жалтақтайтын жаман мінезден арылдық! НАТО елдерімен де әскери жиындарды үзбей өткізудеміз.

Әзірбайжандар мен түріктер бір елден бір елге төлқұжатсыз-ақ қатынай алады», – дейді Валиев.

Сарапшының топшылауынша, мұның соңы Түркия мен Әзірбайжанның әскери-саяси һәм экономикалық одаққа бірігуімен аяқталады. Бұған шамамен 5-7 жылдан кейін куә боламыз.

Екі ел арасындағы шекара жойылып, Еуроодақ іспетті біртұтас аймақ құрылады.

Екі елдің экономикасы, саяси жүйесі, әскери саласы бір қазанда қайнап,  Түркі одағын құрудың алғышарты әзірленеді.

Түрік пен әзірбайжан бір одаққа бірігер болса, Орта Азиядағы бауырлас елдер қайтпек? Бәлкім, олар да осы ұйымға кіруге қарекет қылатын болар?..

«Әрбір әзірбайжанның жүрек түкпірінде Орта Азиядағы түркі елдерін бір одаққа біріктіру туралы ұлы мұрат, асыл арман бар. Түркі одағы – түркі өркениетінің кеңістігін кеңейтіп, «орыс әлемін» тежейтін айбынды күш болар еді.

Алайда, қазіргі жағдайға шынайы баға беруге тиіспіз. Орта Азия елдерінің дерлігі Ресейдің ашса алақанында, жұмса жұдырығында отыр. Түркіменстан мен Өзбекстан секілді мемлекеттер бұл одаққа өтуге құлықты еместей көрінеді. Ташкенттің мұндай ұйым құруға ықылас танытқанын естіген де, көрген де емеспіз.

Қазақстан мен Қырғызстан Кремльдің уысында, Еуразиялық одақтың талап-шарттары Ақорда мен Бішкекті шырмап тастаған.

Анығы, Әзірбайжаннан өзге ешбір ел бұл одақты құруда ақырына дейін күресуге әзір емес. Мұны Анкара да түсінеді. Түріктерге шамалы уақыт беру қажет. Асығыстық танытар болсақ, Мәскеу Орта Азияда аласапыран орнатады», – дейді сарапшы.

Уақыт өте келе түрік билігі Ресейді қос өкпеден қысып, Орта Азиядан тықсыра бастайды. Алайда дәл қазір толыққанды Түркі одағы туралы әңгіме қозғауға тым ерте деп пайымдайды әзірбайжан саясаттанушысы.

Сарапшының сөзін түйіндер болсақ, Баку Мәскеудің ықпалынан біртіндеп құтылуды көздейді. Саяси, экономикалық тұрғыда Кремльге телміргенді қаламайды. Әлі күнге дейін отаршыл санадан арылмаған Ресеймен алыстан араласып, имперлік пиғылдан ада Түркиямен одақ құруды армандайды.

«Түркиямен әскери-саяси одақ құрарлық деңгейде жетсек, саясат пен экономикадағы дербестігімізді сақтар едік, ұлттық идентілігіміз бен болмысымызды біреу-міреу отарлайды деген қауіптен де біржолата арылар едік», – дейді әзірбайжан сарапшысы.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ

Тағы оқыңыз:

«Мемлекет мүддесін қорғай алмады». Тоқаев екі министрге сөгіс жариялады

«Иран Ресейге әскери көмек көрсетуге міндетті емес». Тегеран соғыстың өршуіне мүдделі емес екенін айтты