Cоңғы жаңалықтар
Back

Жаңа Қазақстан? 1,5 млн га жер тек отыз адамның меншігінде – депутат Кузиев

Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев биліктің жер иеленушілерге тісі батпай отырғанын айтып, Экология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовке сауал жолдады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Референдум алдында аймақтарды аралап, халықпен жүздескенін тілге тиек еткен депутат Алматы облысы мен Жетісу облысының таулы, орманды аудандарында жер мәселесі жиі айтылғанын атап өтті.

Мемлекеттік орман қоры жерлерін жекелеген адамдардың аң шаруашылығы үшін пайдаланып отырғанын ашық айтқан Кузиев:

“Аз ғана топтың жалпы халыққа арналған, оның ішінде ең жақсы жерлерді иемденіп алғаны бізді қатты ойландырады. Тіпті, орманшылар арасында «Зона покоя» деп аталатын аймақтарға қол салып, аңдарды жаппай жою әдетке айналған.

Алматы облысындағы Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында орманды жерлерді аң шаруашылығы үшін барлығын таратып беруден мемлекет не ұтты деген заңды сұрақ шығады.

Түсінікті болу үшін мына мысалдарды келтірейін. Кеген ауданында мемлекеттік орман қорынан 415 мың гектар жер 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 523 мың гектар жерді небары 11 адам аң шаруашылығы үшін қоршап алған.

Ал Ұйғыр ауданында жағдай тіпті қиын. Жергілікті әкімдік мәліметінше мемлекеттік орман қоры мен мемлекеттік жерден 415 мың гектар жерді бар-жоғы аң шаруашылығын жүргіземіз деген мақсатта 6 адам бөліп алған. Бұл аудандағы орманды жерлердің 97 пайызын құрайды.

Сонда тек қана осы үш ауданда бір жарым миллион гектар жер бар-жоғы 30 адамның ғана қолында”, – дейді халық қалаулысы.

Оның айтуынша 2000-шы жылдарға дейін жайлаудағы орман шаруашылығы Лесхоздарға қараса, жерін халық шабындық пен мал бағуға қолданатын.

Бүгінгі таңда халық малды ауылдағы қорасында қамап ұстап, санитарлық-ветеринарлық талаптарды бұзуға мәжбүр. Себебі жайлаудың «қожайындары» соңғы 15-20 жылда малды ол жерге кіргізбейді.

“Бұл мәселе туралы аудан халқы облыс әкіміне, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жазудан шаршаған.

Аталған аң шаруашылықтарының иелері Алматы, Нұр-Султан, Талдықорған сияқты ірі қалаларда тұрады. Ал, ауыл халқының мал жайып, шөп шабатын жерлеріне аң аулап, саят құру үшін анда-санда келеді.

Бұл елдің ашуын тудырып, әлеуметтік теңсіздікке соқтырады. Осы жерлерге қатысты жедел шешім шығаруды сұраймын.

Құрметті Серікқали Аманғалиұлы!  Жаңа Қазақстанның құрылып, елде жағдайдың жақсаруын ауыл халқы да қалайды. Сондықтан, мен айтып отырған әділетсіздік принциптері жойылуы керек. Халық өз жерлерін жазда жайлау ретінде пайдаланып, керемет табиғат саясында экотуризмді дамытуға мүмкіндік жасалу керек деп санаймын.

Қазақтың заңғар тұлғасы Мұхтар Әуезов айтады. «Қай істің болсын, оң болуына үш шарт бар: ең бірінші ниет керек, одан соң күш керек, сосын – тәртіп керек» деген. Осы айтылған мәселеге мемлекеттік жауапты органдар оң көзімен қарайды деп сенемін”, – дейді депутат.

Тағы оқыңыз:

Ақтаудың қоғамдық көліктері 100 пайызға жаңарды