«Қазақ тілін үйренуге зауқы жоқ». Журналист Сәтбаевтың «популист» екенін айтты

Dalanews 15 мау. 2022 09:18 164

Айдос Сарымның айтқан пікірімен келісемін. Мен үшін қашанда кім айтқаны маңызды емес, не айтқаны маңызды. Адамның өзі емес, айтқан пікірі маңызды болуы керек. Айдостың бұл жолғы экспрессивтік сөзі сәл-пәл қарабайырлау шықты, әрине. Өз деңгейінде емес. Дегенмен айтар ойын бәріне жетерліктей етіп түсінікті жеткізді. Құр бос «балабол-задушевник» болмай, іске аралас, сырттан сынай бермей іштен араласып, жұмыспен дәлелде жігіт екеніңді білдір деп кесіп айтты. Онда тұрған не бар?

Досым Сатпаев, шын мәнісінде, сырттан тұрып сынауды ғана біледі. Айдан анық фактілерді констатациялаудың хас шебері, дәлелдерді қажет етпейтін, елге әбден белгілі болған проблемаларды майын тамызып жариялаудың маманы.

Шынына келгенде, өте ыңғайлы позиция. Билік тарапынан претензия бола қалса, «мен не істеп қойыппын, жұрттың бәрі соны айтып жүр ғой» деуге жақсы.

Ал сол айтылған проблемаларды шешудің жолдарын сұрасаң, ол баланың айтары жоқ. Қалбалақтайды да қалады. Ондай адамдарды негізінде «популист» дейді. Бірақ, әділдік үшін айта кетейік, оқығаны бар, көзі ашық, кез келген тақырыпты, кәмпит құсатып, әдемі орап сата алатын дарынды популист.


Оны да қойшыызші, қазір кім популист болмай жүр. Досымның өмірлік позициясында мені біршама күмәндандыратын бір факт бар.

Бұл жігіттің саясаттанушы атанып, ел алдына шығып жүргеніне міне ширек ғасырдан асты. Негізгі қаузайтын тақырыбы – Қазақстан, оның ішкі, сыртқы саясаты. Оқырмандары да негізінен қазақ аудиториясы. Пір тұтатын да сол қазақ.

Ал сол Досымның, осы елдің азаматы болып, осы елдің саяси өміріне белсенді араласып жүріп, содан нәпақасын тауып жүріп, өзі де мемлекет құраушы ұлттың өкілі бола тұрып, сол елдің мемлекеттік тілін, өзінің ана тілін меңгеріп алуға зауқы жоқ.

Сөйтіп жүріп Досым ағылшын тілін үйренгенін, басқа да тілдерді өз бетінше игеріп жүргенін кез келген жерде мақтанышпен айтады.

Демек тілдерге қабілеті жоқ емес, бар. Бар болса да, қазақ тіліне құлқы жоқ. Мұндай көзқарасты мен не нақұрыстықтың нышаны немесе өз тілінің болашағына сенбеудің, содан барып сыйламаудың белгісі дер едім.

Басқалар үшін бұл факт көрсеткіш болып көрінбеуі мүмкін, әрине.

Бірақ мен үшін бұл көрсеткіш. Адамның азаматтық позициясының, құндылықтар жиынтығының көрсеткіші, ұлтына, еліне деген қатынасының өлшемі.


Менің айтпағым, ағайын, кімнен болса да, мейлі ол саясаткер болсын, мейлі аспаз болсын, не депутат болсын, қолдан пір жасағанды қойсақ.

Ал солар үшін жаға жыртысудың тіптен қажеті шамалы. Сыйлаңдар, сыйламаңдар, ұнатыңдар, ұнатпаңдар, тек көкке көтермеңдер.

Бұл – жақсы әдет емес. Талайды пір санадық қой, содан не болды ал? Естеріңізде болсын, періштелер қара жерді басып жүрмейді. Олардың мекені басқа жақта.

Ал кешегі оқиғаға қатысты айтар болсам,  шыр-пыр болуға еш себеп жоқ. Адам өз ойын айтты. Қажет болса, Досым өзі-ақ жауап берер Айдосқа.

Мұхтар Түменбай


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x