Референдумға бойкот жариялау. Мұның артында "Назарбаев кланы" тұр – журналист

Dalanews 31 мам. 2022 19:37 224

5 маусымда өткелі отырған референдумды себепсіз сынап, оған бойкот жариялауды көздейтін науқан басталған деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Алдағы ауқымды шараның шырқын бұзғысы келгендер Тоқаевқа қарсы бұрын-соңды болмаған агитацияны бастап кетті. Тағдыршешті таңдау жасайтын күн жақын. Бұған жан-тәнімен қарсы бойкотшылар байбаламға басып, референдум туралы теріс пікір қалыптастыруға тырысып бағуда.

Бұлардың түп мақсаты - Жаңа Қазақстанның іргесін қалауға, саяси реформаға сусап отырған елдің еңсе тіктеуіне кедергі келтіру.

Тоқаевтың аузынан шыққан әр сөзді аңдып отырған бойкотшылар жалған ақпар таратуға әбден машықтанып алған. Ата заңға енетін өзгерістердің өңін айналдырып, "құжатта Назарбаев пен оның әулетіне қатысты барлық артықшылық сақталады" деп, елді адастырып, шатастырып жүрген де солар", – дейді осы орайда журналист Ибраш Нүсіпбаев.



Әріптесіміздің айтуынша,

референдумға бойкот жариялаған науқанның ұшар басында экс-президенттің тұсында шашып-төгіп, шалқып өмір сүрген топ тұр. Олардың өзгеріс десе, аллергиясы қозады.


Ақша көрсе, жолдан таятын, кез келген тақырыпқа көсіле беретін блогерлердің ұртын майлап, Жаңа Қазақстанды жамандауға бұйрық берген де осы топ.

"Назарбаевтың кланы" референдумға бойкот жариялайтын бұқараның қарасы көбейгенін қалайды. "Ата заңға енетін түзетуден өмір өзгермейді, тұрмыс түзелмейді" деп пайымдайтын қауымның шоғыры ұлғая түссе дейді.

Саяси белсенділігі төмен, мұндай деңгейдегі шараларға самарқау қарайтын аудитория Назарбаев билігінің ғұмырын ұзартып келген.

Сөй деген Ибраш Нүсіпбаев:

"Жалдамалы блогерлер: Ата заңның 46-шы бабы, 1,2,3-ші тармағында Елбасы мен оның әулетінің артықшылығы сақталатыны тайға таңба басқандай жазылған" деп улап-шулап жүр. Сөйтіп осы құжатты үстірт шолып шыққан қауымды шатастырып отыр.

Шын мәнінде 46-шы баптың 4 тармағынан "Тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілеті Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалады" деген тармақты алып тастаған", – дейді ол.

46-шы баптың жаңа нұсқасында ілгерідегі 4 тармақтың көзі жойылған.

Жаңа нұсқада:

1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.

2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.

3. Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады.

Назарбаевтың өкілеттігі мен мәртебесі Конституция арқылы анықталатыны туралы тармақ жаңа Ата заңда болмайды.


Тұңғыш Президент туралы ескі заңда Назарбаевты жауапқа тарту ғана емес, сонымен бірге ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, жауап алуға немесе жеке тексеруге болмайды делінген.

Қол сұқпау туралы заң  президентке және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, хат-хабарларға, оларға тиесілі құжаттарға да қолданылған.

Тиіспеушілік Қазақстан Тұңғыш президенті – Елбасы қорына және ол құрған өзге де заңды тұлғаларға тиесілі мүлікке де байланысты болған.

Бұдан бөлек, конституциялық заң Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне тиесілі банк шоттарының құпиялығына және оған қол сұқпауына кепілдік берілген еді.

...

Ибраш Нүсіпбаевтың атап өткеніндей Ата заңға енетін осы және өзге де түзетулер Назарбаев әулетінің шексіз билігіне біржолата нүкте қойып, барша артықшылықтан айырады.

Өткен отыз жылда заңға томпақ келетін әрекет жасағаны дәлелденсе, экс-президент пен оның ағайын-туыстарын тергеп, тінтетін, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартатын мүмкіндік туады.


Семьяның шетелдегі шоттарына құлып салынып, оларды халыққа қайтару мәселесі көтеріледі. Отбасыға тиесілі дүние-мүліктің шығу тегі зерделеніп, олардың қалай, қандай жолмен келгені анықталады.

[caption id="attachment_77523" align="aligncenter" width="2560"] Сурет: Pavel Mikheyev[/caption]

"Бірақ, бір кілтипан бар! Егер Ата заңға тиісті өзгертулер енгізілмесе, бұл айтылғанның бәрі көзден бұлбұл ұшады. Назарбаев пен оның әулеті бәз-баяғы статусын сақтап қалады. Референдумға бойкот жариялаған Назарбаев кланының көздегені де, көксегені де осы.

Олар үшін ел мүддесінен бұрын, экс-президент пен оның отбасының мәртебесі маңыздырақ. Олар ештеңеден тайынбайды. Олардың есіл-дерті Тоқаевты тобықтан шалу, саяси реформаның сүйкімін кетіру. Жалдамалы блогерлерді Жаңа Қазақстанға айдап салғаны өз алдында, тіпті жекелеген ақпарат құралдарын сатып алып, референдумға бойкот жариялауға қызу кірісіп кеткен жайы бар", – дейді әріптесіміз.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x