"Қазақстанды уыстан шығармау керек....". Пропагандист Кеосаянның кураторы кім?

Dalanews 18 мам. 2022 08:51 1135

Қазақстанды нысанаға ал деп кім нұсқау берді? Симонян – Кеосаян тандемінің тасасындағы тапсырыс беруші тағы қандай провокацияны жоспарлайды?

Dala inside телеграм арнасы пәле іздеген пропагандистің кураторатын тапты. Кеосаянның қожайынын іздестіруге атсалысқан америкалық әріптестерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бізге жеткен мәлімет бойынша ерлі-зайыпты Симонян мен Кеосаян Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Алексей Громовқа бағынады. Путиндік пропаганда деп аталатын экожүйенің «жаяу әскеріне» жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін дәл осы – Громов. Кремль кулуарында оны «Куратор» дейді.

Бұлардың өз арасында «аса құпия тақырыптарды» талқылайтын «сары телефон» бар. Ешкімге тиіспей тыныш жатқан Қазақстанға соқтығу туралы бұйрық осы «сары телефоннан» түскен. Тигранның алдындағы мәтін де Громовтың мақұлдауынан өткен.

Көрші-қолаңға күйе жағатын ақпарат Тигран тәрізді пропагандистерге «сары телефон» арқылы жетеді.

Громов кім?

Ол мемқұпия санатындағы мәліметтің сыртқа таралмауын, азат ойлы, тәуелсіз контенттің зомбиланған орыс қоғамына өтіп кетпеуін бақылайтын тұлға. Путинді пір тұтатын ақпараттық саясаттың төбе басында тұр. Кремльге бағынышты БАҚ-тың жұмысын жүйелейтін де сол.



Громов Маргарита Симонян басшылық ететін Russia Today-дың негізін қалаушылардың бірі. Кремльдің пулына кірген Симонянды қолынан жетектеп RT-ға ертіп әкелген де, кейіннен «Россия сегодня» агенттігінің тізгінін ұстатқан да өзі.

Симонян Громовтың сыбайласы. 2013 жылы әйелінен ажырасып, Маргаританың құшағына кірген Тигран Кеосаян да Громовтың сенімді адамдарының сапында. Пропагандаға бөлінген аста-төк ақшаны осы «үштік» бірігіп игереді.


Кремль көсемімен 1988 жылы Прагада танысқан. Алдымен Ельциннің, кейін Путиннің баспасөз хатшысы (Песковке дейін) болды. 2000-шы жылдардың бас кезінде тәуелсіз НТВ арнасына баса-көктеп кіріп, арнаны Путинге тартып әперуге атсалысты.

Медианарыққа бөлінген миллиардтар алдымен Громовтың әмиянына ауады, артынан Сисясян, Кеосаян секілді үгіт-насихатшыларға үлестіріледі. Громовты бейресми «Пропаганда министрі» деп те атайды.

Бізге жеткен мәлімет бойынша Кремль көсеміне қажетті «дайджесті» дайындайтын Громов Кеосаянның аузымен айтылған ала-құла ақпаратты Путиннің алдына алып барған.

Dala inside телеграм арнасына тіркелуді ұмытпаңыз. Суреттің үстінен бассаңыз, арнаға өтесіз.  



Айтпақшы, ілгерідегі «сары телефон» есіңізде ме?

23 жыл бойы Путиннін жанына ұзамай жүрген Громов жаңа техниканың тілін түсінбейді. Әлі күнге дейін кнопкалы телефонды қолданады. Бұл тұрғыда Путин екеуі ұқсас.

Тоқ етерін айтқанда, Қазақстанға жасалған ақпараттың шабуылдың артында Ресейдің Президент әкімшілігі тұр. Громовтың тағы да қандай провокацияға барары белгісіз. Ал Кеосаян болса «сары телефонды» айналсоқтап, АП түсетін қоңырауды күтіп жүр дейді.

Дереккөз: t.me/dalainside

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар