"Жаманқұлов менің түбіме жетпек...". Мұхамедиұлы енді елге үн қатты (видео)

Dalanews 16 мам. 2022 10:12 237

Бұған дейін бірқатар телеграм арналар Арыстанбек Мұхамедиұлының үйінде тінту жүріп жатқаны жайында хабар таратқан. Көп ұзамай Ұлттық мұражай директорының суицид жасағаны туралы мәлімет пайда болған.

Алайда бұл ақпарат расталмады. Мұхамедиұлының баспасөз хатшысы мұны жоққа шығарды, артынша экс-министр Қазақстан халқы мен президент Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, болған оқиға туралы баяндап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы ақша жымқыруға қатысты дау 2014 жылы Мәдениет министрі болып тағайындалған соң басталғанын айтады.

Осы тұста ғарыш кеңістігі туралы фильм түсірілген және жобаны іске асыру үшін ол Талғат Мұсабаев және Тұңғышбай Жаманқұловпен кездескен. 


"Сосын өмірімде алғаш рет көрген Талғат Жәнібеков деген режиссермен жолықтым. Бір кездесуде Талғат Мұсабаев бұл жобаның шикілігі көп екенін, ғарышқа еш қатысы жоқ, бір фантазия екенін алға тартып, жобаға қатыспайтынын мәлімдеді. Әрине, күдік болған соң барлығын тексере бастадық. Талғат Жәнібеков – өмірінде екінші рет кино түсіріп тұрған азамат. Сосын Тұңғышбай Жаманқұлов фильмді түсіруге америкалық "Алдамис" деген үлкен компанияның қатысатынын айтты", – деп мәлімдеді ол Facebook парақшасында жариялаған бейнеүндеуде.

Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзінше, Тұңғышбай Жаманқұлов фильм түсіруге арналған 550 миллион теңгенің 100 миллионын алуға қажетті құжаттарды ұсынбаған.

Кейін "Қазақфильм" мен Жаманқұлов басқаратын "Turan Universal Business" компаниясы арасында сот болған.

"Сот "Қазақфильм" компаниясының дұрыс екенін дәлелдеді. Аппеляциялық сотта да Жаманқұловтың компаниясы жеңілді. Кейін "Алдамис Рус" компаниясының осы шара үшін тіркелген бір күндік компания екені анықталды. Ешқандай қаржылық операциялар жүрмеген. Жеке қорында тек 10 000 рубль немесе 50 000 теңге ғана болған.

Маған шабуыл жасалған себебі – ақшаны жалған ресейлік компанияның қалтасында кетуіне жол бермеуім.


Бар кінәм осы. Әрі қарай "Алдамис Рус" компаниясының қайдан шыққанын, америкалық "Алдамис" компаниясымен қандай байланысы барын тексеру үшін арнайы сұраныс жібердік. Осы кезде Тұңғышбай Жаманқұлов "Алдамис" компаниясынан хат келді деп құжатты ұстатты. Бірақ соңында қойылған қол жалған болып шықты", – деп қосты Арыстанбек Мұхамедиұлы.

[video width="854" height="480" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2022/05/281674219_1453392168410888_3271943782914929490_n.mp4"][/video]

Бұрынғы Мәдениет министрі "Алдамис Рус" пен америкалық "Алдамиса" компаниясының арасында ешқандай байланыс жоқ екенін мәлімдеді.

"Сосын Тұңғышбай Жаманқұлов маған 3 миллион долларды "Алдамис Рус" компаниясына аудармасам, шабуыл жасалатынын, өмірімде үлкен мәселе туындайтынын айтты.

Оның артында сол кезде президент әкімшілігінің басшысы орынбасары қызметінде болған, кейін Отанды сатқаны үшін сотталған Бағлан Майлыбаев тұрған.


Оның үстіне Дариға Назарбаева бірнеше рет тапсырма бергендіктен, Тұңғышбай Жамақұлов қолынан келген іс-әрекеттерді жасады", – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жасалған шабуылдардың алғашқысы режиссер Талғат Жәнібековтың Мұхамедиұлына қарсы түсірген бейнеүндеуі болыпты. Алайда видеоның жалған екені дәлелденген дейді. Ал кейін Тұңғышбай Жаманқұлов өзі келіп Арыстанбек Мұхамедиұлынан кешірім сұраған.

"Келіп кешірім сұрады. Қолыма хатты ұстатты. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған хатта арадағы келіспеушілік туралы айтылған. Алайда мен бұл хаттың керек емес екенін, халықтың алдында кешірім сұрауы керек екенін айттым. Осыдан кейін ғана мен бірге жұмыс істейтінімді мәлімдедім", – деп қосты ол.

Айтуынша, осы оқиғадан кейін Тұңғышбай Жаманқұлов сұхбаттарында мүлде басқа ақпарат таратқан. Сондай-ақ ол сөз соңында өз тарапынан заң бұзушылық бар екені анықталса, тиісті жазаны өтеуге әзір екенін мәлімдеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x