"Тоқаев Путиннің авантюрасына араласпайды". Бұл орыс шовинистерінің ашуын келтіруде

Dalanews 15 нау. 2022 04:45 196

Қырғыз елінің беделді сарапшысы, қоғамдық белсенді Бектұр Ескендір Ресей мен Украина соғыс, оның Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне тигізетінін салқыны жайында inbusiness.kz порталының журналисті Жанат Ардаққа сұхбат беріпті.  Сарапшы алдағы уақытта Өзбекстан мен Қырғызстан бұл бағытта Қазақстанның ұстанымана басшылыққа алып, Тоқаевтың соңынан еретінін айтыпты.

– Қазақстан басшылығының Мәскеуге ұнамайтын, бірақ ұлттық егемендік үшін маңызды қадамдар жасауға батылы жетуде. Оның қатарында қазақ тілін латын графикасына көшіру бар. Бұл қадам Ресейдегі империяшыл күштерді ашуын келтіргені анық.

Қазір де Қасым-Жомарт Тоқаев көшбасшылығындағы қазақ елі мүмкіндігінше, тәуелсіз саясат жүргізе бастағаны байқалады. Осының арқасында бүгінде Қазақстан – Орталық Азиядағы көңіл-күйлердің барометріне айналды.

Қырғызстанның, Өзбекстанның басшылары Тоқаев мырзаға қарап, бойы мен саясатын түзейтіні, соған жиі қарайлайтыны аңғарылады.

Мысалы, Қазақстан бірінші болып, Украинадағы соғысқа төл әскерін, жауынгерлік контингентін жібермейтінін үзілді-кесілді мәлімдеді.


Оның үстіне республика бұл қатаң позициясын өзіне тиісті ұсыныс түспей жатып, бірден нақты айтты. Қазір тайғанақтамай, сол ұстанымын табанды ұстанып отыр. Осынысымен де Қырғыз билігінен дараланды.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл – өте маңызды, символдық мәні бар жоралғы.

Үшіншіден, Қазақстан билігі елдің басты мегаполисінде Украинаны жақтайтын митинг өткізуге ресми санкция берді. Осы арқылы қазақ қоғамының үлкен бөлігінің ұстанымы қандай екенін Кремльге анық ұқтырды.

Төртіншіден, Қазақстан халық болып, құны бірнеше миллион доллар тұратын гуманитарлық жүк жинап, Украина жағына аттандырды.

Мұның бәрінің астарлы ойы, символдық нышаны бар. Бәлкім, мұның бәрі биліктің араласуынсыз, төменнен, халық арасынан шығып жатқан шығар.

Бірақ Тоқаев мырза халықпен бірге екенін және бұқара пікірімен санасатынын паш етіп жүр. Қазақтардың бұл қадамдары біздің елдеріміздегі билікті ойлантып тастады. Олардың бәрі қазір Қазақстанның саясатына көз тігіп отыр.


Әрине, Қазақстанның тәуелсіз бағдары Мәскеудің жынына тиіп, кіжінтеді. Зюганов аузымен әлдебір сандырақты таратты. Ресей билігіне қарасты REGNUM федералдық ақпарат агенттігі арқылы: «Руководство Казахстана взяло курс на «украинизацию» деп байбалам көтерді.

Бізде, орталықазиялық сарапшыларда бұл тек ашы күлкілі тудырады. Ешкім де Украинаның тағдырын қайталағысы келмейді. Қазақстан бір жағынан, өз ұстанымында табандауға қуаты жететінін көрсетті. Екінші жағынан, ол Ресейдің бұл авантюрасына араласқысы келмейді.

Ендеше Батыс елдері Қазақстанға ешқандай кінә қоя алмаса керек. Егер Қазақстан бірінші болып, Ресейден теріс айналса, орталықазиялық елдер соның соңынан ереді.


Біз Қазақстан билігінің әр істе өте абайлап, байыппен қимылдайтынын байқап отырмыз. Демек оқиға өз қалыбымен дамуы, күрт бетбұрыстар болмауы ықтимал. Қырғызстан да енді бейтарап ұстанымды сақтауға тырысуда.

2 наурызда БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейді айыптайтын және одан әскерін дереу шығаруды талап ететін қарар қабылданғанда, қазақ елі сияқты Қырғыз Республикасы да қалыс қалды. Бұл да біраз жайттан хабар береді.

Себебі Беларусь, Солтүстік Корея, Эритрея және Сирия ғана Ресейді қолдап, қарарға қарсы дауыс бергені мәлім.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x