"Таңдау жасар кез келді...". Зеленский Беларусь тұрғындарына үндеу жолдады

Dalanews 27 ақп. 2022 08:51 222

Украина президенті Владимир Зеленский Беларусь тұрғындарына үндеу жолдады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ол өткен түн Украина үшін аса ауыр болғанын айтып өтті. Путин әскері тұрғын үйлерді бомбылап, қоғамдық инфрақұрылымдарды қиратуға көшкенін мәлімдеді.

Зеленскийдің айтуынша, оккупанттар көзіне түскен көздеп, қарапайым тұрғындарды да нысанаға алатын болған.

"Олар балабақшаларды, тұрғын үйлерді қиратуда, өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктеріне оқ жаудыруда. Олар Украина жеріне артиллериясын алып кірді. Дәл қазір агрессорлар әскери инфрақұрылымы атымен жоқ қалаларды да бомбылауда.

Киев, Васильков, Чернигов, Сумы, Харьков секілді қаһарман қалалар Екінші дүниежүзілік соғыстың күйін бастан кешіруде", – деді Зеленский.

Ол бауырлас беларусь ұлтының Украинаға қарсы соғысып жатқанына қынжылыс білдірді. Беларусь аумағында орналасқан оккупанттар армиясының зымырандары Украинаның тұрғындарына бағытталып жатқанын еске салды. 


Айта кетелік, бүгін Беларусьте Конституцияға өзгеріс енгізу туралы референдум басталды. Осы жайтты қаперге алған Зеленский беларусьтер үшін сын сағат туғанын мәлімдеді.

"Ертеңгі ұрпақтың алдында жүзім жарық болсын десеңіз, шешімді қазір қабылдаңыздар. Балаңыздың көзіне ұялмай тура қарау үшін өз-өзіңізді алдауды доғарыңыз, әділ таңдау жасау керегін анықтайтын сәт туды. Біз сіздерге бөтен емеспіз! Ресей емес, Беларусь болыңыздар! Бүгін тарихи күн", – деді Зеленский беларусь тұрғындарына қаратып.

Украина президенті келіссөз алаңы деп айтылған Минскіге қатысты пікір білдірді. Оның атап өткеніндей бұл Киевтің шешімі емес. Беларусь тұрғындарынан да ешкім рұқсат сұрамаған. Бұл Кремльдің таңдауы.

[video width="848" height="464" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2022/02/IMG_6675.mp4" poster="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2022/02/zelenskiy.jpg"][/video]

"Төрт күн бұрын Беларусь аумағынан бізге қарай зымырандар, әскери ұшақтар мен техникалар ағылды. Тұрғындардың төбесінен бомба тасталды. Шырт ұйқыда жатқан халық шошып оянды.

Беларусьтер, дәл қазір сіздер тәтті ұйқының құшағындасыздар. Ал біздің көз ілмегенімізге талай күн болды. Біз өз еліміз үшін күресіп жатырмыз. Біз бостандық үшін арпалысудамыз. Бұған толық құқылымыз!


Егер сіздер жақтан шабуыл жасалмаса, біз Минскіге барып сөйлесуге әзір едік. Осы күнге дейін ортан белден ойыспаған Минск қазір Путиннің қолжаулығына айналып кетті. Сондықтан келіссөз алаңы ретінде басқа аймақты таңдауға мәжбүрміз. Тағдыршешті таңдау жасайтын кез тақап тұр, беларусь тұрғындары. Барлығы, тек өз қолдарыңызда. Беларусьтың қай бағытта дамитынын АҚШ-та, Ресей де, Украина да шешпейді", – деді Зеленский.

Украина президенті Беларусьтың Ресей ықпалынан құтылып, бұрынғы доспейілді елге айналарына сенім білдірді. "Барлығы таңдау жасауға тіреліп тұр. Сын сағатта сына көрмеңіздер, мұқалмаңыздар...", – деді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x