«Назарбаевты дәлізден күнде көретінбіз». Жоғары кеңес қалай құлады?

Dalanews 18 қаң. 2022 04:17 298

Пікір аламасу, ой бөлісу кез келген қоғамды алға жылжытатын дүние. Тәуелсіздік алған 30 жылда Қазақстанда алабөтен ой айтып, халықтың кумиріне айналған тұлға болмады.

Осыдан біршама жыл бұрын журналист ағаларымыз марқұм Аманхан Әлім мен Самат Ибраиммен сапаралас болудың сәті түскен-ді. Сол кезде тоқсаныншы жылдардағы Жоғары кеңестің жұмысы жайында біраз әңгіме болды.

Жоғары кеңес жұмыс істеген жылдары біз ойын баласы болдық. Оның жұмысын баға беретіндей шамамыз болған жоқ. Сондықтан білмейтін дүниелерімізді Жоғары кеңестен хабар таратқан Самат ағадан сұрап қалуға тырыстық.

Ағаларымыз сол жылдары орталық басылымдарда саяси мақалаларды бұрқыратып жазып, саяси оқиғалардың бел ортасында жүргенін білеміз.

Біздер сол кезде Жоғары кеңестің депутаттары Назарбаевқа ойын іркпей айтып,  елімізде пікір алуандығын қалыптастырғанынн еміс-еміс естіп жүруші едік.

Сол кезде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Асқар Жұмаділдаев сынды ұлт үшін жанын беруге даяр азаматтардан Назарбаев біршама сескенгені анық.


Кейіннен Назарбаев бетке айтып, төске шабатын Жоғары кеңесті Заманбек Нұрқаділовтің көмегімен тарқатып тынды. Бұл енді басқа әңгіме.

Жолшыбай сапарлас болған ағаларым Жоғары кеңес тарқамай, жұмыс істеп тұрғанда Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары кеңеске күн құрғатпай келіп, бетке айтатын депутаттармен айтысып, тартысып жұмыс істегенін айтқанда бірден сене алмадық.


«Шынымен де солай ма?» деп қайталап сұрағанымызда қос ағамыз Жоғары кеңестің дәлізінде Назарбаевтың күнде көретіндерін айтып, тіпті Үкімет мүшелерін сол жерде ұстап алып, сұрақтың астына алатынын айтқан, таңқалып қалғанымды жасырып қайтейін.

Назарбаев дәуірінде есіміз кірген біздер үшін ағалардың айтқан әңгімесі ертегідей естілуі заңдылық қой. Десек те тоқсаныншы жылдары Жоғары кеңес депуататтары Назарбаевтың тым еркінсуіне жол бермеді.

Қазақстанда пікір алуандығы, демократия деген дүниелер елімізде тоқсаныншы жылдардың басында орағаны анық. Бірақ билігін нығайтуды көздеген Нұрекең оның бәрін талқандап, құртты.

Назарбаев Жоғары кеңесті тарқатып, жаңа Парламент құрғаннан кейін заң шығарушы органға күнделікті келуін доғарған. Байқаған шығарсыздар, Президентке қарсы келіп, бір ауыз сөз айта алмайтын можантопай депутаттардың алғашқы легі сол кезде пайда болды.

Не айтса да «ләппай тақсыр» деп тұрған Парламентке барып, уақыт жоғалтудың мағанасыз әрекет екенін Назарбаев сол кезде жақсы түсінсек керек.


Осылайша Жоғары кеңес тарқаған соң, заң шығарушы органдағы айтыс пен тартыс пышақ кескендей тиылған.

Заң шығарушы органның 90 пайызы өзіндік пікірі жоқ, жалтақ, жағымпаз депутаттардан құралғаннан кейін Нұрекең Парламентке күзде сессиясыны ашарда және көктемде сессияның жабарда ғана төбе көрсететін болды.

Назарбаев тұрмақ Үкімет басшысының өзі жылына үш-төрт рет бас сұғатын дәрежеге жетті.

Осылайша заң шығарушы органның қадірі кетіп, Парламент Назарбаевқа ода айтатын алаңға айналғаны жасырын емес.

Осылайша Бақытгүл Хаменова депутат болған кезеңде еліміздің заң шығарушы органы кісі танымастай болып өзгерді. Зимановтардың бетке айтатын өткірлігін халық қалаулылары жалғастыра алмады.


Осыдан кейін ел ішінде депуатат деген Президентке мақтау-мадақ айтатын маман иесі деген ұғым қалыптасқандай болды...

Батпандап кірген осы дүниелер мысқылдап шығады. Ол үшін уақыт керек. Сонымен қатар бәріне уақыт сабақ болатынын ұмытпайық!

Нұрлан ЖҰМАХАНОВ   

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x