«Назарбаев – түркі интеграциясының сәулетшісі». Осы тақырыпта талқылау өтті

Dalanews 21 қар. 2021 04:41 327

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Халықаралық Түркі академиясы бірлесіп, түркітілдес елдердің жас ғалымдарының «Елбасы – түркі интеграциясының сәулетшісі» атты ғылыми-практикалық онлайн-конференциясын өткізді. Конференция аясында «Ғылым және білім», «Экономика және транзит» және «Түркология» бағыттары бойынша секциялық жұмыстар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Конференцияның ашылуына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров қатысты. Ол жас ғалымдар арасындағы байланысты жан-жақты нығайту жолындағы іс-шараның өзектілігін атап өтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінде тиімді жұмыс істеп жатқан Түркі әлемінде мемлекетаралық институттар құрудағы ерекше рөлін атап өтті.

Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ғылыми интеграцияны дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Сондай-ақ, ол Түркі академиясын құру идеясы Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі екенін, жоба 2009 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқанын еске салды.


Ол атап өткендей, бүгінгі халықаралық конференцияға Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Өзбекстан және Венгрия ғалымдары қатысты.

Конференция барысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркі әлемінің интеграциялық үдерістеріндегі рөлі туралы баяндамалармен Х.А. Яссауи атындағы ХҚТУ, Түркия Республикасының А.Эвран атындағы университеті, Нұрсұлтан Назарбаев қоры, Әлемдік экономика және саясат институты, Баку мемлекеттік университеті, Өзбекстан Республикасының Ғылым Академиясы, Қазан федералдық университетінің Халықаралық қатынастар институты және т. б. жоғары оқу орындарының, ғылыми-практикалық орталықтардың өкілдері сөз сөйледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x