Жағдайымыз жақсарып келеді, экономикада өсім бар - Мамин

Dalanews 18 қар. 2021 06:03 229

Премьер-министр Асқар Мамин ел экономикасы қалпына келіп жатқанын мәлімдеді. 

"Экономикамыздың қалпына келіп жатқанын барлық қаржы институты мойындап отыр. Былтыр бірде-бір рейтинг агенттігі біздің кредиттік рейтингімізді төмендеткен жоқ, керісінше, кейбір көрсеткіштер бойынша көтерді.

Күні кеше мен Халықаралық валюта қорының миссиясымен кездестім. Олар биыл экономикамыз 3,8 процентке өседі деп болжап отыр. Жалпы, басқа халықаралық қаржы институттарының болжамына сәйкес, осы жылы экономикалық өсім 3,8-4 проценттің маңайында болады. Ал келесі жылы 4,5 процентке дейін барады", - деді Мамин сенаттың жалпы отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл он айдың ішінде ел экономикасында 3,5 проценттік өсім тіркелген.

Негізгі драйверлер – өңдеу өнеркәсібі, құрылыс саласы мен шетелдік инвестициялар.


"Сандарды жариялай кетейін. Биыл өңделген тауарлардың экспорты 25,5 процентке өсті. Бұл дегеніміз, сыртта біздің тауарларымызға сұраныс артты. Жалпы, осы жылы экспорт 20 процентке өсті. Сауда-саттық көлемі де ұлғайып отыр. Демек оң динамика көрініп тұр. Оған экономиканың нақты секторы ықпал етіп отыр", - деп атап өтті премьер-министр.

Осы орайда үкімет басшысы экономиканың дамуына халықты вакциналау қарқыны да тікелей әсер етіп отырғанын да ерекше атап өтті. Бүгінде вакцинаның екі дозасын халықтың 70 проценті алды. Осының арқасында адамдар жұмысқа шығып, экономикалық белсенділік арта түсті.

"Сондықтан келесі жылы экономикалық өсімге қол жеткізу жағынан күдіктенуге ешбір себеп жоқ. Оны биылғы жылдың көрсеткіштері де растап отыр", - дейді Мамин.

Дереккөз: sputnik.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x