Тоқал? Біздің жүйеде бұл байлық пен биліктің атрибуты секілді – саясаткер Қосанов

Dalanews 18 қаз. 2021 17:25 148

Өткен аптада Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) Pandora Papers деп аталатын жаңа жаһандық құжаттың деректерін сыздықтатып жариялай бастады.

Бұл сенсациялық жаңалық көптеген елдегі президент пен шенеуніктерді кәдімгідей тыпыршытып қойды. Басы ақталуды бастап та кетті. Оның ішінде төбе көрсететін біздің шенділер, әзірге үнсіз.

Осы жайтқа байланысты саясаткер Әміржан Қосанов өз ойын білдірген екен.

Dalanews.kz сарапшының сөзін оқырман назарына ұсынады.

...

Мақтанғым келмейді, ондайды мүлде ұнатпаймын. Бірақ, бүгін өз-өзімді ұстай алмадым, қалай дегенмен де көріпкелдік бір қасиетім бар-ей менің де. Күні кеше БАҚ-тар мемлекеттік қызметкерлер мен олардың туыстарының ақшалай операциялары мен мүлкін қадағалауға алуды көздейтін заң жобасын Мәжілістің мақұлдағанын жарыса жазды.

Бұл арада көзге ерекше түсетін түзету қадағалау отбасы мүшелеріне де қатыстылығы, яғни жұбайына да. Одан бөлек, жақын туыстары деген жеріне келетін болсақ, бұл арада анықтама «Неке және отбасы туралы» кодекстен алынып отыр, онда жақын туыстарына ата-анасы, балалары, ағалары, әпкелері, ата-әжесі және немерелері жатады».

Осылай деп түсіндіреді бұл өзгерісті енгізуді ұсынушылар...

Өздеріңіз білетіндеріңіздей, мен алдында әлемжеліде де жазған едім: “нақты қазіргі жағдайда қазақстандық кодекс шенді-шекпенділердің жақын туыстарын анықтау үшін жеткіліксіз” деп.

Қазақтардың туыстық тамыры тереңге бойлайды: мысал үшін күйеубаласы деген бар, әке мен шешесі жағынан да аралас-құралас туыстар көп, сондай-ақ келіндері мен құда-құдағиларын қалай назардан тыс қалдырасыз...


Біздегі саяси кландар туыстар деп аталатын жасақтан құралып, тартылып отыратыны ащы да болса, басқа түскен шындық. Одан бөлек, бұл тізбектен тоқалдарды қалай шет қалдырамыз. Яғни ақша мен мен мүлік осы тізімдегілердің кез келгенінің атына тіркелуі мүмкін.

Міне, айтқаным айдай келді!

Апта басталғалы ел-жұртты (әлемді де!) ұшы-қиыры көрінбейтін, бақылауға әсте келмейтін оффшорлық кеңістікке қатысты тағы бір сенсациялық жаңалық дүрліктіріп жатыр.

Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (OCCRP) «Pandora Papers» деп аталатын жаңа жаһандық құжаттың деректерін сыздықтатып жариялай бастады. Онда отызға жуық қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары мен үш жүзден астам шенеуніктер де жүр, соның ішінде біздікілер де төбе көрсетеді.

OCCRP бүй дейді: «Ұлт көшбасшысына жақындығымен белгілі екі олигарх оффшорлық компаниялармен күрделі комбинациялар жүргізіп, ақырында олар жұмбақ жағдайда сол тұлғаның бейресми үшінші әйеліне 30 миллион доллар аударады».

Басылым оның есімін де жариялап жіберді: Әсел Құрманбаева деп!


Енді Елбасы мен осы келіншектің арасындағы қандай да бір ықтимал байланыстар бар-жоғын қаузап жатпай, оны талқы назарынан әдейі ысырып тастап отырмын. Өйткені мен біреудің ішкі өміріне араласып, сөз қылғанды жек көремін, айтсам тек саяси мәселелерді қозғаймын.

Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, «Pandora Papers» құжатында аты аталған көптеген саясаткерлер мен мемлекет басшылары өз бетінше түсінік беріп, ақталуға тырысып жатыр. Кейбіреулерінің бұл қолынан келді, ал кейбіреулерінің мұрны тасқа тиді.

Ал Елбасының айналасындағылар болса әлі үнсіз, сөйтіп, өздері түрлі қауесеттердің тарауына жол беруде. Дегенмен OCCRP жариялаған мақалада төбе көрсеткен олигархтар табиғи ресурстарды сатумен тікелей байланыстылар, ал Конституцияға сәйкес оның бәрі халыққа тиесілі, негізі. Ендеше, салық төлеушілер бұл ақшаның қайдан пайда болғанын, оффшорлық шоттардың кімдікі екенін білуге, қызығушылық танытуға құқылы.



Сонымен қатар, бұл арада орасан зор сома туралы сөз болып отыр, оның иесі кім, жерлестеріне түсіндірсін бұл ақшаның қайда шыққанын, әлде Елбасы ешқашан кәсіпкерлікпен айналыспаған адам ба, жылдар бойы бір жалақымен (олай болса, жалақының да мөлшерін біле отырсақ, өркениетті елдердегідей) және өзі жазған кітаптарының қаламақысына өмір сүріп келе ме?..

Тағы бір аспект – мораль жайы.

Бұл арада биліктегілер әлдеқашан ұмыт қалдырған отбасылық құндылықтар сияқты қарапайым нәрсені айтып отырмын. Кез келген адам, оның ішінде мықтымын дегендер де жеке өмірін өзі құруға, оған қол сұғылмауына құқылы: ажырасса да, жаңа отбасын құрамын десе де өзі біледі.

Президенттер де адам баласы, олар да өз өмірін құруға құқылы. Бірақ өркениетті әлемде бұл процесс қоғам үшін үнемі ашық болады.


Несін жасырайық, бізде төменгі сатыдағы бастықсымақтар жоғарыдағылардың қылғанын көріп, олар да қалыс қалғысы келмейді, тоқал дегенді байлық пен биліктің атрибуты секілді санайды.

Үлгілі отбасы дегеннің, тәрбиеге негіз моральдық құндылықтардың қандай болатынын мемлекет басшылары өзі бастап үлгі ретінде көрсетпесе, оны басқа кім жасайды?

Елбасының бейресми әйелдері туралы ол кісіні жақтыра бермейтіндердің әдейі тудыратын қауесеті болуы мүмкін дегенді белгілі бір деңгейде мойындаймын. Ендеше, мұндай алыпқашпа сөзді жоққа шығарып, бір рет болсын «әу» деуі керек қой.

Бір қызығы, Елбасының жеке өмірі туралы мәліметтерді егер бұрын саяси оппозицияға жақын бұқаралық ақпарат құралдарының, жекелеген саяси қашқындардың жазуына батылы жетсе, қазір байқаймын, жағдай өзгерген: енді оппозициялық БАҚ-қа еш қатысы жоқ, кейбір қоғам белсенділері де, жеке адамдар да ашықтан ашық айтып, өз пікірімен бөлісе беретін болған.

Мұндай өзгерістегі медиалық сананы қалтарыста қалдыруға әсте болмайды, бұл да бір үлкен көрсеткіш: моральдық-психологиялық бетбұрыс жасап, «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген азаматтарымыздың жаңа өзгеріске дайын екенін осыдан байқауға болады.

Ал Ұлт көшбасшысының бұл ретте тырс демей үнсіздік танытуы, осы жағдайға деген келісімінің белгісі деп қабылдауға болатын секілді. Басқа оны қалай түсіндіруге болады?..

Осы тұста...


Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42-қадамын және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Осы жалпыға бірдей декларациялау кезінде мемлекеттік қызметкерлердің шетелде қанша банктік шоттары, жылжымайтын мүліктері мен көліктері бары есептелген. Декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында шетелдік банктерде жеке шоты бар. Шоттағы ақшаның жалпы сомасы 691 млрд теңге.

Цифрларға сенсек, қазақстандық шенеуніктер ақшасын Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Швейцария банктерінде сақтағанды тәуір көреді.

Сондай-ақ 494 жеке тұлға 26 елдегі 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялаған, оның ішінде 436 объекті – Ресейде, 44-і – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 38-і Түркияда және т.б.


1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1 198 көлік құралын құжатта көрсеткен. Ол көліктердің 292-сі – Ресейде, 235-і – Арменияда, 221-і – Жапонияда, 162-сі Германияда болып шықты. Басқа да елдерде тіркелген көліктер бар. Бірақ ең көп көлік тіркелген елдер осы аталғандар.

Декларация тапсырған 47 азаматтың біздің елден тыс 57 заңды тұлғаға қатысу үлесі бар. Бұл Ресей, Кипр, Араб Әмірліктері сынды елдердегі кәсіпорындардың, мекемелердің акционері, құрылтайшылардың бірі деген сөз.

1585 жеке тұлға 11 елде 1 603 жылжымайтын мүлік объектісінің құрылысына қатысу үлесінің бар екенін көрсетті. Бұған қоса, 116 адам инвестициялық алтынды жариялады; 25 елде 918 адам бағалы қағаздары барын ұсынды; 635 инвестициялық пай қорларында 608 адамның пайы бар; 212 адамның 218 зияткерлік меншік, авторлық құқық объектісі бар; 355 адамның дебиторлық, 578 адамның кредиторлық берешегі бар. 1 704 жеке тұлға 2 327 нысанды сенімді басқаруға берген.

 

Әзірлеген, Аяулым ШАЙМАРДАН




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x