Тоқаев Тұран сөзіне тегін тоқталған жоқ. Жолбарыс сылтау ғана – Кремль идеологы

Dalanews 08 қаз. 2021 05:07 250

Ресейлік медиа кеңістікте Тұран жолбарысы төңірегіндегі талқы әлі толастамай тұр деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кремльдің идеология құралдары, әдетте одақтас елдердің көшбасшыларымен өзімсініп, өктем сөйлесетін Путинге тойтарыс беріп, айтқанынан қайтпаған Тоқаевтың табандылығына таңдай қағысыпты.

Ел арасында Путиннің жылнамашысы атанып кеткен, журналист Андрей Колесников «Коммерсантқа» жазған мақаласында «жолбарыстың жырымен» біразға барысқан екі президенттің айтысын електен өткізіпті.

Тоқаевтың Тұран деген сөзге тегін тоқталмағанын, мұның астарында аң-құстың ауқымымен шектелмейтін, айқын мақсат, ұлы мүдде жатқанын меңзеген екен.

Тоқаев Кремль көсемінің мінезіне қанық. Оның бірбеткейлігін Колесниковтан кем білмейді. Сөйте тұра өз аргументін алға тартып, сөзден сүрінбей, соңына дейін өз дегенінде тұрғаны «Коммерсант» тілшісін тәнті етіпті.



«Бұл дискуссияның соңғы дауға ұласа жаздап, дер кезінде түйінделді-ау. Тоқаев тұран жолбарысының өткен ғасырдың 30-шы жылдарында-ақ тып-типыл болғанын тілге тиек етті. Оның айтысында бұлар әлдебір аласапыранның, қуғын-сүргіннің құрбаны болғандай естілді...

Тоқаев Тұран деген сөзге екпін бере сөйледі. Ал ерте заманда жоғалып кеткен жолбарысты қайта тірілту ол үшін қиындық тудырмайтын сыңайлы.


Қазақстан басшының пайымында жолбарыстың жолбарыстан айырмасы жоқ. Жердің түбіндегі Үндістан болсын, іргедегі Ресей болсын тарғыл мысықтың тегі бір.

Дәл осы арада Путин Тоқаев сөзін бөлді. «Жо-жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлы, жаңсақ айттыңыз. Ресей жолбарысы ешкімге дес бермейді. Әлемдегі ең жоян жолбарыс Қиыр Шығысты ен жайлап жүр...», – деді Путин.

Шынтуайтында, Қазақстан президентінің тұжырымы Кремль басшысының көңіліне тигендей еді. Путин Амур жолбарысын сөз еткенде алабөтен құбылады.

Тоқаев сонда да сасқан жоқ.

«Иә, иә Амурдағы алып мысықтың жайынан жақсы хабардармыз. Тайғаға сапар шеккеніңіз де кеше ғана емес пе еді? Жарықтық жолбарыстың үрім-бұтағын өрбіту үшін жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей жүр. Естіп, біліп отырмыз. Әйтсе де...жолбарыстың жолбарыстан айырмасы жоқ» деп шорт кесті Тоқаев.

Сөй дей отыра Путиннің позициясын құптамайтынын аңғартты. Дипломатияның шегінен шықпай әлі де болса дискуссия құруға дайын екендігін көрсетті, әрі осы пікірталасқа түрткі болған Экология министрін арашалап қалды», – дейді Колесников.

Оның пайымдағанындай бұл пікірталаста Тоқаев жолбарысша арпалысқан, Қазақстан Президентінің айтыстан тайынбасын сезген Кремль көсемі әңгіме ауанын басқа арнаға бұрған.


«Тұран жолбарысы? Ресей басшысы бұл мәселені жылы жаба салды. Ал қазақ билігі әлдеқашан жер бетінен жоғалған жыртқышты қайта тірілтуді көздеп отыр...», – деп айтарын астарлап аяқтапты Путиннің жылнамашысы.

...

Тұран жолбарысын сөз еткенде, Тұран одағы төңірегіндегі талқы еріксіз ойға оралады. Өзбек билігіне Мирзияев келгелі, Түркияның Орта Азиядағы саяси белсенділігі күрт артқалы бұл тақырып күн тәртібінен түспей тұр.

Талай сарапшының сүзгісінен өткен мәселеге қатысты Dalanews.kz бір емес, бірнеше сараптама ұсынған.

Ресейдің «2020 жылға дейінгі қауіпсіздік стратегиясына» → шолу жасаған сарапшы Тимур Сейітмұратов:

«Құжаттың өне-бойы Қазақстанға қатысты жоба-жоспарға тұнып тұр. Демек, Никонов, Федоровтардың мәлімдемесі күні бұрын әзірленген амал. Кремль қазірден қамданбаса ертең Қазақстанды да уыстан шығарып аламыз деп уайым жейді.



Олар Украинадан айырылды. Таулы Қарабақтағы соғыста Әзірбайжанға да сөзі өтпейтінін көрдік. Әзірбайжан «екі ел – бір ұлт» деген ұранның аясында Түркиямен бірігуі мүмкін.

Турасын айтқанда, Түркия Путинді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыруда. Түркі дүниесін тұтастыру дейтін идеямен қаруланған түріктер келесі кезекте Орта Азияға көз тігеді. Түріктердің Әзірбайжан арқылы Каспий теңізіне өтуі Ресейдің әскери истеблишменті үшін трагедия», – деген болатын.
...

Ал Американың “Стретфор” саяси сараптама орталығы жариялаған “2050 жылғы Түркияның ықпал ету аймағы” атты атышулы карта Кремльдің зәре-құтын қашырған еді. Алдағы 30-40 жылда әлем картасының қалай өзгерерін болжаған “Стретфор” осы арқылы түптің-түбінде түркі өркениетінің бірігерін меңзеген болатын.



Картаға мұқият үңілген Dalanews.kz тілшісі әзір Ресейге тиесілі немесе Ресейдің әмірі жүретін территориялар 2050 жылға қарай Түркияның ықпалына өтетінін хабарлаған еді.

“Стретфор” сарапшылары сан түрлі сүзгіден өткізіп, мұқият зерттеп, зерделеген картада Грузия, Армения, Әзірбайжан, Қырым, Қазақстан мен Түркіменстан Түркияның ықпалындағы аймақ ретінде бейнеленген.

...

Бұдан бұрын Dalanews.kz Үкімет басы Асқар Мәмин мен Түркі кеңесінің төрағасы Бағдат Әміреевтің кездесуінде түрік басылымдарының назары ауған ерекше жайт туралы → жазған.

“Мәмин Түркі кеңесінің туын осы кездесуге алып кіруге пәрмен берді. Түркі кеңесінің туы алғаш рет премьердің тұсында Қазақстанның байрағымен қатар тұрды. Жүрек толқытқан осы сәт кейбіреудің назарынан қалыс қалғанмен біздің жадымыздан өше қойған жоқ. Бұл бірінші кезекте тұтас түркі өркениетіне (басқаларға да) берілген белгі. Үндеу. Аса маңызды мәні бар саяси символ” – деп хабарлаған Türkiye газеті.


Бұған қатысты Түркия сарапшылары пікір білдірген болатын.



Ұлыдағы университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы, профессор Ферхат Пиринчи осы рәсімдегі премьер Асқар Маминнің позициясына тоқталған.  Оның ойынша Түркі кеңесінің туын Қазақстан байрағымен қатар қоюға пәрмен берген премьердің өзі.

“Түркі кеңесі халықаралық ұйымға жатпайды. Хаттама қағидасы бойынша премьер-министр Түркі кеңесінің төрағасын ұйымның туымен бірге қабылдауы міндетті емес.

Мәмин мұны білмеді емес, білді. Осы рәсімге Түркі кеңесінің туын алып кіруге ишарат еткен премьер-министр осы арқылы ұйымға сый-құрмет құрсетті, әрі ағайындас елдерге белгі белді” – деген еді сарапшы.

...

Ал саясаттанушы Марат Шибұтовтың пікірінше түркі дүниетанымын кеңінен насихаттау, Түркі одағын құру, түркітілдестерді бір жұдырыққа жұмылдыру идеясы Өзбекстанда ерекше қолдауға ие. Түркі одағын құруды қолдайтын биліктегі азаматтардың дені Мирзияевпен ым-жымы бір, президенттің тап іргесінде жүрген топ.

«Мирзияевтің Таулы Қарабаққа келгенде бауырлас Әзірбайжанды ашық түрде қолдауының өзі біраз жайттың бетін ашқандай. Бұл ел бұдан бөлек Түркі одағы кеңесінің жұмысына қан жүгіртіп, ерекше белсенділік танытып отыр.

Мирзияевтың маңындағы топтар «түбі бір түркілер» идеясы Орта Азия көлемінде насихаттауға мүдделі. Олар бұл мақсатқа қыруар қаржы бөлуге де қарсы емес. Ал насихат дегеніміз, қоғами-мәдени іс-шаралардан, кино туындылардан бастау алады.

Күні кеше Мирзияевтың төңірегіндегі топтар түркі әлемінің біртұтастығын төтесінен насихаттап, бірігуге үндеген түріктің тарихи сериалы «Мендирман Джалолиддин» туындысын  қолдап шықты», – деген бұған дейін Dalanews.kz-ке пікір білдірген сарапшы.

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x