Cоңғы жаңалықтар
Back

Қазақстан елшісі “Талибан” өкілімен ресми кездесті

Кабулда Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев “Талибан” құрған үкіметте сыртқы істер министрі міндетін атқаратын Әмір Хан Моттакимен кездесті. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл – Қазақстан билігінің Ауғанстанда билікке келген “Талибанмен” алғашқы ресми кездесуі. Нұр-Сұлтан бұл топты 2005 жылы “террористік ұйым” деп таныған. Бірақ министрлік таратқан баспасөз хабарламасында “Талибан” ұйымының аты аталмайды, ал Әмір Хан Муттаки “Ауғанстан уақытша үкіметіндегі сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы” деп көрсетілген.

Министрліктің хабарлауынша, кездесуде “ауған халқына азық-түлік пен басқа да гуманитарлық көмек көрсету мәселелері” талқыланған.

– Ауғанстанның сыртқы саяси ведомствасының басшысы Қазақстан тарапына өтпелі қиын кезеңде ауған халқына елеулі қолдау көрсетуге әзірлік білдіргені үшін алғысын айтты, – дейді СІМ. – [Ауғанстандағы жаңа биліктің] Қазақстан сыртқы саясатына, соның ішіндегі ауған бағытындағы ұстанымына құрметпен қарайтыны атап өтілді.

Азаттық кездесудің анық-қанығын білу үшін сыртқы істер министрлігіне жүгінді, бірақ министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров ресми хабарламаға алып-қосары жоғын айтты.

Vlast.kz “Талибан” өкілінің Twitter желісіндегі жазбасына сілтей отырып, кездесуде екі ел арасындағы сауда қатынасы да талқыланды деп жазды. БҰҰ статистика агенттігінің мәліметінше, 2019 жылы Қазақстан Ауғанстанға құны 400 миллион долларға жуық тауар экспорттаған.

Биыл мамырда Ауғанстанда 20 жыл болған Батыс әскерлері елден кете бастап, 1996-2001 жылы елде билік құрған “Талибан” елдегі аудандар мен қалаларды қайта бақылауына ала бастады. 15 тамыз күні олар Кабулға кіріп, бүкіл Ауғанстанды өз қолына алғанын мәлімдеді.

Тәліптер ескі әдетіне салып, репрессиялық заңдарын қайта енгізеді деп қорыққан ауғандар елден кетуге асығып, ауыр күйге душар болды. Олардың арасында өзінің қазақ екенін айтып, Қазақстаннан көмек сұраған азаматтар да бар. 10 қыркүйек күні Қазақстан 35 ауған қазағын атамекенге жеткізді. Бірақ Ауғанстанда әлі де жүздеген ауған қазағы қалып қойған.

Орталық Азия елдері арасында осыған дейін Қырғызстан мен Өзбекстан өкілдері “Талибан” үкіметімен байланыс орнатып үлгерген. Тек Тәжікстан ғана тәліптер билігін мойындамай отыр.

Тәліптер бұрынғы тәртіпті орнатпайтынын, адам құқығына мән беретінін айтып отыр. Бірақ олардың сөзіне күмән келтіретіндер көп. 25 қыркүйек күні Ауғанстанның солтүстік батысындағы Герат қаласында тәліптердің төрт адамның мәйітін іліп қойғаны хабарланды. Оған дейін “Талибанның” кісі өлтіргендер мен есірткі тасымалдағандарды түрмеден босатқаны мәлім болған.

23 қыркүйек күні Associated Press агенттігі “Талибанның” негізін қалаушылардың бірі молла Нуриддин Турабиден алған сұхбаты жарық көрді. Онда Тураби “Талибанның” қылмыскердің аяқ-қолын шауып тастау, өлім жазасына кесу тәжірибесін қалпына келтіруді ойлап отырғанын айтқан.

Тағы оқыңыз:

Бауыржан Байбек СҚО-да Nur Otan белсендісі ауылға оралып, тіршілікке жан бітіргенін айтты