Back

“Орта Азияның рухын ояттық”.  Мирзияев аймақ басшыларын бірігуге шақырды 

Өзбекстанның Тәуелсіздік алғанына тамыздың аяғында тура 30 жыл толды. Соған орай ұйымдастырылған салтанатты мәжілісте Шавкат Мирзияев сөз сөйлеп, кешегі күн мен бүгінгіні таразыға тартты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Жаңа Өзбекстанның келбеті қандай боларына қатысты болжамымен бөлісті осы жиында Мирзияев. Өз тұсындағы өзгерістерді, жетістіктерді саусақ бүгіп, санамалап өтті. 

Кәрімов дәуіріндегі томаға тұйық бағыттан біратала бас тартқанын, Ташкенттің саяси өрнегі өзгергенін тағы бір мәрте еске салды. Елдің енді қайтып бұл сүрлеуге түспесіне сенім білдірді. 

Ширай келе Орта Азияның Ресей ықпалынан арылып,  “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарарын” астарлап жеткізді Мирзияев. 

Dalanews.kz Мирзияевтың осы мәжілістегі Өзбекстанның өз іші мен аймақтық саясатқа қатысты тезистері мен толғаныстарын ықшамдап ұсынады. 

“Өзбекстан әлемдік қауымдастықтан ойып тұрып орын алды”, – дейді Өзбек басшысы. 

“Демократия? Ол бізге таңсық емес. Халық билігіне арқа сүйейтін мүлдем Жаңа мемлекеттің кірпішін қалаудамыз.

Азат ойлайтын азаматтық қоғамды қалыптастырғымыз келеді. Өсу үшін де қозғалыс, өзгеріс керек-ақ.

Демократиялық реформаларды жүрдек жүргізудеміз. Парламенттің құзіретін күшейту, саяси партиялардың пәрменін арттыру актуалды. Билікке қоғамның қас-қабағынан қаймығатын азаматтар келуі қажет”, – дейді ол. 

Мирзияев Кәрімовтен мұраға қалған мемлекетте демократиялық құндылықтарға мүлде көңіл бөлінбегенін меңзеген.

“Демократияның темірқазығы саналатын – адам құқығы, сөз бостандығы мен діни сенімге қол сұқпау біз үшін басты ұстаным. Осы мақсатта адамның, азаматтың құқын табанға таптатпайтын Ұлттық стратегия қабылдадық. Ұзақ жыл бойы күрмеуі шешілмей келген кейбір келеңсіздіктің көзін жойдық”, – деген Мирзияев мектеп жасындағы баланы жұмысқа жегетін заманның келмеске кеткенін айтыпты.

Ташкенттен бастау алған ауқымды, кешенді реформалар – бұрынғы Өзбекстаннан өзгерек, жаңа Өзбекстанның іргесін қалауға арқау болмақ. 

Сөй деген Мирзияев билік құрған қысқа мерзімде елде мүлде жаңа саяси жүйе қалыптасқанын, бұл өз кезегінде әлеумет пен экономиканың, ғылым мен мәдениеттің өркендеуіне алып келгенін мәлімдеген.  

“Өзбекстан өзінің қаржылық әрі экономикалық әлуетін жоғалтқан жоқ. Пандемияға қарамастан өндірістік потенциалымызды арттыра түстік. Американың J.P Morgan инвестбанкі Өзбекстанның аяқ алысына жоғары баға берді.

2017 жылдан бері ел экономикасы 18 пайызға өсті. Сыртқы сауданың көлемі 24 млрд-тан (2016 жылғы көрсеткіш) 36 млрд долларға артты. Өндірістік өнімнің құны 369 трлн сумнан асып жығылды. Өндірістің ішкі жалпы өнімдегі үлесі соңғы бес жылда 27 пайызға жетті”, – дейді ол. 

Былтыр Өзбекстан алыс-жақын шетелге 15 млрд доллардың тауарын тасымалдаған. Бұл да болса экономикадағы оң өзгерістің көрінісі. Өзбек экономикасына қаржы құйған шетелдік инвестицияның көлемі соңғы жылдары 3 есе артқан. Елде шағын-орта бизнестің шаруасы жүріп тұр, осы салада 1 млн 400 мыңға тарта жаңа жұмыс орны құрылыпты. 

“Кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі келтіріп келген кеселді заңдардың күшін жойдық. Бизнеспен айналысатын аудиторияның құқын қорғаудамыз. Мен билікке келгелі уақытта 500 мыңнан аса адам жеке кәсіп ашты. Өзбекстан «Doing Business» рейтингінде 141-ші орыннан 69 -орынға бір-ақ қарғыды. Біздің потенциал мұнымен шектелмейді. Нарықтық экономикаға тезірек төселу үшін кәсіпкерлерге барынша кеңшілік жасалу керек, олар бізді алға сүйрейтін локомотив”, – дейді Өзбекстан басшысы.

Мирзияев елдің дамуына егемендік алған бозала шақта өмірге келген буын үлкен серпін береріне сенімді. Биыл 30-ға толған Тәуелсіздік тұстастары Жаңа Өзбекстанның қабырғасына қаларына күмәнданбайды. Дәл осы ұрпақ Орта Азияның бірігуіне де ұйытқы болуы қажет. 

“Өзбекстанның аймақтық дәрежедегі, әлемдік деңгейдегі беделі артып келеді. Ашық саясат жүргізгеннің жемісін жеп отырмыз. Диалогқа дайынбыз. 

Бір кездері шекарамыздан шегіртке де өтпейтін. Қазір ел азаматтары алыс-жақын шетелге сапарлап, сондағы туыс-туғандарымен қауышып жатыр. Көршілермен кіржіңдескен кезең келмеске кетті. Жаратқан Орта Азияны ауызбіршіліктен айырмасын. 

Соңғы жылдары аймақ елдерінің ынтымақтастығы жаңа дәрежеге көтерілді. Саясатта “Ортаазиялық рух” деген ұғым пайда болады. Иә, Орта Азияның рухын ояттық. Аймақтың атынан халықаралық саясатқа ықпал етерлік, бағдар берерлік батыл ұсыныстар айтылуда. 

Арамызды суытпай, жиі-жиі жүздесіп тұратын жақсы дәстүр қалыптастырдық. Түнеукүні Түркменстанда өткен жүздесуде дамудың жаңа бағыттарын айқындадық”, – деген Мирзияев осы орайда Ауғанстандағы ахуалға да тоқталыпты.

“Ол жақтағы жағдайдың қалай құбылары белгісіз. Бізге бұл елде тұрақтылық орнағаны қажет.  Ауғанстан Орта Азия мен Оңтүстік Азияның арасындағы өткел және сол миссиясынан айырылмауы керек. 

Өзбекстан Ауғанстанмен арадағы достық байланыстардың үзілмеуіне мүдделі. Бөтен елдің ішкі ісіне араласпаймыз, әйтсе де бұл елдегі билік транзитінің ың-шыңсыз өткенін қалаймыз”,  – дейді ол.
Жалпы осы жиында Мирзияев жаңа Өзбекстан туралы жиі-жиі айтты. Сол арқылы Кәрімовтың қателігінен сабақ алғанын, оның тұсындағы Өзбекстан мен бүгінгі елдің беталысында алшақтық барын аңғартқысы келсе керек. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ