Cоңғы жаңалықтар
Back

“Керек болса, күрдтерді дүр көтереміз”. Жириновский Ердоғанға ескерту жасады

Түркияның Орта Азияны төңіректей бастауы, Тұран одағы туралы әңгімелердің жиілеуі, түнеукүнгі Ердоған мен Байденнің жылы жүздесуі Жириновский бастаған орыс шовинистерін күндік күлкіден, түнде ұйқыдан айырғанға ұқсайды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Пропагандист Соловьевке сұхбат берген Жириновский түріктердің аптығын (амбициясын) басудың амалын білетінін айтып бөскен екен. Кремльді аттап-бұттап өтіп, астамшылық жасар болса Ердоғанның екі аяғын бір етікке тығамыз деп өзеурепті. 

Мұны абсурд дейін десек, Мәскеу ойындағы дүниені “Жириктің” аузымен айтқызып үйренген. Анкараның геосаяси белсенділігі, оның ішінде Орта Азияға дендеп енуі Кремльді аса қатты алаңдатып отырғанын аңғаруға болады.

“Біздің қолымыздағы ең жойқын қару – күрдтер! Совет үкіметі кезінде де солай еді, әліге дейін актуалдығын жоғалтқан жоқ. Ердоған сөзге құлақ аспай, сыңарезулеп, тым-тым еркінси бастаса Иранмен одақ құрамыз да, күрдтердің қолына қару ұстатамыз”. 

Сөй деген Жириновский Иранның өз ішінде қара ормандай қалың әзірбайжан диаспорасы тұратынын ұмытып кетсе керек. 

Бұдан бұрын Dalanews.kz-ке пікір білдірген Кремль идеологы Геворг Мирзаян: 

“Түркия қажет деп тапса Ирандағы қалың орман әзірбайжандарды дүр көтеріп, Тегеренды әп-сәтте сабасына түсіреді. Иран мұндай сценарийден қауіп күтеді, сондықтан Анкараға қарсы шығудан қаймығады”, – деген. 

Ал Жириновский болса күрдтердің абақтыда жатқан көсемі Абдулла Оджаланды босатып алуды жоспарлап жүр. “Берсе қолынан, бермесе жолынан” деп жаланып отыр.    

“Оджалан? Ол бостандыққа шығу тиіс. Оған азаттық әперуіміз керек. Кезінде неміс батальоны абақтыда жатқан Муссолинді босатып алған еді. Біздің олардың қай жеріміз кем? Арнайы операция әзірлеу қажет. Имралыға (күрд сепаратисі қамауда отырған аралдың аты, ред.) жақын келіп, Оджаланды түріктердің қолынан суырып аламыз. Алып қашқаннан кейін Ресей емес, Арменияда бой тасалай тұрсын. Сол арадан қол жинап, Түркияда топалаң туғызудың жоспарын жасайтын болады”, – дейді Жириновский. 


Түркия Ресеймен амал дос. Еуроодаққа кіре алмай жүрген Анкара Кремльмен амал жоқтықтан араласуға мәжбүр. Оның бір себебі – туризм.

Туризм демекші, түрікше жақсы білетін Жириновскийді түрік саясаткерлері тақырға отырғызып кетіпті. 

2010 жылы Мәскеуге іс-сапармен келген сол тұстағы Түркияның Сыртқы істер министрі Мәуліт Чавушоғлы Жириновскийдің кабинетіне де бас сұғады. 

“Екеуіміз түрікше пікірлестік. Дәм-тұзымыз жараса кетті. Түрікше сөйлеген маған риза болды. Түркияға келіп, аунап-қунап қайтуға шақырды. “Жол-пұлды өзіміз көтереміз. Ас-суыңыз, арақ-шарабыңыз бізден болады” деді. Кәдімгідей марқайып қалдым. Содан бері он жыл өтті. Жым-жылас жоғалды. Шақыру тұрмақ, мәселенің мән-жайын түсіндіріп, қоңырау шалуды қиынсынды” – дейді түріктерге деген кіжінудің түп-төркіні қайда жатқанын аңғартып қойған Жириновский.

Ресей саясаткерінің Түркияға, түріктерге тіл тигізуі бұл бір емес. 2015 жылы екі елдің арасында “ұшақ дағдарысы” туындаған шақта Жириновский Стамбұлдың төбесінен атам бомбасын тастай салуды ұсынған.

Жастау кезінде Түркияның Бандырма қаласында коммунистік идеологияның үгіт-насихатын жүргізгені үшін істі болған. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 

Тағы оқыңыз:

Мемсатудағы мәселе – заңның нашарлығынан емес, оны сақтамаудан туындайды