Қазақстандағы қос билік. Қайрат Мәми мәлімдеме жасады

Dalanews 21 мау. 2021 10:33 183

Қазақстанда қос билік бар деген пікір күшейген тұста елдің Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми жолдау жасап, "Елбасы мен президент институтының бірігіп әрекет етуі тиімділігін көрсетті, бұл әсіресе коронавирус індеті кезінде қатты байқалды" деді, деп жазады centralasian.org.

2019 жылы президенттік өкілеттіктердің көшуінен кейінгі кезең Қазақстан үшін Елбасы мен ел президенті институттарының бірге әрекет етуі президенттік басқару нысанының тиімділігін, орындылығын және орнықтылығын көрсетіп отыр.

Осы ынтымақтастық COVID-19 пандемиясының қиын кезеңінде және оның салдарынан экономикалық жүйенің барлық секторында және азаматтық қоғамның әлеуметтік блогында туындаған қиындықтар, халықаралық күн тәртібі көлемінің артуы жағдайында ерекше өзекті болды, деді Мәми 21 маусымда парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Елбасы" статусы бар. Бұл статустың арқасында оның өзіне және отбасына қылмыстық іс қозғалмайды.

Мәми президент Тоқаев "Елбасы" Назарбаев айқындап берген бағытын ойдағыдай жалғастырып жатыр дегенді меңзеді.

Мемлекет басшысының іс-қимылдарымен Елбасының мемлекеттілікті одан әрі үдемелі дамыту жөніндегі стратегиялары мен дәстүрлері жалғасып жатқаны ақиқат. Олар стратегиялық жоспарлаудың негізгі құжаттарында қамтылған, деді ол.

Мәми жолдауда биыл қаңтарда эпидемиологиялық жағдайдың күрделі екеніне қарамастан мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы "қолданыстағы жаңартылған заңнамаға сәйкес өткенін" атап өтті. (Халықаралық бақылаушылар сайлауда заңсыздықтар көп болды деп бағалаған - ред.).

Ауыл шаруашылығы жерлерін жеке меншікке беруге және шетелдіктерге беруге тыйым салатын заң, "Адвокат қызметі" туралы заңдардың қабылданғанын айтты.

Құрамында жеті мүшесі бар Конституциялық кеңес елде президент, парламент сайлауы, референдумның заңды өтуін қадағалайды. Қабылданған заңдардың, ратификацияланған халықаралық келісімдердің Конституцияға сәйкестігін тексереді. Заңдарға түсініктеме береді. Кеңестің өзге де міндеттері бар.


2019 жылы елді отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кеткеннен кейін де саяси кеңістікте ықпалын сақтап қалуы елде "қос билік орнады" деген тұжырымның тарауына түрткі болған. Дегенмен кей сарапшылар "қос билік орнады дегеннен гөрі билік Назарбаевтың қолында қалды" деген тұжырым шындыққа көбірек сәйкес келеді деп санайды.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x