Cоңғы жаңалықтар
Back

Антына адал президент, сертіне берік перзент

«Антқа адал болу, сертке берік болу – 

менің халық алдындағы парызым» 

Ұлтымызда антқа адалдықты қастер тұтады. Бұл – осыдан тура 2 жыл бұрын жалпыұлттық сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурацияда айтқан сөзі.

Ант беру туралы ҚР Конституциясының 42-бабында анық көрсетілген. Ал серт дегеніміз не? Ол – Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20.03.2019 президент міндетін атқаруға кіріскен сәтінен бастап халық алдында сөйлеген сөзі мен берген уәдесі, сайлауға түскен сәттегі байыпты бағдарламасы.

Осы екі жылда анық көз жеткізген бір дүние – Тоқаевты идеяның адамы ретінде танығанымыз және ол үшін басты идея – әділдік екенін түйсіндік. Сайлауға түскен бағдарламасы да «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталған болатын. Екі жыл бұрын ант беру рәсімінде үлкен он бағытты атап өтті. Ал қазір соларды біртіндеп жүзеге асырып келеді. Мысал үшін айтар болсақ, алғашқы бағыты – халықтың тұрмыс сапасын арттыру.

ӘЛЕУМЕТ

Біріншіден, тұрмысты тіктеу үшін алдымен қарызға кіріп кеткен халықтың мәселесін шешу қажеттігін түсінді. Несиені кешіру туралы шешімі 3 млн. адамды қамтыды. Бұл – халықтың 16 пайызы. 

Екіншіден, педагогтардың мәртебесін көтеремін деген уәдесін орындап, оны арнайы Заңмен бекітті. Сол мәртебесіне сай мұғалімдердің жалақысы биылдың өзінде 25%-ке өсті. Ойлап көріңіз, біздің елде 500 мыңнан астам мұғалім мен педагог бар. Демек Тоқаевтың кезекті шешімі жарты миллионнан астам отбасының кірісін арттырды. 2023 жылға дейін медицина қызметкерлерінің жалақысы 2,5 есеге дейін көбейеді. 

Үшіншіден, тұрмысыңды түзеудің бірден бір жолы – баспаналы болу. Бұл ретте Мемлекет басшысы былтыр жыл соңында зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағын баспана алуға, емделуге жұмсай алады деп уәде еткен болатын. Биылғы 5 айдың өзінде 70 мыңнан астам адам осы шешімнің игілігін көрген.

Төр

тіншіден, Президент жуырда «қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни, алдын ала сатып алу келісімін жасау керек.

Соған сәйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн» деп атап өтті. Яғни, халықтың тұрмыс сапасын түбегейлі өзгерту бағытында жүйелі жұмыстар атқарып жатқанын байқауға болады.

САЯСАТ

Президенттің ант беру рәсімінде сөйлеген сөзі оның саяси реформа жасайтынын бірден аңғартты. Инаугурациядағы сөзі идеологиялық старт болды. Елдегі демократиялық өзгерістерді қоғам белсенділерімен бірге талқылайтын ашық алаң – Ұлттық сенім кеңесін де дәл осы 12 маусымда өзі ант берген күні құрды. Екі жылдың ішінде Ұлттық кеңестің ұсынысымен 20-дан астам Заң жобасы әзірленді. Оның жартысынан көбі қабылданып, нақты жүзеге асты.

Нәтижесінде:

  • Саяси партияларды тіркеу кезіндегі партия мүшелерінің саны екі есеге дейін азайды.
  • Бейбіт шеру өткізудің тәртібі өзгерді. 
  • Парламенттік оппозицияның қалыптасуы.
  • 2021 жылдың күзінен бастап ауыл әкімдерін халықтың тікелей сайлауы. 
  • Партия тізімінің 30 пайызы әйелдер мен жастардың болуы міндеттелді.

 

Жастардың кадрлық резервін құру туралы бастамасынан Тоқаевтың таяздық пен сауатсыздыққа жаны қас екенін аңғаруға болады. Елде білікті де, кәсіби жас мамандардың нопотизм емес, меритократия қағидасына сай сатылап өскенін қалайтынын аңғартты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы күн өткен сайын өзекті болып келеді. Кейде қоғамда Президентті ұсақ-түйекке араласады деп кінәлап жатады. Алайда елдегі жағдайды тамыршыдай дөп басып отырғаны оның кез келген мәселеге сергек екенін көрсетеді. Твиттер арқылы тапсырма беріп, Инстаграм аккаунтымен маңызды шараларын ұсынып, виртуалды қабылдау өткізетін басшы өзі бастап халық үніне құлақ асып үлгі боп отырған жоқ па.

РУХАНИЯТ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келуі әлемдік экономиканың өсімі баяулаған, санкциялар текетіресі мен сауда соғысының өршіген сәтімен тұспа-тұс келді. Бұл сыртқы ықпал дейтін болсақ, ел ішінде де түрлі сынақ көбейіп кетті. Атыраудағы жұмысшылардың жаппай төбелесі, Арыстағы жарылыс, Қордайдағы жанжал, Мақтаралдағы су тасқыны, Алматыдағы ұшақ апаты, әлемдегі пандемия…

Осы

аталған оқиғалардың бәрін ретімен, жүйелі түрде, салқынқандылықпен шешіп келе жатыр. Тумысынан эрудит Тоқаев – аналитикалық терең ойлау жүйесіне ие екенін осындай қиын сәттерде анық аңғартады.

Қандай қиын сәт болса да ұлтты ұйыстырып, көш бастай біледі. Сондықтан да шығар Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағалығы табысталғанда қоғам оң бағалап, жақсы қабылдады. 

Президент Тоқаев қарамағындағы қызметкерлерді «қуырып» алатын мүмкіндігі болса да сабырлы қасиеттен бір айныған емес. Себебі ол – популизмнен аулақ, сөзден гөрі іске жақын басшы. Дипломат болғандықтан әрбір мәселенің келісіммен түйінделіп, консенсуспен біткенін қалайды және солай қорытынды шығарады.

Есесіне ұлттың рухани кемелденуіне ықпал ететін шешімдер қабылдады. Тойдың емес, ойдың асығы алшысынан түсті. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына бір жыл бұрын қалғанда өзі Жидебайға сапарлай барып берген уәдесін толық орындады. Көп жылдар бойы қараусыз қалған Семей қаласына көңіл бөлініп, әуежайынан бастап Абай туған топырақ бір жасарып қалды десек болады. Әлемдік пандемия күшейіп тұрса да әл-Фарабидің мерейтойын қатар өткізді. 

«Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады», – дейді халқымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың артық сөйлемей, уәде берсе орындап шығатыны оның антқа адал, сертке берік екенін көрсетіп келеді.

 

Жарқын Түсіпбекұлы, саясаттанушы