Синофобия? Қытай бізден теріс айналды. Мұны Ташкент пайдаланып кетті - сарапшы

Dalanews 27 сәу. 2021 04:06 353

Қытайтанушы Әділ Кәукенов Бейжіңге қарсылықтың қалай, неден туындағанын түсінбейді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның пікірінше түнеукүні Алматыда өткен антиқытай митингісінің түптеп келгенде түк мәні жоқ.

Себебі ереуілге шыққан жұрттың айтып жүргеніндей Қытай Қазақстанды экспанциялауды көздемейді. Елдегі Қытай инвестициясының ауқымы тым төмен.

“Бейжің Қазақстанды бодан қылғысы келеді”, “Қытай инвестициясының түпкі мақсаты Қазақстан отарлау” деп аттандаған ағайынға Кәукенов:

“Аптықпаңыздар! Ашуға берілмеңіздер! Дабыралағаннан түк өнбейді. Дәлелі жоқ құр эмоциямен ұзаққа бармаймыз. Қытаймен байланысты қауіп-қатердің көпшілігі қауесетке құрылған, түп өзегі жоқ фобия” деген сыңайда жауап қатқан екен.

Сарапшының айтуынша іс жұзінде Қытай Қазақстанға қызызғушылығы төмендеп кеткен. Жыл өткен сайын екі елдің арасындағы алыс-беріс азайып барады.

Айталық 2015 жылдан бері екі елдің сауда айналымы екі есеге төмендеген.

2010 жылы тауар айналым 20 млрд доллардан асып жығылса, 2019 жылы 15 млрд-қа жетеқабыл жерде тоқтаған. Былтыр дәл осы мөлшерден аз-мұз ғана асыпты.

Ал 2014-16 жылдары тауар айналымы тіпті 10 млрд долларды еңсере алмаған екен.

“Қытайға қатысты қауіпті сейілту үшін қолдан құрап, ойдан шығарған дүнием емес. Түпқайнары бар. Керекті мәліметтің бәрі Дүниежүзілік банк сайтында мен мұндалап тұр. Қытай Қазақстанға тауар сатып, тасы өрге домалап жатса бір жөн. Керісінше Қазақстан Қытай көбірек саудалайды, тауар айналымының сальдосы біздің пайдамызда”, – дейді ол.


Бұған дәлел былтыр біздің ел Қытайға 7,8 млрд доллардың (54,4 пайыз) тауарын тасымалдаған, Қытайдан 6,6 млрд доллардың (45,6 пайыз) тауарын импорттаған екен.

Одақтасымыз Ресейдің арадағы жағдай бөлек. Олар біздің нарықты өз тауарымен толтырып тастаған, ал біздің Ресей нарығындағы үлесіміз мардымсыз.

“Әттеген-ай, бізде осындай ресми дерекке елең етпейді. Жолдағы таксистің жорамалына, “құйрық жалы кесіліп” ватсаптан келген ақпаратқа алданып қалады.

Факт! Сан. Статистика. Осы дүниелердің ой елегеніне өткізгіміз келмейді”, – дейді Кәукенов.

Сарапшы осы орайда Қазақстан экономикасындағы Қытай инвестициясының үлесіне егжей-тегжей тоқталған екен.

Айтуынша 2013 жылдан күні бүгінге дейін ел экономикасындағы Қытай инвестициясының үлесі 9,3 пайыздан 4,7 пайызға дейін құлдыраған.

Санмен сөйлер болсақ, 2013 жылы бұл көрсеткіш 2,4 млрд долларды құраса, кейінге жылдары бірте-бірте төмендей бастаған.

2014 жылы - 1,8 млрд.

2015 жылы – 0,8 млрд.

2016 жылы – 0,9 млрд.

2017 жылы – 1 млрд.

2018 жылы – 1,5 млрд.

“2011 - 2014 жылдары Қытай Қазақстан экономикасына 8,1 млрд доллар инвестиция құйса, 2015-2018 жылдардың аралығында инвестиция көлемі небәрі 4 млрд долларды құраған, яғни екі есе төмендеген.

2010 жылдан бергі 10 жыл уақытта Қытай Қазақстанға қызығушылық танытуды тоқтатты деуге әбден негіз бар. Бәлкім, Бейжің шет елдерге инвестиция құюды күрт доғарған болар? Жоқ, әсте олай емес. Керісінше, инвестиция мөлшері жыл өткен сайын артқан үстіне артып келеді. 2013-2018 жылда Қытай алыс-жақын шетелдердегі инвестициясы 2 трлн доллардан 4 трлн долларға дейін артқан. Есесіне мұндағы Қазақстанның үлесі 1 пайыздан 0,36 пайызға дейін төмендеп отыр”, – дейді сарапшы.

0,36 пайыз. Қазақстан экономикасындағы Қытай инвестициясының үлесі бүгінгі күнгі үлесі осындай. Бейжің Қазақстанның стратегиялық әріптесі бола тұра соңғы жылдары біздің елге қаржы құюдан қашқалақтай бастаған.

Әділ Кәукеновтың айтуынша Қазақстанның Қытай алдындағы берешегі де азайып келеді.

2013 жылы біздің елдің Бейжіңге қарызы 16 млрд долларға жеткен. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша 12 млрд долларға азайған.

“Берешектің басым бөлігі жеке сектордың үлесінде. Мемлекет кепілдік берген қарыздың көлемі аз.

“Қытай Орта Азияны бүтіндей отарлап алмақ екен. Аймақты өзінің сауын сиырына айналдыруды көздейді” деген алып-қашпа әңгіменің көпшілігі миф. Бейжіңнің аймақтағы елдерге қатысты өз көзқарасы мен жұмыс істеу принципі бар.


Жыл сайын Қытайда Сыртқы істер министрі мұрындық болатын Халық өкілдерінің құрылтайы өтеді. Биылғы жылы бұл құрылтайда Қазақстан тұрмақ, Орта Азияның аты аталған жоқ. Бейжіңнің назары Латын Америкасына, Оңтүстік Африкаға, Оңтүстік-Шығыс Азияға, Батысқа, Үндістан мен Жапонияға ауған. Ашығын айтқанда біздің аймақ атаусыз қалды. Біз болсақ Қытайдың алдындағы саяси-экономикалық потенциалымызды асырып көрсеткіміз келеді.

Антиқытайлық қарсылықтар “хайпқа” ұласып кетті. Қазақстан кәсіпкерлері Қытайға тауар сатып күн көріп отырған елеп-ескергіміз жоқ. Қытайға қатысты қоғам көзқарасының күрт өзгергенінен қыруар инвестициядан қағылдық”, – дейді сарапшы.

Қысқаша айтқанда, синофобияның салдарынан көршімізбен арадағы алыс-беріс пен инвестициялық әріптестіктің тамырына балта шабылуға тақау.

Қытайды қабылдағысы келмейтін қазақ қоғамы таяқтың екі ұшы барын ұмыт қалдырған. Қазақстан экономикасы қытай инвестициясы үшін тартымсыз, қолайсыз нарыққа айналып шыға келген.

Сөй деген Әділ Кәукенов әлгі мүмкіндікті іргедегі Өзбекстанның пайдаланып кеткенін айтады.

“Қытайдың Қазақстаннан теріс айналғанын көрген Мирзияев Бейжің арадағы байланысты күрт күшейтті. Қазіргі таңда Өзбекстан аумағында Қытай инвестициясының үлесі бар 1125 кәсіпорын жұмыс істейді. Бір ғана былтырғы жылы 344 кәсіпорын ашылды. 


Өткен жылдың қазанында Ташкент Alibaba онлайн сауда базарының Өзбекстандағы таралу ауқымын кеңейтіп, сауда алаңындағы тіркелу жұмысын жеңілдетті. Сол - ақ сәлден кейін өзбектің кондитер компаниясмен 3 млн доллардың келісімшартына қол қойылды.
Бейжің қазір өзбек өнімдерін Қытай нарығына кіргізуде жолдарын жеңілдетіп жатыр. Осы мақсатта арнайы платформа құрып үлгерді. Мұндай платформа Қазақстан мен арада да құрылмақ еді. Алайда құр сөз күйінде. Тіпті құрылған күннің өзінде келесі күні елшілік алдында митинг өтіп, жасалған жұмыстың сүйкімі кетер еді”, – дейді Кәукенов.

Айтуынша 2025 жылға дейін Ташкент өзбек экономикасындағы Қытай инвестициясының көлемін 5 млрд долларға дейін ұлғайтпақ. Әзір өзбектің турфирмалары қытай туристерін елге шақырып әлек. Былтыр Өзбекстанға 60 мыңнан аста қытай туристері келіп қайтқан.

Пікірінше инвестицияның құмға сіңіп, өтеуін көрмегенді Қытай да қаламайды. Осы себепті Бейжің Қазақстанды сырт айналып өтетін транзиттік маршруттар салуға кіріскен.

Бұған дәлел – Қытайды Еуропа және Таяу Шығыспен байланыстыратын темір жолы желісі “Қорғас” сауда аймағына соқпайды.

Бейжің Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол желісін салып, Таяуы Шығыс төтелей өтуді көздеп отыр. Мұнда да Қазақстан қалыс қалыс қалған. Жаңа жоба пайдалануға берілсе, Таяу Шығысқа жетер жол бақандай 5 күнге қысқарады екен.

Кәукенов солай дейді.

Екінші мәселе қазақ қоғамындай емес, өзбек ағайындар Қытайдан қойын-қолтықтасып жұмыс істеуге әзір.

“Әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі бойынша өзбектердің 65 пайызы Қытаймен арадағы энергетикалық-инфрақұрылымдық жобаларды қуана-қуана қолдайтынын айтқан. Сауалдасқан халықтың 75 пайызы қытай инвестициясы елде жаңа жұмыс орын ашарына сенім білдірген.

Жалпы бұл тұрғыда Ташкенттің түсінігі бізге қарағанда бөлек. Саудаласқаннан қорықпайды. Сауда-саттыққа қалыпты дүние ретінде қарайды. Фобиядан ада. Қорқыныш пен үрейге бой алдырмайды. Қытай мен АҚШ секілді державалар инвестиция тартуда өзара бәсекелес екенін жақсы біледі. Аты аталған алып елдердің тілін тауып, оларға өз тауарын тасымалдығысы келеді.

Инвестицияны молынан тартқан ел бақуатты. Қытай дәл сондай мемлекет. Былтыр Қытайға құйылған тікелей инвестиция 163 млрд долларды құраған (АҚШ-тың көрсеткіші 134 млрд).

Инвестицияны түсінде көретін елдердің қатарында Сирия, Ирак, Конго, Ауғанстан секілді елдер жүр.

Бұл түрімен Өзбекстан бізді басып озады. Инвестицияның бәрі Ташкентке ағылса, Қазақстан құралақан қалады. Мұның бәрі біздің қоғамдағы қолдан құрастырылған, ойдан шығарылған синофобияның кесірінен орын алып отыр”, – дейді Кәукенов.

...

Әлбетте Қытайға қатысты көзқарас әрқилы. Бейжіңді бүге-шігесіне дейін білетін сарапшылар пікірі де әркезде үйлесе бермейтіні белгілі. Мәселен ілгеріде сөз алған сарапшы Әділ Кәукенов Қытайдан қауіп күтудің қажеті жоқ деген ұстанымда. Керісінше Бейжіңнің тілін тауып, сауда-саттық саласында сенімді әріптестік орнату қажет. Синофобияны ушықтыра бермей, мәселенің экономикалық аспектісіне назар аударған жөн.

Бұдан бұрын Dalanews-ке сұхбат берген ЕҚЫҰ сарапшысы Нива Яу бұған қарсы сөйлеп, Қытайдың жылы-жұмсақ саясаты Орта Азияны сонау 90-шы жылдары жіпсіз байлап тастағанын айтқан.

Оның атап өткеніндей Бейжің арадағы алыс-берісті саяси құрал ретінде ұтымды пайдаланып отыр. Экономикалық әріптестіктің астарында саяси ықпалын күшейту мұраты жатыр.

Биліктегі элитаның аузын майлап үйренген Бейжің Орта Азиядағы шенді-шекпендінің әлсіз жерін жақсы біледі. Аймақтағы саяси элитаның сұранысын өтеп, Қытаймен байланысты бизнес жобаларын қаржыландыру арқылы байлап-матап алған.

Яудың айтуынша Орта Азия басшыларының Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге келгенде жұмған аузын ашпай, жауаптан жалтарып кетуі де содан.

Орта Азия басшыларына тапсырма: Қытайды сынауға жол бермеңіздер! 


Сөй деген Нива Яу Бейжіңнің аймақ елдерін дегеніне көндіріп, қалағанын алатынын айтқан.

Орта Азиядағы белсенді аудиторияның антиқытайлық акциялары Бейжіңге жақпай қалған көрінеді. Қытай билігі аймақтағы бес елдің басшысынан бұл мәселені уақыт оздырмай кез-келген жолмен шешуді сұраған.

Сарапшының айтуынша бұл бөгде елдің ішкі ісіне ашық килігудің көрінісі.

“Аймақтағы Қытай елшіліктері тырнақ астынан кір іздеудің хас шебері. Алдымен қырғыздың ақпарат құралдары Бейжіңді құбыжық қып көрсеткені үшін елдің бірінші басшысына шағымданды. Қытай саясатын сынаған сарапшыларды қылмыскерге теңеді.

Тәжіктегі жағдай да осыған ұқсас. Бұл елде антиқытайлық пікір білдіру қылмыс жасағанмен пара-пар, сотталасыз. Қырғызстанда мұндай белсенділердің бірнешеуі қамауға алынған”, – дейді ол.

Сарапшының сөз ауанына қарағанда уақыт өте келе Қытайды сынау табу тақырыпқа айналады. Бейжіңге “тіл тигізгеніңіз” үшін абақтыдан бір-ақ шығасыз. Қытай билігі Орта Азия басшыларынан дәл осыны талап етуде.

Қытай қысымына ұшыраған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Бейжің біздің елдің Шыңжаңнан қашқан этникалық қазақтарды қабылдауына қарсы. Оларды қабылдау арқылы біздің ел Шыңжаңдағы репрессия туралы қауесетті растап, Батыс пен АҚШ-тың күдігін ұлғайта түседі-мыс.


“2010 жылдан бастап Қытайдың репрессиялық саясаты кәріне мінді. Өлкедегі қуғын көрген аз ұлттар атажұртынан безіп, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасын заңсыз кесе бастады. Бірқатары босқын мәртебесін сұрады. Көпшілігі қазақ, қырғыз шекарашыларының қолына түсіп, ілгерідегі шарт бойынша лезде Қытайға қайтарылып отырды. Көші-қон талабына сай олардан “кімсің?”, “қайдан келесің? деп те сұраған жоқ”, – деген еді Нива ханым.

“Қазақстан? Бейжің нені қаласа, соны алады”, – атты мақаланы газетіміздің өткен санынан оқи аласыздар.

Мақаланың толық нұсқасын төмендегі сілтемеге өтіп оқи аласыз: 

https://dalanews.kz/sadak/61216-qazaqstan-beyzhing-neni-qalasa-sony-ala

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x