Қазақстан? Бейжің нені қаласа, соны алады – Қытай сарапшысы

Dalanews 23 нау. 2021 10:18 1096

Бейжің Орта Азия елдерімен өктем сөйлеседі. Аймақтың элитасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауда. Қытайдың қабағынан қаймығатын Қазақстан билігі Бейжіңнің айтқанын екі етпеуге тырысады. ЕҚЫҰ сарапшысы Нива Яу сөй дей келе, Қытайдың жылы-жұмсақ саясаты Орта Азияны сонау 90-шы жылдары жіпсіз байлап тастағанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Аймақтың саяси жетекшілері Шыңжаң өлкесіндегі қуғын-сүргінді айыптауға батылы бара бермейді. Керісінше, бұл мәселеде Бейжіңнің антисепаратизмге қарсы күресін қолдайтын ортақ ұйғарым бар. Қытайға да керегі осы...”, – дейді Нива ханым. 

Бейжің арадағы алыс-берісті саяси құрал ретінде ұтымды пайдаланып отыр. Экономикалық әріптестіктің астарында саяси ықпалын күшейту мұраты жатыр. 

Биліктегі элитаның аузын майлап үйренген Бейжің Орта Азиядағы шенді-шекпендінің әлсіз жерін жақсы біледі. Аймақтағы саяси элитаның сұранысын өтеп, Қытаймен байланысты бизнес жобаларын қаржыландыру арқылы байлап-матап алған. Яудың айтуынша Орта Азия басшыларының Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге келгенде жұмған аузын ашпай, жауаптан жалтарып кетуі де содан. 

Қытай курортынының тұрақты клиенті кімдер? 


Қытай басқаларға қарағанда ерте қамданған. Орта Азияға сонау 90-шы жылдары көз салып, саяси һәм экономикалық әріптестіктің іргетасын қалауға көшкен. 

КСРО шекпенінен шыққан аймақ елдерінің басшылары Қытайдың қымбатты курорттарында демалып, аунап-қунап қайтуды әдетке айналдырған. 

“1990-2000 жылдардың аралығында Орта Азия лидерлері Қытайға күн құрғатпай келетін. Ресми сапардан бөлек, ой сергітіп, бой жазып қайтатын. 

Мәселен ұзақ жыл ел басқарған Назарбаев мен Эмомали Рахмон Саньядағы қытайдың дәстүрлі медицина курорттарына жиі келеді. 


Қытай Орта Азияның ресми өкілдеріне арналған оқу бағдарламаларын өз қалтасынан қаржыландыруда. Аймақтағы элитаның біразы Қытайда оқып, Қытайда білім алған. Бейжің осы арқылы өзінің саяси идеологиясын дәріптеп, Орта Азиядан келген шенеуніктерге бұдан үлгі алуды үгіттеуде”, – дейді сарапшы. 



 

Шыңжаңдағы қазақтар? Билік не істерін білмей, дағдарып отыр


 Қытай Орта Азияны уысынан шығармай, мықтап ұстауда. Аймақтан нені қаласа, соны алады. Шыңжаң мәселесінде аймақ басшыларының бірауызды болуын талап етеді. Бұған сай Орта Азия елдері Шыңжаңдағы қыспаққа шыдамай, шекараны кесіп өткен қытай азаматтары, яғни этникалық ұйғыр, қазақ, қырғызды Бейжіңнің сұрауы бойынша депортациялауы тиіс.      

“Айталық бір топ адам шекараны заңсыз кесіп өтіп, Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұрады делік. Шарт бойынша Қазақстан әлгі азаматтарды алды-артына қарайлатпай, жедел кері қайтаруы қажет. Осы күнге дейін Бейжіңнің қалауы қалтқысыз орындалып келді. Тек соңғы жылдары бұған халық қарсы шығып, ел Үкіметі этникалық қазақтарға қатысты позициясын сәл-пәл жұмсартты”, – дейді сарапшы. 

Дәл қазір қазақ билігі не істерін білмей дағдарып отыр. Екі оттың ортасында қалған саяси элита қай жағына жығыларын білмей дал. Бұлай тартса өгіз өледі, бұлай тартса арба сынаданың кері. Халықтың ашуына тисе қазіргі саяси жүйенің шаңырағы шайқалады, Бейжіңнің көңіліне кірбің түсіруге тағы болмайды. 

Нива Яу Орта Азия елдерінің Қытайдың сөзін сөйлеуден өзге амалы жоқ дейді. 

Оның пайымдауынша Бейжің аймақты Батысқа қарсы қалқан ретінде пайдалануда. Орта Азияны Шыңжаңдағы қуғындауға көз жұма қарап, Қытайдың осы бағыттағы позициясын құптайтын саяси пулға енгізіп жіберген.  

Орта Азия басшыларына тапсырма: Қытайды сынауға жол бермеңіздер 


Сөй деген Нива Яу Бейжіңнің аймақ елдерін дегеніне көндіріп, қалағанын алатынын тағы бір қайталапты.

Орта Азиядағы белсенді аудиторияның антиқытайлық акциялары Бейжіңге жақпай қалған көрінеді. Қытай билігі аймақтағы бес елдің басшысынан бұл мәселені уақыт оздырмай кез-келген жолмен шешуді сұраған.


Сарапшының айтуынша бұл бөгде елдің ішкі ісіне ашық килігудің көрінісі.    

“Аймақтағы Қытай елшіліктері тырнақ астынан кір іздеудің хас шебері. Алдымен қырғыздың ақпарат құралдары Бейжіңді құбыжық қып көрсеткені үшін елдің бірінші басшысына шағымданды. Қытай саясатын сынаған сарапшыларды қылмыскерге теңеді. 

Тәжіктегі жағдай да осыған ұқсас. Бұл елде антиқытайлық пікір білдіру қылмыс жасағанмен пара-пар, сотталасыз. Қырғызстанда мұндай белсенділердің бірнешеуі қамауға алынған”, – дейді ол.

Сарапшының сөз ауанына қарағанда уақыт өте келе Қытайды сынау табу тақырыпқа айналады. Бейжіңге “тіл тигізгеніңіз” үшін абақтыдан бір-ақ шығасыз. Қытай билігі Орта Азия басшыларынан дәл осыны талап етуде.  

Қытай қысымына ұшыраған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Бейжің біздің елдің Шыңжаңнан қашқан этникалық қазақтарды қабылдауына қарсы. Оларды қабылдау арқылы біздің ел Шыңжаңдағы репрессия туралы қауесетті растап, Батыс пен АҚШ-тың күдігін ұлғайта түседі-мыс.  

“2010 жылдан бастап Қытайдың репрессиялық саясаты кәріне мінді. Өлкедегі қуғын көрген аз ұлттар атажұртынан безіп, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасын заңсыз кесе бастады. Бірқатары босқын мәртебесін сұрады. Көпшілігі қазақ, қырғыз шекарашыларының қолына түсіп, ілгерідегі шарт бойынша лезде Қытайға қайтарылып отырды. Көші-қон талабына сай олардан “кімсің?”, “қайдан келесің? деп те сұраған жоқ”, – дейді Нива ханым. 

Қытай технологиясы несімен қауіпті? 


Бейжіңнің бірқатар технологиялық өнімінен бас тартқан АҚШ-тан басқалар да сабақ алуы тиіс. Нива Яудың пікірінше Қытай технологиясын талғаусыз, талғамсыз тұтына беру қауіпті. 

Айталық, “ақылды қала” атты қытай технологиясы сырт көзге қауіпсіз көрінгенмен, арғы жағында саяси астары бар жоба. 

“Бұл технология жол қозғалысын қадағалау мен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте-мөте пайдалы. Алайда таяқтың екі ұшы барын ұмытпайық. Белгілі бір елге мұндай технологияны енгізген Қытай сол елдегі халық санының статистикасы мен тұрғындардың барыс-келісін тікелей эфирде бақылап отырады. Былайша айтқанда бөтен елдің қоғами-әлеуметтік тыныс-тіршілігі Бейжің билігінің алдында жарқырап жатады. 

“Ақылды қала” технологиясы Қытайдың әскери жобасы. Осы технологияны қолдана отырып Бейжің кез-келген елдің киберкеңістігін талқандай алады. Көшедегі кез-келген бағдаршамды сөндіріп, көлік апатын немесе ұзын-сонар кептеліс туғызуы мүмкін.


Мұның бәрін Қытай ұйымдастырғанын тұрғындардың қаперіне де кірмейді…”, – дейді Яу.

Сондықтан да Орта Азия елдеріне өзінің осы бағыттағы төл технологиясын әзірлеу қажет деген кеңес беріп отыр. Алайда аймақ басшыларының бұған құлақ асуы екіталай. Бейжіңнің айтқанынан шықпайтын Орта Азия Қытайда жасалған технологияға тәуелді болып қалған. АҚШ пен Батыстың байбаламы аймақ елдерін айналып өткен түрі бар. 

“Орта Азия Қытай технологиясын дәл бүгінгі қарқынмен тұтынар болса, күндердің күні бас еркіндігінен айырылады. Құпия мәліметтер Бейжіңнің қолына өтіп, аймақтағы кибер қауіпсіздікке қатысты заң жобалары Қытайдың қалауын ескеріп қабылданады”, – дейді Нива Яу. 

Сарапшы сөз етіп өтіп отырған жайтты саясатта “жұмсақ күш” деп атайды. Орта Азия елдері әл әзір мұның салдарын толықтай сезіне қойған жоқ. Әлбетте Қытаймен арадағы қарым-қатынасты тек біржақты бағалауға болмас. 

Нива ханымның айтуынша Бейжің бірқатар салада көрген-түйгенімен бөлісіп те отыр. Айталық түрікмен жастарына Қытайда білім алуына жағдай жасалған. Жобаны CNPC мұнай компаниясы қаржыландырады. Дәл осы компания демеушілік ететін мұндай бағдарлама Қазақстанда да бар. CNPC Ақтөбеде 16 жастан асқан бозбалаларға арналған арнайы стипендия тағайындаған. Мұны ұтып алған жастар Қытайда мұнай-газ саласы бойынша білім алып, кейіннен Қытайға тиесілі “АқтөбеМұнайГаз” компаниясына жұмысқа тұрады. 

Қауіп қытайтанушыдан келуі мүмкін 


Осыдан екі жыл бұрын қытайтанушы Константин Сыроежкинге үкім шықты. Хабардар боларсыздар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті: 

“Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот Константин Львович Сыроежкинді "мемлекетке опасыздық жасау" (175-бап, 1-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға соттады" делінген хабарлама таратқан. 

Сыроежкинді еске алғанымыз бекер емес.

Нива Яу Орта Азия елдері Қытайды мүлде танымайды деп есептейді. Қытайды жете білмейміз. Ол туралы мәлімет тым тапшы. Ал Бейжің болса ұзақ жылдар бойына аймақтағы қытайтанушымен қойын-қолтықтасып жұмыс істеп келеді…


“Олардың тамырын басып, әлі күнге дейін сыр суыртпақтауда. Бейжің орталық азия қоғамының Қытай туралы не ойлайтынын бүге-шігесіне дейін білгісі келеді. Қытай ықпалындағы спикерлер әлбетте сыни пікір білдірмейді. 

Бейжіңнің аймаққа қатысты осы күнге дейін сарымайдай сақтап келген ұзақмерзімді стратегиясы бар. Ол мұны енді-енді жүзеге асыруға кірісті. 

Орта Азия мен Бейжің арасындағы байланысқа биыл 30 жыл толды. Қытайдың қазіргі аяқ алысына қарап, оның ертеңгі жүрісін бажайлай білу қажет. Мәселе аймақ елдерінің бұл тараптағы пайымы, танымы қандай? Орта Азия Қытайды танымайды. Танымағасын қандай қауіп күтерін де білмейді…”, – дейді Нива Яу. 

Сарапшы Орта Азиядағы коррупцияның тамыр жаюына – Қытайды кінәлі деп санайды. Аймақта жемқорланған саясаткерлердің қаулап кетуіне Бейжіңнің элитаға бағытталған дипломатиясы “жәрдемдесіп” отыр.  Бұдан қарапайым халық жапа шегуде. Бұл идеология ықылым заманнан бері өзгермеген, өзгермейді де. 

“Әрі кетсе он жыл уақыт қалды. Аймақ элитасы осы уақытта дейін ел мүддесін ескеріп, маңызды шешім қабылдауы қажет. Кешікті екен Қытайға жұтылады”, – дейді Яу.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар