Back
| DalaNews

“Алғыс” қазақ тілінде айтылса…

1 наурыз Алғыс айту күні Қазақ елі таң атқанан күн батқанша бір-біріне алғыс айтумен болды. Сонда қаймана қазақ кімге Алғыс айтты дейсіз ғой? Бірінші кезекте Аллаға, Жаратқанға алғыс айттық (қазақ қоғамның қаншалықты дінге бет бұрғанын осыдан байқауға болады). Содан кейін ары қарай тізбектеліп жалғаса берді. Бір қызығы билікке алғыс айтқан адамды көрмедік.

 

Алғысқа кім лайықты?

Көпшілік қауым бұл мерекені елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтатын күні деп түсінетіні анық. Бұл да жөн шығар? Әлеуметтік желі мен теледидарларда орыстар, кәрістер қазақтаға алғыс айтты. Бір неміс әжейдің қазақ тілінде Қарағандыдағы жерлестеріне сонау Германиядан алғыс айтұаны бәрінен де шынайы шықты. Риза болдық. Бір қызығы осы жолы дүнгендердің алғыс айтқанын байқамадым. Мүмкін айтқан шығар. Көрмей, естімей қалуым мүмкін ғой.

Қалай десек те, бұл жолы да алғыс айтушылар көп болды. Ватсапта тыным болған жоқ. Соңғы жылдары билік біраз мереке ойлап тауып, күнтізбеге енгізгенін баршаға мәлім. Солардың арасында осы Алғыс айту күні халықтан тарапынан қолдау тапты.

Әзірше, бұл мерекенің мазмұны келіспей тұрғаны жасырын емес. Иә, әңгіме арасында көпшілік бұл мерекені елімізді мекендейтін өзге ұлттардың қазақтарға алғыс айтатын күні деп түсінетінін айттық қой.

Жалпы, мемлекеттік мерекелерде өзге ұлт өкілдері «баяғыда қазақтар бізді бауырға басқан» деп ұдайы алғыстарын айтып жүр ғой. Сол кісілер мереке сайын алғыс айта бергенше қазақ тілін үйреніп, қазақ тілінде алғыс айтса қандай жарасымды болар еді.

Біздіңше, Алғыс айтуы күнініде қазақ халықына қаратып айтылған алғыстардың бірі қазақ тілінде айтылуы керек. Сол кезде алғыс иесін тапқан болары еді.

 

Руза орыс тілділер үшін аномалия

Қазақ мемлекетінің мүддесі үшін күресіп жүрген адамдарға дәл осы күні Алғыс айтуды әдетке айналдырған жөн.

Кімдерге Алғыс айтуға болады? Өз басым тіл үшін бірнеше жылдан бері күресіп, жүрген Руза Бейсенбайға, Оғыз Доғанға және Асылы Османоваға алғыс алғыс айтар едім.

Орысы көп Павлодар қаласында қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін трамвайдың астына түсуге дейін барған Руза ханымға қалай алғыс айтпайсың? Әр облыста Рузадай қазақ тілінің бір жанашыры болса, ана тіліміздің әжептәуір дамып кетер еді ғой.

Руза ханым Павлодардағы орыс тілді орта үшін қоғамдағы аномалия сияқты көрінуі мүмкін. Ал шындығында бұл болашақтағы шынайы өмірдің басы екенін орыстілділер түсінбейді. Қалай десек те қазақ қоғамы күн өткен сайын орыс тіленен кетіп жатыр.

Бұл үрдістің ешкім алдына шығып тоқтата алмайды. Алдағы уақытта Петропавлск мен Қостанайды, Өскеменде Рузаның ізбасарлары шығып жатса, өз басым таңқалмаймын.

Қазақ тілінің даму үрдісін жеделдету үшін Алғыс айту күнінде барша қазақ халқы Руза ханымға алғыс айтып, оған қолдау білдіргені жөн. Еңбегі бар. Алдағы уақытта Алғыс айту күнін пайдаланып халық қазіргі таңдағы «геройларын» айқындап алуы шарт.

Бүгінде Руза ханымға қолдау білдіріп жүрген Оғыз Доған да халық болып әлеуметтік желіде алғыс айтсақ қандай жарасымды болар еді. Өткенде Оғыз Доғаға құқық қорғау органдарының өкілдері келіп визасына қатысты мәлеле бар екенін айтқанын естіп қалдық. Дәл осы сәтте Оғыз Доғанға қазақ тілі жолындағы күресі үшін алғыс айтып жіберсек қандай жақсы болар еді.

Сол сияқты қазақ тілінде қазақтардан артық сөйлейтін Асылы Османова апайымыз да алғыс айтуға лайықта тұлға деп есептеймін.

Бірде әріптесіміз апайдан сұхбат алғанда, ол кісі қазақ тілінің мүшкіл жағдайына жаны ауырып: «Қазіргі таңда жергілікті жерлерде кіші ассамблея деген ұйымдар құрылып жатыр. Қазар Ассамблеяның мүддесін қорғайтын ұйымдар жетіп артылады. Ал қазақ тілінің мүддесін қорғайтындар тым аз» деп ойын ортаға салған еді. Кейін бұл сөзі өзіне таяқ болып тигенін де білеміз. Міне, Алғыс айту күнінде осы үш азаматқа алғыс айтсақ қандай жарасымды болар еді. Әлі де кеш емес. Кез келген мерекенінің қызуы бір аптаға созылады. Апта бойы осы кісілерге алғыс айтып, ақ тілегімізді арнасақ болады.

Нұрлан Жұмахан