"25 жыл бойы түк бітірмедік". Мирзияев Кәрімов билігінің кемшілігін айтты

Dalanews 24 ақп. 2021 12:24 243

Бес жыл бұрын өмірден өткен Өзбекстанның бұрынғы басшысын жұрттың алдында жығып берген жоқ, арыдан ойлап, астарлап жеткізді деп хабарлайлы Dalanews.kz.

Шавкат Мирзияев мемлекеттің аяғына оратылып, реформа жүргізуге әрі едел-жедел дамуға кедергі келтіретін 3 кеселдің атын атады.

Өзбек президентінің пікірінше, бұлар - біліксіз кадрлер, коррупция және өй-өресі таяз басшылар. Осы үшеуі өрлегісі, өзгергісі келетін бүтін бір мемлекеттің өне-бойын улауда. Бұлардан басы бүтін арылмай реформа туралы айтудың өзі әбестік.

Экономика ілгері баспайды, ел жанбағыстан өзгені ойламайды. Түтіну түзу ұшпайтын елдің өркениет көшіне ілесуі де әй, неғайбыл. Тепсе темір үзетін өзбек жастары жаппай Ресейге ағылып, мемлекеттің мемлекеттік деңгейдегі жобалары әдірем қалады.

Сөй деген Мирзияев әлгі үш кеселмен өзге шаруаны шегере тұрып, шындап күреспекші. Осы мәлімдемені жұртқа жария ету үшін журналистермен жүздескен өзбек басшысы мемлекеттің дамуын тежеп, реформа атаулының қадірін кетіріп болған үш кеселдің әрбіріне жеке-дара тоқталыпты.



Ең бірінші әрі аса өзекті мәселе – кадрлер. Ұзақ жыл бойы мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беру, орта білім алу және жоғары білімге жете көңіл бөлінбеген. Ескі жүйе бұл салаға жүрдім-бардым қараған. Мектеп оқушыларын мақта бизнесіне пайдаланып, қара жұмысқа салған. Осы саладағы олқылықтар сауатсыз кадрлардың қалыптасуына алып келген, тиісінше тұтас мемлекеттің потенциалына нұқсан келген.

“Білім саласында көз көріп, құлақ естімеген талай-талай сорақылыққа куә болдық. Осы себепті реформа жүргізіп жатқан жайымыз бар. Саланың өн-бойына «сіңіп» кеткен кемшіліктерді толық тазалап, соның негізінде мемлекет мүддесіне жұмыс істейтін көзі ашық, көкірегі ояу кадр тәрбиелегіміз келеді. 


Реформа тек білім саласын қамтымайды. Биліктегі биік мінберде отырған министрлер, әкім-қараларға ревизия жүргізуге көштік. Жүктелген жұмысты әкете алмай, қотпырап жүрген министрлерді орнын босатуда”, – дейді Мирзияев.



Екінші кесел - коррупция. “Пара алу мен пара беру біздің қоғамның қан-тамырына араласып кеткен. Жұрт жемқорлыққа білмей емес, біліп барады. Табаныңның астындағы қара жерді бір теуіп қалсаң да жемқорға жолығасың”, – дейді коррупцияны жеңе алмай отырғанын мойындаған Мирзияев.

Өзбек басшысы халыққа тиесілі сыбағаға таласып, халыққа тиесілі дүниені талан-таражға салған тойымсыз шенеуніктерге соңғы мәрте ескерту жасады. Президент шенді-шекпенділердің тек жеу категориясымен ойлайтын ой-өресін өзгертуден түк шықпасын түсінген сынды.

“Парақорлықтың тамырына балта шапқым келеді-ақ. Коррупцияны түбірімен жою айтуға оңай болғанмен, атқаруға ауыр іс болып шықты. Жылдар бойы жинақталған кесел батпандап кіріп, мысқалдап шығады екен.

Бұл елде соңғы парақорды абақтыға қамамай, коррупцияға қарсы күресті тоқтатпаймыз. Бұл кіріспесі ғана. Жуыр арада Коррупцияға қарсы қаулы күшіне енеді”, – деген Мирзияев Өзбекстанның тарихында алғаш рет Коррупцияға қарсы агенттік құрылғанын еске салды.


Ескі жүйенің тұсында әбден батпаққа батып, коррупцияның қайнар бұлағына айналған медицина мен құрылыс саласын жемқорлықтан толық тазартқанын айтты.



Үшінші проблема – меморгандарға басшылық ететін жетекшілердің жетесіздігі. Көпшілігінің өресі өте-мөте төмен, білім мен патриотизмнен мүлде мақұрым, кісі менсінбейді, өзі жетекшілік ететін органның жұмысына тиіп-қашып қарайды, менеджерлік әлуеті сын көтермейді.

Мемқызметкерлердің, соның ішінде белгілі бір салаға жауапты басшыларды сүзгіден өткізген Мирзияев басқарма басшыларын күрт құлдыратып, махаллаға жөнелтіп жатыр екен. 


“Елдің мәселесін білсін. Халықтың тыныс-тіршілігінен құлағдар болсын.  Халықтан қашқақтамасын, керісінше қойын-қолтықтассын, мұң-мұхтажын тыңдасын. Мұндағы мақсат осы. Жылы орында отырғаннан тәжірибесі толыспайды. Жұмсақ кресло кісінің мінезін бұзады...”, – деген Мирзияев өзіне бағынышты кадрларды елдің түкпір-түкпіріне аттандырып, сынақтан өткізбек.

“Үлкен болсын, шағын аудан болсын әрбір өлкенің өз проблемасы бар.

Жұртқа жаны ашитын шенеунік жан қинап жұмыс істеуі керек. Жұмыстан өлген адам жоқ.

Биліктегі азаматтардың халыққа көзқарасы, жұртпен тіл табысуы қазіргі күннің талап-үдесіне жауап беруі қажет. Өкінішке орай мемлекеттік жұмыстың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген адам аз. Мынау нағыз мемқызметкер, елдің қамын күйттеп, сөзін сөйлейтін адал азамат деуге лайықты маманды саусақпен санап аласың. Барлығының ойы…

Әлбетте бұған бірінші кезекте мені кінәлауыңыз мүмкін. Хокимдерді (әкім-қара, ред.) осы орынтаққа отырғызатын мен ғой. “Ендеше сіз де айыптысыз. Ертең абыройыңызды төгіп тынатын адамды бұл қызметке қай бетіңізбен әкелдіңіз?” деп айтуға әбден құқыңыз бар. Алайда мәселе мына маған ғана тіреліп тұрған жоқ», – дейді өзбек басшысы.

Сөй деген ол мұның себебін өткеннен іздеу керегін, Кәрімов билік құрған 25 жылда кадр мәселесіне мүлде көңіл бөлінбегенін меңзепті.

“Бір орынтаққа таласатын бар болғаны 10 кадрдың ішінен жөні түзу дегенін таңдап аламын. Сенім артқан адамың “сенген өгізім сен болсаңның…” керін келтіреді. 25 жыл бойы кадр мәселесіне көңіл бөлген жоқпыз. Мұның бәрін соның салдары”, – дейді Мирзияев.  


Өзбек басшысының айтуынша ел мүддесі үшін күн-түн көз ілмей тер төгуге әзір, алдымен абыройын ойлайтын, парақорлықтан ада шенеуніктердің шоғырын қалыптастыру үшін шамалы уақыт керек. Сол кезде ел де Мирзияев қабылдаған шешімдердің нәтижесін көре бастайды. Халықтың талабы мен талғамынан шығатын кадрлар қалыптасқанда ғана президенттің қолы ұзарып, реформаны жүзеге асыру жеңілдейді.



Наманған облысына арнайылап келген Мирзияев осы жайлы егжей-тегжейлі айтты әрі аймақ басшысын орнынан алып тастады.

Реформа төңірегіндегі журналистер сауалына жауап қатқан өзбек президенті ақпарат өкілдерін «елдегі төртінші емес, бірінші билікке» теңеген екен.

Әзірлеген Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x