"Әр норвегтің шотында 190 мың доллар бар". Қажыгелдин Тоқаевқа тіл қатты

Dalanews 16 ақп. 2021 13:33 337

Тағдырдың айдауымен қиыр қонып, шет шайлап жүрген экс-премьер Әкежан Қажыгелдин “Дат” газетінде “Қоғамды өзгертуге арналған тезистерін” жариялаған екен.

Dalanews.kz тілшісі Әкежан мырзаның елдегі саяси-әлеуметтік жағдайды сараптаған мақаласын ой-елегінен өткізіп, ықшамдап аударды.

Қажыгелдиннің пікірінше Назарбаев пен Тоқаев құзіретті бөліске салғанда ортақ шешімге келе алмаған. Тұңғыш Президент биліктен кеткендей көрінгенмен, шын мәнінде тізгінді босатқысы келмеген. Салдарынан Тоқаевтың билігі шектеліп, түбегейлі реформа жасау туралы идеясы іске аспай қалған.

“Қазақ мемлекеті мен оның  институттарын қайта жасақтаудан басқа амал жоқ”, – дейді Әкежан мырза.

...

Экс-премьер биліктің жерді жалға беріп, қазақтың қаңғыртып жібермек жоспары барына сенімді. Биліктің жер үшін сотталған Макс Боқаевты жұрттан оқшаулығысы келген әрекеті нәтижесіз аяқталған.

“Макс түрмеден босай сала: «Жаңа Конституция! Жаңа саяси құрылым!” құруды талап етті. Біз пікіріміз де осымен үндес”, – дейді Қажыгелдин.

...

Тоқаев тәуекел етіп, қолындағы билікті пайдаланып Ұлттық құрылтай шақыруы қажет. Сөй деген Қажыгелдин осы құрылтайда жаңа Конституция мен жаңа саяси құрылымдарды жасақтауға жол ашылуы тиіс деген пікірде.

Құрылтай нәтижесінде марқұм Рахат Әлиевтің нұсқауымен сотталған азаматтар және саяси тұтқындар түрмеден босауы керек.

...

Әкежан мырза Назарбаев билікте тым ұзақ отырды деп санайды. Оның айтуынша Тұңғыш президент 2005 жылы орнын босатып, тізгінді басқа біреуге тапсыруы керек еді.

“Бәлкім сол кезде Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділов секілді қоғамның қозғаушы күші болған қайраткерлер тірі қалар ма еді. Тоқаев? Ол Назарбаевтың қателігін қайталамауы тиіс”, – дейді Қажыгелдин.

...

Отыз жыл билік құрған Назарбаевтың кемшіліктеріне жеке-жеке тоқталған Әкежан мырза Тұңғыш президенттің билік тізгінін бермей отырғанын қателіктің салдары болады деген үреймен байланыстырған екен. Айтуынша Елбасының тұсында қабылданған қате шешімдер Қазақстанды кем дегенде 15 жылға артқа лақтырып тастаған.

Экс-премьердің қазіргі президенттен де көңілі қалған сынды. 


“Тоқаев “парламент сайлауы әділ өтеді. Мәжілістен оппозиция да орын алады” деген уәдесін орындаған жоқ. Халықтың төзімі таусылуға шақ тұр. Биліктің уәдесіне сенетін уақыттан өтіп кетті.

“Басқару формалары  мен территориялық құрылымдарды құруды, соттарды, облыстық, қалалық, аудандық әкімдерді сайлауды халық өз қолына алуы керек”, – дейді Қажыгелдин.

...

Экс-премьер келесі кезекте Ассамблеяға шүйлігіпті. Оның пікірінше аталған құрылым бүгінгі жүйенің ғұмырын ұзарту үшін құрылған қолбала ұйым.

“Ассамблеяны тарату керек. Басқа этностар елден бөлектенбесін, басқалармен тең құқықта қала береді. Шыңжандағы қандастарымызды қорғай алмаған билік ұятқа қалды”, – дейді ол.

...

Әкежан мырзаның айтуынша Назарбаев халықтан өзінің қауіпсіздігіне қатысты кепілдік күтеді. Бұған күмәнмен қарайтындықтан билікпен ат құйрығын үзісе алмай отыр. Қажыгелдин осы тұста ілгеріде сөз еткен жаңа Конституцияға қайта оралыпты.

“Тоқаев тарихта жақсы атпен қалғысы келеді. Мұның бір жолы жаңа Конституция қабылдау. Жалпыхалықтық референдум өткізу. Ата заңның жаңа нұсқасын халық талқысына салып, соның негізінде билікті халыққа қайтарса абыройын сақтап қалады. Осының аясында Назарбаев әулетіне де кепілдік беріледі. Жаңа құжатта кезектен тыс президент сайлауын әділ өткізу заңмен бекітулі тиіс”, – дейді ол.

...

Қажыгелдин Қазақстанның президенттік биліктен бас тартып, парламенттік республикаға айналағанын қалайды.

“Алматы мен Қаскелеңнің тумаларынан құтылып, Қазақстанның барлық өңірлерінен жиналған депутаттардан Парламент құрамыз. Ешкімге бағынбайтын, өз позициясы мен принцибінен таймайтын Парламент құрылғанда ғана ұзақ жыл бойы қордаланған проблемаларды шешеміз.

Жаңа парламент ескі жүйе өкілдерінің шетелдегі есеп-шотында жатқан қисапсыз қаражатты елге қайтару үшін күреседі. Ел байлығын әр тұрғынға әділ бөліп береді”, – дейді Әкежан мырза.

Экс-премьердің шетел асқан ақшаға айрықша тоқталуы тегін емес. Бұдан бұрын Қажыгелдин қазақ байларының шетелде жасырған қаражатын іздестіруде екенін мәлімдеген. 


“Ақпаратты жинастыру, сараптан, сүзгіден өткізу бар, мұның бәрі ұзақ жұмыс. Ұрланған ақша Қазақстанға қайтуы керек. Бұл үшін Батыс елдеріне ақшаны кім, қандай жолмен ұрлағанын дәлелдеу қажетпіз.

Басы ашық дүние: қазіргі жүйе жасап тұрғанда желінген ақша елге оралады деп дәмеленбеңіз. Демократиялық ұстанымдағы, жемқорлықтан ада жаңа басшылық билік келгенде ғана қайтады”, – деген еді ол.

Қазір де осы ойынан айнымапты. Назарбаев әулеті мен жалпы бүгінгі жүйенің арқасында шекесі шылқыған байлар шетелдегі қаржысын елге қайтарса, Қазақстанның әрбір азаматына айына 200-300 доллардан тұрақты айлық төленіп тұратын заң қабылдайтынын айтады.

Сөз орайында елді “Халық IPO” бағдарламасына сенбеуге шақырып, мүлде қатысуға болмайды деп ескертіпті.

“Бұл ма, бұл елді алдау. Өткен жолғы мемлекеттік меншікті жекешелендіріп талан-таражға салғандарын жасырудың амалы. Ұлттық байлықты бөлісудің, бұрын тексерілген ең әділ жолы-суверендік (дербестік) және зейнеткерлік қорлар  арқылы бөліске салу жолы (бенецифиар болу арқылы)”, – дейді экс-премьер.

Осы ретте Норвегияны мысал еткен Әкежан мырза бұл елде 1990 жылы Ұлттық молшылық қоры құрылғанын, мұнай сатудан түскен табыстан әр норвегтің есеп-шотына ақша аударылатынын айтады.  


“Норвегтердің саны небары 5 млн. Бізден 4 есе аз. Мұнайды да бізден бірнеше аз өндіреді. Соған қарамай барлығы бай. Қазір әрбірінің есеп-шотында 190 мың доллар бар. Ал біздің мұнайдан түскен пайда-үлесіміз қайда?”, – дейді қынжылған Қажыгелдин.

Оның атап өткеніндей билік Самұрық-Қазынаның айналымындағы капиталды ел көзінен тасада ұстайды.

“Өтірік-шынын кім білген, халыққа тиесілі миллиардтар Сингапур, Гонконг, Біріккен Араб Эмираттары мен басқа мемлекеттердің банкілерінде сақтаулы көрінеді. Бірақ мұның ертеңгі күнгі егесі кім?

Ертең заман өзгергенде осы қаржыны бюджетке қайтаратын боламыз. Бұл аз. Оның кіріс-шығысын жаңа парламентте құрылатын комиссия бақылайтын болады. Комиссия мүшелерінің атын атап, түсін түстеп елге таныстырамыз. Бәрі ашық, бәрі жариялы өтеді. Бірақ ол үшін өзгеріс орнауы керек”, – дейді Қажыгелдин.

Экс-премьер осы орайда елдегі барша оппозициялық күштерді бірігуге шақырып,  Ортақ коалиция құруға үндейді. Оппозиция бір жұдырыққа жұмылса, мерзімінен бұрын өткізілетін президенттік сайлауда жеңіске жетеріне сенімді.

“Кедейшілікті жоюдың бұдан өзге жолы жоқ. Сайлауға қазірден қамдану керекпіз. Науқанға бойкот жариялау - сауатсыздық! Бұл бүгінгі жүйенің тағы 30 жыл билік құруына жәрдемдесумен тең. Сондықтан бойкотты жадымыздан өшіріп, бұл тақырыпқа қайтып оралмауға тиіспіз.

Біздің тактикамыз – күресу. Елдің атынан екі кандидатты іріктеп алып президенттік сайлауға саламыз. Әр дауыс бақылауда болуы шарт. Әрбір облыс орталығында саяси науқан басталмай тұрып құрылған 5 мыңнан аса бақылаушысы бар белсенді аудитория жасақтаймыз. Астана мен Алматыдағы бақылаушылар саны 50 мыңға жететін болады. Сайлау әділетсіз өтіп, заңсыздыққа жол берілген жағдайда Ресей және Беларуссия үлгісімен өре түрегелеміз”, – дейді экс-премьер.

Соған қарағанда Әкежан мырза Қазақстандағы саяси процестерге бел буып кіріскелі отырған сыңайлы. Оның айтуынша бізді ауыртпалығы мен жауапкершілігі зор сайлау науқаны күтіп тұр. “Бізге жеңістен басқа жол қалмады. Ел тағдыры өз қолымызда”, – дейді сөзінің соңын ұранмен аяқтаған экс-премьер.

...
Бұған дейін “Настоящее время” телеарнасына сұхбат берген Қажыгелдин Мәжіліс және Мәслихат сайлауына қатысты ойын ортаға салған.

Ол Парламент сайлауы әділетсіз өтті деп санайды. Оның пайымдауынша билік әлі де болса Назарбаевтың қолында, ал Тоқаев Тұңғыш президенттің қолындағы құрал ғана.

“Бүгінгі болып жатқан жағдай үйренішті, күтілген жайт. Алматыдағы оқиғалар (митингіні меңзеп тұр, ред.) халықтың билікке деген наразылығы үдеп жатқанын дәлелдеді. Бұл да жаңалық емес. Ең басты жаңалық, бұдан былай мұның бәріне Назарбаев пен Тоқаев бірігіп жауап берді. Сайлаудағы сорақылықтар Тоқаевтың саяси биографиясына өшпестей болып таңбаланды.

Ол (Тоқаев, ред) осыдан 19 ай бұрын елге берген уәдесін сол күйі орындаған жоқ. Орындай алмай өтетін түрі бар, себебі осы 19 ай бойына оның құзіретін тұс-тұстан шектеп келді. Сайлау өтерден екі күн бұрын Тоқаевты тағы да тежеп тастады”, – деген еді Қажыгелдин.

“Осыдан 19 ай бұрын саяси реформа жүргізем деп ант-су ішкен Тоқаев сөзінен тайқып кетті. “Елдің уәжіне құлақ асатын мемлекет” қағидасы сөз жүзінде қалды. Дәл қазір елдегі ахуал қандай екенін білесіз бе? Білмесеңіз айтайын.

Бірнәрсені шегелеп жатып, қолыңыз тайып кеткенде алдымен саусағыңызды жарақаттайсыз, сол кезде балғаны қабырғаға сілтеп қаласыз. Дәл қазір Тоқаев пен Үкімет Назарбаевтың қолындағы балғаның рөлін атқарып отыр!

Билік кризисті еңсере алмады. Пандемияны тоқтата алмады. Халық қырылып жатыр. Сөз бостандығы, еркіндік дегеніңіз атымен жоқ. Тоқаевтың үні естілмейді. Ол тасада қалды. Тоқаев атқарушы биліктің басшысы емес, қатардағы көп шенеуніктің бірі болып қалды”,  – деген болатын Әкежан мырза сол сұхбатында.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x