2050-де Түркия осындай болады. "Атышулы" карта Путиннің зәресін ұшырды

Dalanews 15 ақп. 2021 17:11 1887

 Американың “Стретфор” сараптама орталығы жариялаған “2050 жылғы Түркияның ықпал ету аймағы” атты карта Кремльдің зәре-құтын қашырғанға ұқсайды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Картаның бұл нұсқасы бүгін жарық көріп тұрған жоқ. “Стретфор” сарапшылары осыдан 13 жыл бұрын жариялаған. 2008 жылы алдағы 30-40 жылда әлем картасының қалай құбыларын болжаған “Стретфор” осы арқылы түптің-түбінде түркі өркениетінің бірігерін меңзеген-тұғын.

Түріктің “TGRT Haber” телеарнасы ел жадынан ұмытыла бастаған атышулы картаға қайта оралып, Түркі одағы туралы әлсін-әлсін айтылып жатқан тақырыпқа серпін беруге тырысқан екен.

Мұны естіген ресейлік масс-медиа, соның ішінде Кремльге бағынышты пропаганда құралдары, Орта Азияны уысынан шығарғысы жоқ шовинистік көзқарастағы шенді-шекпенділердің қояншығы ұстап, шу көтеріпті.

Ақпараттық шабуылдың ең бір сұрқия, лас әдістерін қолданудан тайынбайтын, ақпараттық кеңістігін қызғыштай қорғайтын Кремль әлгі карта Ресейдің Қазақстанмен шекаралар өңірлеріне лезде таралып кетеді деп күтпесе керек.



Картаға мұқият үңілсеңіз әзір Ресейге тиесілі немесе Ресейдің әмірі жүретін территориялар 2050 жылға қарай Түркияның ықпалына өтетінін аңғаруға болады. Қазақстанға келгенде өктем сөйлеп үйренген ресейлік сарапшылардың жанын жегідей жейтін де осы жәйт.

“Стретфор” сарапшылары сан түрлі сүзгіден өткізіп, мұқият зерттеп, зерделеген картада Грузия, Армения, Әзірбайжан, Қырым, Қазақстан мен Түркіменстан Түркияның ықпалындағы аймақ ретінде бейнеленген.

Түркияға алдымен Ресейдің Дума депутаттары лап қойыпты.

 Айталық Думадағы қорғаныс комитетінің жетекшісі Андрей Красов Анкараны Осман империясын қайта тірілткісі келетін әрекеті үшін айыптап отыр. 


“Анкара келмеске кеткен империяны қайта тірілтуді көксейді. Олар Ресейге тиесілі аумақты қоластына қосқысы келеді деп ойламаймын. Бәлкім дәмесі бар шығар. Ал бірақ мұндайға бара қоймас. Бұған түріктердің жүрегі дауаламайды. Дәті жетпейді. Қырым әлдеқашан Ресейдің қарамағына өткен. Қырым біздікі. Солтүстік Қапқаз? Біреудің жеріне сұқтанудың қажеті жоқ. Бұл түрік шенеуніктеріне қаратып айтқаным. Алдымен Ресейдің өткен-кеткен тарихымен мұқият танысып алуға кеңес беремін. Орыс халқының сарқылмас энергиясы мен әскерінің күш-қуатын сынап көргісі келе ме? Ендеше не тұрыс, келсін! Көрсін. Ертесіне-ақ оңбай өкінеді…”, – дейді депутат Красов.



Дума депутаттары Түркияны айызын қандыра сынап, мемарнада көрсетілген картаға қатысты түсінік беруді талап етуде. Өздері аннекциялап алған Қырымның әлгі картада Анкараның ықпалына өтіп кеткенін көре алмай, кіжініп отыр.

Мәселен Павел Шперов дейтін депутат Анкараның Қырымға қатысты амбициясы барын айыптайды. Түркия саясаткерлері Қырым түбегін Ресейден тартып алу туралы талқылауларды үзбей өткізетінін, тіпті осыған қатысты арнайы операция әзірлеп жатқанын айтып, дабыл қағыпты.

Оның ойынша Ердоғанның есіл-дерті Қырым. Осыдан үш ғасыр бұрын өздері билеп-төстеген аймақты Түркия құрамына қалай қайтарарын білмей, абдырап жүр.

“Олар біздің территорияға ауыз салуы ғажап емес. Мына жағдайда бәрі мүмкін. Әйтсе де әлгіндей әрекетке бара қоймас деп ойлаймын. Десе де бәріне дайын болуымыз керек. Түрік саясаткерлерінің аузынан шыққан әр сөзді аңдып, қарымта қайтару қажет. Сыртқы істер министрлігі түріктің мемарнасынан көрсетілген картаға қатысты нота жолдасын”, – дейді депутат Шперов.

Ресей депутаттары Таулы Қарабақ соғысында Әзірбайжанға болысқан Түркияға сергек қарауға үндеуде. Әлгіндей мәлімдемені жылы жаба салмай, картаның соңына түсу керек дейді.

Таулы Қарабақтағы конфиктіні реттеуге белсенді атсалысқан Анкараның әзіргі әрекеті Кремльдің мазасын қашырып отырғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

“Таулы Қарабақтан кейін Түркияның араны ашыла түсті. Өзіне деген сенімі артып, аймақтағы өзге де елдерге көз тіге бастады. Анкара әзір қай бағытқа қарай бет аларын айқындау үстінде…”, – дейді Думадағы жұрт. 


Былтыр Киевте Владимир Зеленскиймен кездескен Ердоған Түркия Қырымды Ресейдігі деп есептемейтінін, Мәскеудің әрекетін аннекция деп бағалайтынын мәлімдеген. Түркияның Ресейде қамалып отырған украин азаматтарын, оның ішінде қырым татарларын босатуға көмектесетінін жеткізген.

Ресей 2014 жылы Қырымды басып алған. Халықаралық қауымдастық түбек Украинаның аумағы деп есептейді. Бұдан бөлек Мәскеу Украина шығысындағы қарулы қақтығыста сепаратистерге қолдау көрсетіп келеді. 2014 жылдың сәуір айынан бері қақтығыстан 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.



Бұдан бұрын Dalanews.kz үкіметбасы Асқар Мәмин мен Түркі кеңесінің төрағасы Бағдат Әміреевтің кездесуінде түрік басылымдарының назары ауған ерекше жайт туралы жазған.

“Мәмин Түркі кеңесінің туын осы кездесуге алып кіруге пәрмен берді. Түркі кеңесінің туы алғаш рет премьердің тұсында Қазақстанның байрағымен қатар тұрды. Жүрек толқытқан осы сәт кейбіреудің назарынан қалыс қалғанмен біздің жадымыздан өше қойған жоқ.

Бұл бірінші кезекте тұтас түркі өркениетіне (басқаларға да) берілген белгі. Үндеу. Аса маңызды мәні бар саяси символ” – дейді Türkiye газеті.

Тудың тұтастай алғандағы құрылымы, былайша айтқанда дизайны түркі әлемін бір жұдырыққа жұмылуға үндеп тұр.

Түркі кеңесінің байрағы Әзірбайжан жалауындағы жұлдыздардан, Түркия жалауындағы жарты айдан, Қазақстан мен Қырғызстанның жалауындағы шартарапқа шапағын шашқан күннен құралған. Тудың түсі біздің көк байрағымыз секілді аспан түстес.

Туды ең алғаш рет осыдан тоғыз жыл бұрын Түркі кеңесі құрылған шақта Тұңғыш президент Назарбаев пен сол тұстағы Түркия басшысы Абдұлла Гүл тұғырға қондырып, жалауын желбіреткен.

Бұған қатысты Түркия сарапшылары пікір білдірген болатын.

Ұлыдағы университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы, профессор Ферхат Пиринчи осы рәсімдегі премьер Асқар Маминнің позициясына тоқталған.

 Оның ойынша Түркі кеңесінің туын Қазақстан байрағымен қатар қоюға пәрмен берген премьердің өзі.


“Мәселен Еуроодақ осы ұйымның қоластына біріккен елдердің төбесінен қарайтын орган. Сондықтан одақтың жалауы осы ұйымға мүше мемлекеттердің туымен қатар тұруы хаттамаға сай.

Ал Түркі кеңесінің мұндай құзіреті жоқ. Ол халықаралық ұйымға жатпайды. Хаттама қағидасы бойынша премьер-министр Түркі кеңесінің төрағасын ұйымның туымен бірге қабылдауы міндетті емес.

Мәмин мұны білмеді емес, білді. Осы рәсімге Түркі кеңесінің туын алып кіруге ишарат еткен премьер-министр осы арқылы ұйымға сый-құрмет құрсетті, әрі ағайындас елдерге белгі белді.

Қазақстанның Түркі кеңесіне айрықша көңіл бөлетінін, болашағын осы ұйыммен тығыз байланыстыратынын аңғартты. Ұйымға қазақ азаматының төрағалық ететіні де Мәминнің тарапынан лайықты бағаланып, кездесудің маңызын арттыра түсті” – дейді сарапшы.

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар