Back
| DalaNews

“Сайлау әділ өтті” деп ешкім айта алмайды – Мұхтар Тайжан

Бізде монополизм. Билік деген бизнес. Ол белгілі бір адамдарға миллиардтаған ақша әкеліп жатыр. Сайлауға қатысқан партияның ешқайсысы тәуелсіз емес. Халықтың да өзгеруге құлқы жоқ. Бірақ өткен 30 жылға разы емес. Ал дебатқа түскендер, елдегі нақты жағдай туралы жақ ашпай, қарынды ашырды. Бұрынғы коммунистердің Мәжіліске өткені, тіптен ғажап жағдай. Жаңа партия – «Адал» дегеніңіз болса, жағымпаздың жағымпазы болып шықты…

Осы және елімізде өткен Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар сайлауына қатысты өзге де ойларын экономист, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан  Нартай Аралбайұлының Youtube арнасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

«Бізде әділ сайлау өтті» деп ешкім айта алмайды!

«Баяғы жартас сол жартас! Бұрын қалай өтсе сайлау, бұл жолы да солай өтті. Таза, адал әрі әділ сайлау өтті деп ешкім айта алмайды. Кешегі желідегі жағдайларға ел куә. Енді көреміз, салған әуендері қалай болатынын. Президент қолға алған саяси реформаны жалғастырамыз, Үкімет ауысады деп айтып жатыр.

Егер бұрынғыдай, Үкімет құрамындағы адамдар тек орнын ғана ауыстыратын болса, онда үміт жоқ. Ал жаңа адамдар барса, онда жаңашылдықтың лебі байқалуы мүмкін. Иә, жаңа адамдар ғана жаңа дүние жасай алады деп ойлаймын», – деді Тайжан Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатта кеңінен көсілуге дайындала отырып.

Бірақ бұл пікір сауал тастаушыны қанағаттандыра алмады: «Қазақстанда әділ сайлау өткізу үшін не кедергі, сонда» деп абынды ол.

– Әділ сайлау өткізуге біздің мемлекет, саяси жүйе әлі дайын емес, біріншіден. Екіншіден, халық әділ сайлау өткізуді нық талап еткен жоқ. Бәлкім, мұндай талаптан шаршады ма, әлде үміті үзілді ме, білмеймін, бірақ белгілісі, халық та саябыр.

Яғни «Демократия керек, әділ сайлау қажет» деп аттандап, өз құқығын талап еткен 100 пайыз жұртты біздің елде әлі көрген емеспін. Сайлау аяқталған соң Астанада, содан соң Алматыда бір төбе адам наразылық білдіріп, көшеге шықты, бірақ ол аз. Мысалы, Астанада 1 миллион, Алматыда 2 миллион халық деп алсақ, оны көшеге шыққандар санына шақсақ, әрине өте аз. Демек, бұл қараша халық та ашық демократияға дайын емес деген сөзді танытса керек.

Ал билік неге өзгеруге дайын емес?

– Билік деген, – бизнес. Яғни қазіргі жүйе. Ол арада мемлекеттің ақшасы бар, латифундистер бар. Мұнай-газ, басқа да бізде игерілетін шикізаттар жыл сайын белгілі бір адамдарға миллиардтаған ақша әкеліп жатыр. Сондықтан мұндай саяси жүйені ешкім өзгерткісі келмейді. Өйткені ол кәдімгі бизнес.

 

«Ауыл» партиясының Мәжіліске өтпеуі көпке тосынсый болды

  «Ауыл» мен «Адал» саяси партияларының тиісті жеті пайыздық межені игере алмай қалуы сіз үшін тосынсый болды ма?

– Иә, солай деп айтуға болады. Мен, негізінен, халық «Ауылға» көп дауыс береді деп ойлағанмын. Өйткені біріншіден, ол ең қарапайым, атауы жағынан да қазаққа жақын партия. Сондықтан көбірек дауыс алса, осы партия алар–ау деп ойлағанмын. Ал «Адал» жаңадан құрылып, көпке қатты таныла қоймағандықтан, ол көп дауыс жинай қоймас деп ойладым.

Латуфиндистердің мүддесін қорғайтын адаммен бір үстел басында отыра алмаймын

– «Адалдың» қатарына танымал тұлғалар тартылды: журналистер, заңгерлер. Шынымен де, қызығатындай бұл партияның қандай ерекшелігі бар? Жалпы, Сізді олар өз сапына шақырған жоқ па?

– Жоқ, шақырса да мен онда бармас едім. Әрине, ребрендинг деген, – көзбояушылық. Біз бұл партияның артында кім тұрғанын, ұстанымдары қандай екенін жақсы білеміз. Мәселен, өз басым қарсымын оларға, әсіресе жер мәселесіне келгенде. Осы партияның мүшесі, Алмасбек Садырбаев бұрыннан «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының мүшесі. Ол Қазақстан азаматтарына жерге жекеменшік бойынша жол ашуымыз керек деп жатыр. Бір қарағанда, онда тұрған дәнеме жоқ, дұрыс талап секілді көрінеді бұл. Бірақ, біз білеміз ғой, ол нағыз латифундистердің (ірі жер иеленушілердің) мүддесін қорғайтын азамат. Міне, ол адам «Адал» партиясы кеңесінің мүшесі. Ал мен ондай адаммен қалай бір ұйымда боламын, болмаймын, керегі жоқ…

–  Тимур Құлыбаев осы партияның егесі деген пікірге қалай қарайсыз? Сол рас па?

– Олай кесіп айта алмаймын, өйткені менің қолымда дәлелдерім жоқ. Бірақ Ельдар Жұмағазиев  Тимур Құлыбаев басшылық ететін «Атамекен» ҰКП басшысының бірінші орынбасары екенін білеміз, жаңағы сөз еткен Алмасбек Садырбай да сол ұйымда жұмыс істеген…

– Олигархтардың саясатқа араласуы қауіпті ме?

– Негізінен, дүниежүзі бойынша, әр партияның ар жағында олигархтар тұрады.Украинада да солай, Америкада да солай.

Жалпы, олигархтардың арасында бәсекелестік болуы керек, яғни олигархтар әртүрлі болуы тиіс. Әрқайсысының өз медиасы, басқа да құралдары болса, билікке талас кезінде нағыз қызу бәсеке жүреді. Ал бізде ондай жоқ қой. Бізде – монополизм.

«Коммунистердің» Мәжіліске өтуі өте ғажап жағдай!

– Атын өзгертіп, сайлауға түскен Қазақстан Коммунистік партиясының Мәжіліске өткені елді шок қылып жатқаны белгілі…

– Оны айтасыз, олар бұрынғы көрсеткіштен 2-3 пайыз артық дауыс алды. Ол, шынымен де, өте ғажап жағдай. Мен өзім оған сенбеймін. Аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ. Оны бәрі біледі. Бұрынғы адамдар сол арада әлі отыр. Іштей ешқандай өзгеріс болған жоқ, тек атын ғана өзгерткені болмаса.

– «Ақ жол» партиясы туралы не дейсіз?

– «Ақ жол» соңғы жылдары ұлтшыл ұстанымды берік ұстана бастаған. Сондай ыңғай көрсетеді. Мәселен, құрамына Қазыбек Иса сынды ұлтшыл адамды тартқан.  Соңғы жылдары Алашорда туралы бірнеше кітап шығарды. Сол идеологияға жақындап барды. Экономикалық жағынан айтып отырғандары, былай қарасақ, жаман емес. Сол себепті бұл партия лайықты дауыс алды, ол шындыққа жатады деп есептеймін.

Әлбетте, оны тәуелсіз партия деп айта алмаймыз. Қазақстанда бірде-бір тәуелсіз партия жоқ. Дегенмен бұл бұрыннан келе жатқан, бірнеше шақырылым бойынша Мәжілісте төбе көрсеткен, тәжірибелі партия.

– Nur Otan партиясы 71,97 дауысқа ие болды. Қалай, көңілге сенім ұялата ма?

– Nur Otan партиясының 71,97 дауысқа ие болуы, енді артықтау. Меніңше, олардың таза жинағаны – 40-45 пайыз болып қалады. Халықтың көңіл күйі қандай екені белгілі, олар өткен 30 жылға разы емес.

Nur Оtanды мақтағанымның себебі былай еді…

– Өткен сайлауға қарағанда Nur Otan партиясының үлесі 10 пайызға кем. Бұл бір нәрсені білдіре ме?

– Меніңше, 10 пайыз деген де аз. Ол 30-40 пайыз кем болуы керек еді…

– Сайлауға барып дауыс берген соң желіде жазба жарияладыңыз. Ол арада Nur Otan туралы жақсы пікір айтыпсыз. Сонда өзіңіз әлі осы партиядан үміт күтесіз бе?

– Осыған дейін Мәжілістегі депутаттардың 84-і Nur Otanнан болған. Ал жаңа тізімде солардың тек 24-інің аты-жөні көрсетілген. Яғни көбісі кеткен. Мен сол кеткен адамдардың тізімін қарап шықтым.

Мысалы, Гүлжан Қарағұсова, Зағипа Балиева, Божко, Қуаныш Сұлтанов кетті. Олар бұрыннан келе жатқан адамдар, тіпті арасында Колбинге дауыс бергендері де бар.

Міне, осылар кетіп, орнын жаңасы басқан. Ал олар кімдер? Қандай жолмен болса да Айдос Сарымның Мәжіліске барғаны тиімді.

Мысалы, Айдос Сарымды Қуаныш Сұлтановпен салыстырғанда, ол – прогресс. Тағы да айтатын болсақ, Қанат Нұров деген азамат бар. Өзбековпен салыстырғанда ол да прогресс. Осылай-осылай жаңа буын Мәжіліске келсе, онда ол қандай партия болса да үміт артуға болады.

Мен партиялар атынан дебатқа түскендерді сырттай бақылап отырдым. Бірақ олардың ешқайсысы ел экономикасының дамуына не кедергі екенін айта алмады. Яғни квазимемлекеттік секторды азайту керек екендігін ешқандай партия айтпады.

Қазіргі квазимемлекеттік сектор алда да осылай қала берсе, біздің экономикамыз ешқашан дамымайды. Жұмыссыздықты біз ешқашан жеңе алмаймыз. Ол – шарт. Біз Еуразиялық экономикалық одақтан бас тартпасақ, өндірісіміз ешқашан дамымайды. Одан кейінгі негізгі фактор – сот жүйесі мәселесін де ешкім қозғамады. Тәуелсіз, ашық әрі әділ сот жүйесі болмаса, онда экономикамыз көтеріле алмайды, яғни мұндайда қоғамда әділет  болмайды, экономикада даму болмайды.

– «Адал» партиясының төрағасы сайлаудың алдын ала қорытындысы шыққан соң Nur Otanды жеңісімен құттықтады. Мұны қалай түсінуге болады?

– Оны бір ғана сөзбен айтуға болады. Таза жағымпаздық.

– Жанболат Мамай кешке дейін наразылық білдіріп, көшеде тұрамыз деді…

– Ол жас, энергиясы мол жігіт. Оның әрекетін түсінемін, ондай адамдар бізде болуы тиіс. Жас кезімде мен де сондай болғанмын. Жалпы, адам тағдыры қандай болса, ұлт тағдыры да сондай болады. Егер адам жұмыс істегісі келмесе, спортпен шұғылданбаса, елінің жайына бас ауыртпаса, өмірі де солай сүрең болып  өте шығады. Ұлт та солай. Белсенділік танытпаса, ел жайына бас ауыртпаса, қажет кезде ұйысып, ұйымдаса алмаса, ұлттың тағдыры да сүрең сипатқа ие.

Мені шақырса, министр болар едім

–  Үкімет ауысса, одан қандай үміт күтесіз?

– Үкімет ауысады. Мамин кете ме әлде қала ма, ол жағын нақты айта алмаймын. Бірақ Үкіметке жаңа адамдар керек. Мысалы, ол араға мені шақырса, мен барар едім. Өйткені оған менің бойымдағы күшім, басымдағы білімім де жетеді деп ойлаймын…