Президент мақаласы отаншылдық рухта жазылған

Dalanews 07 қаң. 2021 07:19 267

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды. Отаншылдық рух пен салмақты да саралы сөзге толы бұл мақала бар қазаққа ортақ орамды ойдың оймақтай түйіні болды десек те болады. Сондай-ақ, негізгі ойды «Бағдар мен белес», «Таным мен тағлым», «Қоғам мен құндылық» және «Ұлағат пен ұстаным» атты төрт ауқымды бөлімге бөліп, Тәуелсіздіктің әр қазақстандық үшін түп маңызы мен мәртебесін айғақтап берді.

Асыл текті бабаларымыз «Бақ бағалағанның басында тұрады» дегенді бекер айтпаса керек. Тарихы тереңге тамыр тартқан Тәуелсіз еліміз отыз жылда ордалы мекенге айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 7 жыл бұрын ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығына орай өткен жиында «Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты Елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық!» деген болатын.

Шынымен-ақ, осы сөздер тамырында қазақ қаны ойнаған әрбір алаш баласының рухын асқақтатқаны рас. Ал, Елбасы – Қазақстан халқының тұрақтылығы мен бірлігінің кепіліне айналды. Бұл тұрғыда аталмыш мақалада «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік» делінген.

Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті еліміздің басына қонған бағы, тұғырға орнаған тағы деуге болады. Кешегі күндерге көз жүгіртер болсақ, Қазақстан талай белестерді бағындырды. Мемлекет басшысы еліміздің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері мен белестерін саралап айта келіп, кемел келешектің алдағы жылдарына нық жоспар қойып, бағыттарды айқындады: «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет».

Сарабдал ойлар қозғалған саналы мақалада рухани құндылықтарды ұлықтау және төл тарих мәселесі де қозғалды. «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы».

Сонымен қатар, жалын иелері жастар да назардан тыс қалмады. Қойнауы ен байлықтың бесігіндей, құт дарып, бақ қонған еліміздің ертеңі – жасампаз жастардың қолында деп жиі айтамыз.

Әлемдік тәжірибеде жастар барлық өзгерістер мен жаңашылдықтар­дың қозғаушысы екендігі әлдеқашан мойындалған. Жастардың көзқарасы, әр жалындаған жүрек пен жігерлі санадан туындаған жаңа идеясы болашақтың басты инвестициясы болып табылады. Еліміз үшін жастар қауымы әр кезде стратегиялық әрі кадрлық ресурс санатынан тысқары болған емес. Бұл сөзімді мемлекет басшысының төмендегі сөздері айғақтай түсері сөзсіз. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз.

Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті әрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын». Ел тарапынан осындай қолдауды сезінген жастар да еңбек пен өрлеу жолында аянып қалмасы анық.

Барша өңірдегі жастар атынан, біз де өз кезегімізде  дара жолда жалтармайтынымызды айтқым келеді. Ертеңгі күнге қарышты қадам басып, мәртебелі де тұғырлы Тәуелсіздігіміздің нығая түсуі жолында қызмет атқаруға дайын екенімізді білдіргім келеді. Мемлекет басшысы айтқандай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген ең қастерлі ұран әр қазақстандық жастың санасында салтанат құрады.

Елдар САПАРОВ, Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x