"Бұл – фейк...". Ақсақалов шындық іздеген жастарды арқадан қағып шығарып салды

Dalanews 27 желт. 2020 20:07 291

Ресейдің тәбеті қайтар емес. Онысын Жириновский, Никонов, Федоров, Лимонов секілді жымысқы саясаткерлерінің аузымен айтқызып отыр.

Ертеректе «Қазақтың солтүстік өңірі орыстың үлпершегі» деп шоқ тастап кеткен Солженицынның  сандырағын қайта тірілтіп, «қазақ деген халық болмаған», «Қазақстанның солтүстік аумағын Ресей сыйлаған» деген сияқты сасық пиғылдары дүмп-дүмп естіліп тұр. Күн сайын. Мемлекеттік Дума деңгейінде!

Бұл әңгіме дәл Мәжіліс сайлауының қарсаңында оқыстан пайда болды дегенге сенгің келмейді. Біздіңше, мұның көзге көрінбейтін екі үлкен себебі бар.

 Біріншісі


Қызу жүргізіліп жатқан сайлауалды процестерден халықтың назарын уақытша басқа жаққа бұру. Мысалы, білім және ғылым министрінің қатаң талабына қарамастан, мектеп директорлары мен мұғалімдері қазіргі уақытта сайлау жұмыстарына жегілуде.

Сабақ берудің арасында сайлаушылар тізіміне түгендеу (сверка) жасауда. Мекенжайларын, телефондарын анықтауда. Үйлерді, көшелерді аралап, листовкалар ілуде. Басқа да бюджеттік қызметкерлер де (әкімшілік мамандары, дәрігерлер) көптеп жұмылдырылуда. Бұл өте ауқымды жұмыс. Соның өтеуі үшін жуырда сайлау комиссиясына тартылғандардың барлығына қомақты сыйақы үлестірілді. Міне, осындай жабық істерден жұрт көңілін аударып әкету, әсіресе мұғалімдерді қоғам сынынан арашалап алу маңызды боп тұрғаны рас.

Екіншісі


Қазақстан билігінен үміткер әлдекімдер Ресейдің жалдамалы пиарщиктері арқылы еліміздегі тұрақтылықты бұзғысы келетіні аңғарылады. Түпкі мақсаты – Тоқаев билігін шайқалту. Елде дүрбелең туғызу арқылы жоғары билікке ие болу. Алда-жалда қазақтардың бас көтеруі бола қалған жағдайда, «отандастарды қорғау» мақсатында Ресейдің әскерін кіргізуге сылтау дайындау.

Мұның аяғы тыныш жатқан қазақ жастарының намысына шоқ түсірді. «Тыныш тұрған бүркітті, құйрыққа түртіп үркітті» деген осы! Атқамінерлеріміз бен саясаткерлеріміз мәскеулік арандатушыларға жайдақ сөзбен мәймөңкелеп, сыпайы жауап беріп жатқан кезде, жастарымыз эскимос болғысы келмейтінін іспен танытты.

Алматыдағы «Намыс» жастар қозғалысының өкілі Азамат Жолдыбаев бастаған топ Петропавл қаласына арнайы барып, ежелгі «Қызылжар» атауын қайтаруды және мемлекеттік тіл – қазақ тілінің үстемдігін арттыруды талап еткен петициясын тапсырыпты.


Бәрекелді! Басқаға емес, СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың қарамағындағы Ішкі саясат басқармасы өкілінің өз қолына! Интернет желісінен көзімізбен көрдік, құлағымызбен тыңдадық.



Бұл арада айтары жоқ, жастардың батыл талабы өте орынды әрі қисынды. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Келешекте, шын мәнінде, ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс қазақ тілін жылдам дамытуымыз қажет» дегеніне сеніп, өз ойларын ашық білдіріп отыр. Сонымен бірге орыс отаршылдары жазып кеткен жұлым-жұлым тарихымызды қалпына келтірудің уақыты келгенін де түсініп тұр. Өйткені бұрынғы қателіктерімізді бүгін шұғыл түземесек, өршіп тұрған қып-қызыл дауға нүкте қойылуы екіталай. Жастар ғана емес, Қазақ елінің мүддесін алыстағы түрік, шешен, ингуш бауырларымыз батыл қорғап жатқан кезде, өзіміздің жергілікті шенеуніктердің осы мәселеден бастарын ала қашқаны жарамады.

Петропавл қалалық әкімдігі «Қала атауын өзгертуге қатысты арыз-шағым түскен жоқ. Қызылжар атауы жазылған суреттер өтірік. Фотошоп. Шындыққа сәйкес емес» деген шұғыл ақпарат таратыпты. Онысы жартылай рас. «Қызылжар» атауы жастар түсірген бейнекөріністе айқын көрініп тұр. Ал петиция қалалық әкімдікке түспегеніне сенуге болады.

Құжат облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың аппаратына тікелей тапсырылды! Ендеше, осының бәріне облыс әкімі жауап беруге тиіс!


Биліктен қолдау іздеген жастардың демократия мен әділеттіліктің барына деген сенімін күл-талқан еткен жауапты қызметкерлер де жауапсыз қалмайтынына сенеміз. Олар ең болмаса, жас белсенділерге қала атын ауыстыруды облыс шешпейтінін түсіндіруі керек еді.

Шындық іздеген жастарды арқадан қағып шығарып салу, «ештеңе көрмедік, білмедік» деу – бұл енді, со-онау кеңестік жүйеден қалған комсомолдық әдіс.



86-ның Желтоқсанында да билік осындай қитұрқы әдіс қолданған. Алаңға бейбіт ниетпен жиналған студент жастарды тыңдағысы келмеген. «Қазақстанды қазақ басшысы неге басқармайды» деген бір ғана жалқы сауалға дұрыс жауап бермеудің салдары неге ұласқаны белгілі.

Мұны сол кездері Қостанай облысындағы аудандық комсомол ұйымын басқарған Құмар Ақсақалов ұмытуға тиіс емес еді! Жалпы, біз өткеннен қорытынды шығара алмайтын халық екенбіз. Аппақ қарға қызыл қанмен жазылған тарихтың ащы сабақтары есімізден тез ұмытылғаны өкінішті!

Халқымызда «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген мәтел бар. Аталарымыз босқа айтпаған болар. Жоқ жерден жау іздемейік десек те, көрші мемлекеттің билік басындағылар бізге достық ниет танытып тұрмағанын ішіміз сезіп отыр. Біз көрінген көк аттыға «сенімен доспыз» деп, қол шапалақтап, қосыла жүгіретін жас балалар сияқтымыз. Үй таңдап, күй таңдап шіренген қонақтарды қолтықтап аттан түсіріп, аузына барымызды тосамыз. Олар болса асымызды ішіп, аяғымызды теуіп, «Мә, саған достық!» деп, басымыздан қамшымен бір тартып, сақ-сақ күліп кетеді.

Бізден кейінгі жастар бұдан әрі мұндайға көнуге болмайтынын ұғынды. Олар «Таспен атқанды таспен ату керек» екенін жасқанбай айтуда. Омбы, Орынбор, Түмен, Астрахань, Сарытау сияқты шүйгінді жерлеріміз бөгденің қолында қалғанын түгендеп, Қызылжар атауының қалпына келтірілуін талап етуі де соның жалғасы.

Аға буынның ағаттығы...


Ал биліктің тізгінін ұстап отырған біздің аға буын өкілдері болса  етектен тартып, жастарды жан-жақтан қаумалап аузын аштырмауда.

Қазақстанға қарап ұлыған ашкөз бөрілердің ниеті жаман екенін білсе де, білмегендей кейіп танытуда. «Өзі су ішкен құдығына түкірген» ЛДПР серкесі Владимир Жириновскийден бастап, қазақтың жерінде дүниеге келгендер аз емес.

Қазақтың суын ішіп, нанын жеген. Оқыған, тоқыған. Бірақ Ресей Президентінің Баспасөз қызметі басқармасының жетекшісі Наталья Тимакова (Алматы), «НТВ» каналының тележүргізушісі Лера Кудрявцева (Өскемен), «Ментовские войны» сериалына түскен танымал актер Александр Устюгов (Екібастұз), «На-На» тобының продюсері Бари Алибасов (Шар қаласы), киноактер Павел Прилучный (Шымкент) сияқтылар қазақ жерін талап жатқан «шибөрілерге» бір ауыз ескерту айтуға жарамады.

Өйткені оларда «Қазақстан – менің туған жерім, менің Отаным» деген патриоттық сезім жоқ.

Осы жағдайларға байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейге нота жолдаумен шектелді. Алайда шулы мәселе ашық күйінде қалып отыр. Олай болса, Тәуелсіздігімізді қорғауды бүгінде нақты шаралардан бастауымыз қажет.

Ұзақ жыл ұлт мәселесін зерттеп келе жатқан саясаттанушы журналист ретінде айтайын.

Орыстілді мамандарды даярлап шығару – мемлекетіміздегі тұтас халықты (қазақтілді, орыстілді деп) екіге бөлетін қауіпті фактор екенін мойындаған жөн.


Петропавл әкімдігіндегі орыстілді мемлекеттік қызметкерлердің ұлттық мәселені жүрекпен қабылдай алмауының сыры да осында.

Бүгінгі күні біздің мемлекетімізге керегі адами капитал ма, жоқ ұлттық капитал ма? Меніңше, соңғысы!

Ендеше, Ресей парламентінің білім және ғылым комитетінің жетекшісі  Вячеслав  Никоновтың сөзіне жауап ретінде еліміздегі орыс тілінде білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарын бюджеттен қаржыландыруды тоқтатуды ұсынамын. Бұл оларды жабу деген сөз емес. Еліміздегі неміс, француз, кәріс тілдеріндегі, басқа да оқу орындары сияқты өзін-өзі қаржыландырып, білім беруді жалғастыра берсін. Тек Ресей үшін Қазақ мемлекетінің есебінен кадр дайындауды шұғыл доғаруымыз қажет!

Мәселен, еліміздегі 19 ЖОО-да орыстілді журналист кадрлары оқытылады екен. Бұл деген қыруар қаржыны желге шашумен бірдей! Олардың көбі Ресей Президентінің сөзін жеткізуші Наталья Тимакова сияқты болашақта өзімізге қарсы жұмыс істейтінін жоққа шығаруға болмайды. Сол себептен бар күшті (материалдық ресурстарды) қазақтілді ұлттық мамандар дайындауға жұмсағанымыз жөн. Менің бұл пікірімнен «ұлтшылдық» іздемей, ақиқатқа тура қарай білейік. Ресей мемлекетінде 153 университет пен институт журналистика мамандығын оқытатынын ескерсек, орыс тілді әріптестерімізге алаңдауға негіз жоқ. Олардың бірде-бірінде қазақ тілінде маман даярланбайды.

Сөз ретіне орай айта кетейік, 2 миллиондай қазақ ұлты тұратын сол Ресейде ырымға қазақ мектебі жоқ. Біз болсақ, кеңес кезінен келе жатқан ұлттар достығын мансұқтайтын қызыл ұранға елітіп, барлық этностар үшін жексенбілік мектептерді ашып тастадық. Бюджеттен қыруар қаржы бөліп. Ресми деректерді қарап отырсам, «жүз неше ұлттан құралған» ұлан-ғайыр мемлекетімізде екі эскимос қана тұрады екен. Кәдімгідей санатқа қосылған. Күлесіз бе, жылайсыз ба? Өзіңіз біліңіз.

Қазақстан аумағында ертеде Алтын Орда, Қазақ хандығы сияқты ұлттық мемлекеттердің болғанын ормандай орыс білмей отырғанда, әлгі екі эскимос білер дейсіз бе? Әрине, білмейді. Бірақ «Большая игра» бағдарламасында айтылған «Қазақстан аумағы – Ресейдің берген үлкен сыйы» екен ғой деп сеніп қалып, ертең екеуі ақырып теңдік сұраса, төрден орын ұсынарымыз анық.

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,


журналист-жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x