Түпқараған ауданында Nur Otan белсенділері колледж ұжымымен кездесті

Dalanews 14 желт. 2020 09:47 203

Түпқараған гуманитарлық-техникалық колледжі ұжымы мен кәмелет жасқа толған студенттері ауданның сайлауалды штаб мүшелерімен кездесуге қатысты. Аудандық штабтың басшысы Светлана Жолдасова "Nur Otan" партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 5 жылдық бағдарламасын таныстырып, жастарды саяси белсенді болуға шақырды.

Басқосуда Светлана Жолдасова Елбасының: «Әр адамның бойына жұмыс істей білу, оқып-үйрене білу, өмір сүре білу, қазіргі әлемде өмір сүре білу қасиетін сіңіру керек» деген сөзін жеткізді.

Бүгінгі таңда жаңашыл ойлайтын, жігерлі, жалынды жастар қатары көбейіп келеді. Бұл жастар мемлекеттің болашағына үмітпен қарап, еліміздің дамуына, 30 елдің қатарына қосылуға білім мен іскерлігін көрсетуге аянбайды.

Әр өңірде жастар мәслихатына қабылданып, тіпті облыстың басқармаларын тізгіндеп жатқан жастар қатары да артуда. Оған басты себепкер болған Елбасымыздың жастар саясаты бағытындағы бағдарламалары.


Екінші бір мүмкіндік жастар ұйымдарының жұмыстары. Алдымен бұл қатарға Елбасымыз төраға болып табылатын «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатын айтуға болады.

Мұғалімдер мен студенттер спикерлердің баяндамаларын тыңдаған соң өздерін мазалайтын, алаңдататын сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.  Жеке балабақшаға баланы қабылдау жасы мен көрсетілетін көмек жөнінде жолданған сауалға Балғаным Джулдибаева:

– Балалар 1,5 жастан бастап қабылданады. 50%-дық жеңілдігіміз бар. Балаларды автобуспен тасу жұмысы да қолға алынған. Алдағы уақытта халықтың жағдайын жақсартуға үлесімді молынан қосқым келеді, – деп жауап берді. Тағы бір сұрақ медицина саласы бойынша қойылды. Аудандық мәслихат депутатына үміткер Нұрбол Мендалиев бұл сұраққа:

– Қазіргі таңда жас мамандарға қолдау көп. Елімізде медицина саласы бойынша кадр тапшылығын шешу мақсатында кадрларды шақырту, үймен қамтамасыз ету, медицина саласына оқуға түсуші жастарға мемлекеттік грант бөлу, соңғы үлгідегі техникалармен қамтамасыз ету секілді жұмыстар жасалуда. Пандемияға байланысты медицина саласына басты назар аударылуда, – деп көкейде жүрген ойын ортаға салды. Бұдан бөлек мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру, жаз мезгілінде кестемен берілетін ауыз су мәселесі көтерілді.


Аудандық мәслихат депутатына үміткер Еркебұлан Жеткізгенов қатысушыларға алдағы уақытта ұсыныс-пікірлер, талап-тілектер болса кездесуден кейінгі уақыттарда, қоғамдық қабылдау уақытында хабарласып айтуға болатынын айта келе, халықты алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырды.

(Материал ақысы «Nur Otan» партиясының Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Сайлау қорының қаражаты есебінен төленді)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x