Қоғам белсендісі бір миллион доллар пара беріп, әкім болу ұсынысынан бас тартқанын ашып айтты

Dalanews 14 қыр. 2020 03:03 176

Табысты кәсіпкер ретінде аты шыққан қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай Фейсбуктағы жеке парақшасына «Мен Қосановта, Әбілязовта емеспін!» деп жазба қалдырып, өзі һәм қазіргі қоғамдық-саяси жағдай жайында ойын ортаға салыпты. Сонымен қатар өзіне бір миллион доллар пара беріп әкім болуды ұсынған танысының ұсынысынан бірден бас тартқанын да жайып салыпты. Енді жазбаға назар аударайық.

Ақиқатқа тура қарап айтар болсақ, Қазақстанға тыныштық керек. Өйткені біз аз халықпыз. Бірақ жеріміз үлкен. Халықты асырайтын жердің астында да, үстінде де байлық жеткілікті. Сондықтан «саясатта, билікте өзгеріс керек, реформа керек» деп «ұрандап» жұртты төңкеріске шақырудың қажеті жоқ.

Одан ұтарымыз шамалы. Барымыздан айрылып қаламыз. Сыртқы күштер араласып, бүгінгі күнге зар болып қаларымыз хақ. Өйткені сыртқа күштер мемлекетіміздің шаңырағын шайқалту үшін қаржы төгіп, талайды сатып алуы мүмкін.


Алысқа бармай – ақ ТМД кеңістігінде болып жатқан саяси оқиғаларға көз салар болсақ, соның өзі бізге сабақ болуы тиіс. Яғни бізге қазіргі жүйені өзгерту үшін революция емес, эволюция қажет.

Бәрі орын-орнымен болғаны жөн. Онда да халық кез келгеннің артынан емес, елдің, мемлекеттің, ұлттың қамын ойлайтын жаны таза, адал тұлғаның маңайына ұйып, соның маңына топтасуы тиіс деп ойлаймын.

Өйткені халықтың аузы күйді. Былтыр Қосановқа ереміз деп бір алданды. Қазір Францияда отырып алып, елді билікке айтақтап отырған тағы біреу бар. Оғанда сенуге болмайды. Мықты болса билікте жүргенде халықтың қамын неге ойламады?

Демек, Қазақстанның саяси алаңына жаңа серкелер шығуы тиіс. Мәселен, біз экологиялық партия құру жолындамыз. Мақсат белгілі. Халықтың сөзін сөйлеу. Қамын жеу. Мемлекеттің иесі қазақ екенін өзгелерге мойындату.

Қазақтың тілін осы жерді мекендейтін барлық ұлттың ортақ тілі ету.

Біздің партияның алға қойған мақсаты осы.

Әрине, қазір бізді қолдаушылар аздау. Бірақ оған бола жұмысымызды жолдан доғара алмаймыз. Құрғақ уәде, әдемі сөз емес, нақты іс-әрекет арқылы өзімізді өзгеге танытамыз. Мойындатамыз.

Біз жасаған нақты жұмысты көрген соң – ақ халық біздің артымыздан еруі тиіс. Осыдан бірер ай бұрын бір танысым «Азеке сен миллионерсің ғой. Бір миллион (доллармен) бер, бір облысты әперейік» дейді. «Пейіліңе рахмет, мен әкім болғым келмейді.


Орынтақ үшін жұмсайтын ол миллионды мен партия құруға, одан ары халықпен жұмыс істеуге арнағаным тиімді. Мен сол жолды таңдаған адаммын» деп жауап бердім.

Егерде мен билікте болғым келсе, оған баяғыда қол жеткізер едім. Бірақ мен таңдаған жол басқа. Халықпен бірге болу. Ұлттың қамын жеу. Мемлекеттің болашағын ойлау. Тәуелсіздікті баянды ету. Міне осы. Мен алға қойған осы мақсаттарға жету үшін, партия құрып, сол арқылы қол жеткізуді жөн көрдім.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x